Кедергісіз өткізіп беремін: Қазақ-өзбек шекарасында делдалдар шетелдіктерді мазалаған

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Әлеуметтік желілерде Түркістан облысына қарасты қазақ-өзбек шекарасында болған тәртіпсіздік туралы бейнежазба тарады.

Қордай шекара бекеті
Фото: Видеодан алынған скрин

Бейнежазбада орта жастағы азамат жеңіл көлікпен кезекте тұрған шетелдік азаматқа кеден бекетінен кезексіз тікелей өткізіп бере алатынын айтқан. Алайда көлік жүргізушісі оның ұсынысына келіспеген, осыдан соң екеуінің арасында келіспеушілік болған.

Аталған оқиғаға орай Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті Кедендік әкімшілендіру басқармасының басшысы Серік Маликов пікір білдірді.

- Бұл кеден бекетінің сыртында болған жағдай. Анықталғаны, тәртіпсіздік тудырған азамат полиция учаскесіне жеткізілді, - деді ол.

Тәртіп бұзған азамат бейнежазбада сөйлеген сөзінде көпшіліктен кешірім сұрап, өкінетінін айтты.

- 2025 жылы 11 қараша күні болған жағдайға байланысты қатты өкінішімді білдіремін. Өзбекстан мен Қазақстан азаматтарынан кешірім сұраймын. Мұндай жағдай келесі рет қайталанбайды, - деді ол.

Бұдан бұрын қазақ-өзбек шекарасында жүк көліктері тәуліктеп тұруға мәжбүр екенін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар