Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Кедендік төлемдер: жолаушылар қандай тауарларды ақысыз әкеле алады

АСТАНА. KAZINFORM – Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті «Әуежай-Астана» кеден бекеті басшысының орынбасары Бауыржан Тұрлыбаев мемлекеттік шекарадан өткен кезде жеке пайдалануға арналған тауарларды әкелу қағидаларын түсіндірді.

 кеден органы қазақстандық ұшқышсыз ұшу аппаратын ұстады — фейк
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

– Қазақстан Республикасында кедендік реттеу ЕАЭО Кеден кодексіне, ҚР «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» Кодексіне, Еуразиялық экономикалық комиссия шешімдеріне және өзге де нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес жүзеге асырылады, – деді ол елорданың Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Оның сөзінше, жеке пайдалануға арналған тауарлар дегеніміз – кәсіпкерлік қызметке, сатып пайда табуға қатысы жоқ, жеке, отбасылық және тұрмыстық қажеттіліктерге арналған заттар. Оларды кеденнен өткізуге қатысты нақты шек белгіленген. Мысалы, бір адам кеденнен 2 ұялы телефон, 2 планшет, 1 ноутбук және 5 зергерлік бұйымға дейін алып өте алады. Сонымен қатар, кеден органдары тасымалдау жиілігін де ескереді. Жолаушы бірдей жаңа тауарларды көп мөлшерде алып өтетін болса, мамандар олардың нақты қандай мақсатта әкелінгенін тексеруге құқылы.

– Егер тауарлардың саны мен сипаты олардың жеке пайдалануға емес, коммерциялық мақсатқа арналғанын көрсетсе, мұндай тауарларға басқа да кедендік талаптар қолданылуы мүмкін, – деді Бауыржан Тұрлыбаев.

Бажсыз әкелу нормалары

Жеке пайдалануға арналған тауарларды шетелдерден әуе көлігімен әкелгенде, кедендік баж және салық төлемейтін жағдайлар да нақты белгіленген. Ол үшін тауарлар құны 10 мың еуродан, ал салмағы 50 келіден жоғары болмауы шарт.

Тасымалданған заттардың бағасы мен салмағы белгіленген нормалардан асқан жағдайда, асып кеткен бөлік үшін кедендік төлемдер алынады. Егер олардың құны 10 мың еуродан жоғары болса, онда 30% мөлшерінде үстеме ақы төленеді. Ал салмағы 50 келіден асып кетсе, артық әр келі үшін 4 еуро төлем қарастырылған.

– Сонымен бірге, тауарлардың жекелеген санаттарына арнайы шектеулер мен талаптар қолданылуы мүмкін. Сондықтан сапарға шығар алдында өзіңізбен бірге алып өтуді жоспарлап отырған нақты тауарға қатысты талапты алдын-ала тексерген жөн, – деп ескертті Бауыржан Тұрлыбаев.

Тауарларды декларациялау шарттары

Жолаушылар кедендік декларацияны ЕАЭО заңнамасында көзделген жағдайларда, оның ішінде міндетті декларациялауға тізіміндегі тауарларды тасымалдағанда ұсынады. Оны қағаз жүзінде де, электронды түрде де тапсыруға болады.

Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті «Әуежай-Астана» кеден бекеті басшысының орынбасары бұл мәселені де егжей-тегжейлі түсіндірді.

Оның мәлімдеуінше, Қазақстанның халықаралық әуежайларында жолаушылар үшін «жасыл» және «қызыл» дәліз жүйесі қолданылады.

«Жасыл дәліз» міндетті декларациялауға жататын тауарлары жоқ жолаушыларға арналған. Ал «Қызыл дәліз» арқылы тауарлары бар немесе оларды ерікті түрде декларациялауды қалайтын жолаушылар өтеді. Жолаушы «жасыл дәлізді» таңдаса, ол өзінің міндетті түрде декларациялануы тиіс тауарлары жоқ екенін мәлімдеген болып есептеледі.

– Міндетті декларациялауға жататын тауарды декларацияламаған азаматтар заңнамаға сәйкес жауапқа тартылуы мүмкін. Сондықтан жолаушы тауарды декларациялау қажет пе, жоқ па, нақты білмей күмәнданса, кедендік бақылаудан өтпестен бұрын кеден органының лауазымды тұлғасына жүгініп, «қызыл дәлізді» таңдағаны дұрыс, – деді Бауыржан Тұрлыбаев.

Сонымен қатар, маман тыйымдар мен шектеулер қойылған тауарларды атап өтті. Олар – қару-жарақ пен оқ-дәрі, құрамында есірткі не психотроптық заттар бар жекелеген дәрілер, мәдени құнды ескерткіштер, жекелеген бағалы және асыл тастар, өткізу үшін рұқсат қажет болатын басқа да заттар. Бауыржан Тұрлыбаев азаматтарға тасымалдайтын тауары осындай жекелеген санатқа жататынын не жатпайтынын, сондай-ақ, оларға тыйым не шектеулердің бар-жоқтығын алдын-ала тексеріп алуға кеңес берді.

Қорыта айтқанда, шетелдерден ұшақпен тауар әкелетін азаматтар мынадай кеңестерді қаперінде ұстағаны жөн:

· Шекарадан өтпес бұрын тасымалданатын тауарлардың құны мен салмағын алдын ала тексеру, бірдей тауарлардың санына назар аудару, сондай-ақ тауарға қатысты тыйымдар немесе шектеулердің бар-жоғын анықтау;

· Қажет болған жағдайда тиісті рұқсат құжаттарын алдын ала дайындау;

· Тауардың міндетті декларациялауға жататынын анықтау (егер күмән туындаса, бақылаудан өтпес бұрын кеден органының қызметкеріне жүгінген дұрыс).

– Кедендік қағидаларды сақтау жолаушыларға кідірістерден, қосымша шығындардан және жауапқа тартылудан аулақ болуға мүмкіндік береді. Кеден органдарының міндеті – тек бақылауды жүзеге асыру ғана емес, сонымен қатар заңнаманың сақталуын қамтамасыз ету және мемлекеттің экономикалық мүдделерін қорғау, – деп түйіндеді Бауыржан Тұрлыбаев.

Айта кетейік, бұған дейін ЕАЭО-ның кедендік рәсімдерін цифрландыру бизнеске қалай әсер етіп жатқанын жазғанбыз.

Сонымен қатар, Мемлекеттік кірістер комитеті қандай маркетплейстерге жаңа кедендік талап қойылмайтынын айтты.