KEGOC 2035 жылға дейін 7 мың шақырым жаңа электр желісін салуды жоспарлап отыр
АСТАНА. KAZINFORM – Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевтің төрағалығымен өткен кеңесте KEGOC компаниясының қызметі мен Ұлттық электр желісін дамыту жоспарлары талқыланды.
Жиында Мемлекет басшысының Ұлттық электр желісін дамыту, ірі инвестициялық жобаларды іске асыру, алдағы күзгі-қысқы маусымға дайындық және энергия жүйесін басқаруға цифрлық шешімдерді енгізу жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысы қаралды.
Компания мәліметінше, 2025 жылы жөндеу науқаны жоспардан 18 пайызға артық орындалған.
– Инвестициялық бағдарлама аясында нақты 99,5 млрд теңге игерілді. Ал 2026 жылы инвестиция көлемі 181,9 млрд теңге деңгейінде жоспарланып отыр, – делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта KEGOC «Қазақстанның бірыңғай энергетикалық жүйесінің Оңтүстік аймағының электр желісін күшейту» және «Батыс Қазақстанның энергетикалық жүйесін Қазақстанның бірыңғай энергетикалық жүйесімен біріктіру» жобаларын жүзеге асырып жатыр.
Президент тапсырмасына сәйкес аталған жобаларды іске асыру мерзімі қысқартылған.
– Жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде, – деп атап өтті компания өкілдері.
Кеңесте Ұлттық электр желісін 2035 жылға дейін дамытуға арналған перспективалық жобаларға ерекше назар аударылды.
Олардың аясында елімізде шамамен 7 мың шақырым жаңа электр беру желісін салу көзделіп отыр.
Сонымен қатар KEGOC энергия жүйесінің жұмыс режимдерін және жаңартылатын энергия көздері өндірісін онлайн бақылау, болжау, деректерді талдау мен өндірістік процестерді автоматтандыру бағытында цифрлық жобаларды іске асыруда.
– Енгізілген цифрлық және интеллектуалдық шешімдердің жиынтық экономикалық әсері 16,6 млрд теңгеден асты, – делінген жиын барысында.
Кеңес қорытындысы бойынша Нұрлыбек Нәлібаев алдағы күзгі-қысқы кезеңге сапалы дайындықты қамтамасыз етуді, негізгі энергетикалық жобалардың орындалу мерзімдері мен сапасына бақылауды күшейтуді тапсырды.
Айта кетейік, KEGOC оңтүстік және батыс өңірлерде электр желісін күшейту жобаларына түсінік берді.