«Кеген – Нарынқол» автожолының 20-шақырымында қозғалыс ашылды
АСТАНА. KAZINFORM – «ҚазАвтоЖол» мекемесі «Кеген – Нарынқол» автожолының 20-шақырымында қозғалыс ашылғанын мәлімдеді.
Кәсіпорын таратқан мәліметтерге қарағанда, 2026 жылғы 3 сәуірде күннің күрт жылынуы мен таудағы еріген қар сулары көлемінің артуына байланысты республикалық маңызы бар «Кеген – Нарынқол» автомобиль жолының 20-шақырымындағы су өткізгіш құбыр зақымданып, жол төсемін су шайып кеткен болатын.
Оқиға болған сәттен бастап, «Кеген – Нарынқол» автожолының 0-74 шақырым аралығындағы орташа жөндеу жұмыстары аясында, қалпына келтіру шаралары ұйымдастырылып, арнайы техникалар мен мамандар жұмылдырылды.
Құрылыс жұмыстарымен бірге жобалау жұмыстары да қатар жүргізілді. Жұмыс барысында бұрынғы диаметрі 1,5 метрлік су өткізгіш құбырдың орнына су өткізу қабілеті жоғары 2x2 метрлік тюбинг орнатылды.
-Сондай-ақ, жер төсемі қалпына келтіріліп, жол жамылғысы қайта төселді және еңіс бөліктерді нығайту жұмыстары жүргізілді. Қазіргі уақытта көлік қозғалысы негізгі жолмен қалыпты режимде жүзеге асырылып жатыр. Орташа жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр, -делінген хабарламада.
Осыған дейін Шымкент айналма жолындағы бетон жабындысынан ақау анықталғаны туралы жаздық.