«KEGOC» АҚ ағымдағы жылы жалпы сомасы 64 миллиардтан астам теңгеге сатып алуларды жүзеге асырады
АСТАНА. Сәуірдің 12-сі. ҚазАқпарат - «KEGOC» Электр желілерін басқару жөніндегі Қазақстан компаниясы» АҚ ағымдағы жылы жалпы сомасы 64 миллиардтан астам теңгеге сатып алуларды жүзеге асырады.
Бұл туралы аталған компанияның баспасөз қызметінен хабарлады.
Компанияның таратқан мәліметіне сәйкес, аталған соманың ішінде отандық тауар өндірушілерден сатып алынатын тауарлар, жұмыстар мен қызметтер көлемі, яғни жоспарланып отырған қазақстандық қамту 41 млрд. теңгені немесе 64 пайызды құрамақ. Оның ішінде: тауарлар 11,2 млрд. теңге, жұмыстар 26,6 млрд. теңге және қызметтер 3,56 млрд. теңге сомасында жоспарланған.
2010 жылғы 1-ші тоқсанның қорытындысы бойынша «KEGOC» АҚ 27,5 млрд. теңге сомасына сатып алулар жүргізген. Оның ішінде қазақстандық қамту 58 пайызды (16 млрд.) құраған. Сонымен қатар отандық жеткізушілермен өзара ынтымақтастық туралы 7 меморандумға қол қойылған. Олардың жалпы сомасы 236 млн. теңгеден асады.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазіргі уақытта компания электр энергетикасы саласының қажеттіліктерін өтеуге бағытталған жаңа өндірістік қуат көздерін ашу бойынша серіктестер іздестіру жұмыстарын жүргізуде.
«Оңтүстік корейлік Hyundai компаниясының, қытайлық ТВЕА компаниясының өкілдерімен Қазақстан аумағында энергия беруші жабдықтарды құрастыру өндірісін ашу туралы, украиндық «Запорож трансформатор зауыты» ААҚ компаниясының өкілдерімен энергетика жабдықтарына сервистік қызмет көрсету орталығын ашу туралы кездесулер өтті. Мұндай өндіріс орындарының ашылуы Кедендік одақтың бәсекелестік басымдықтарын ескере отырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға және әлемдік стандарттарға сәйкес келетін өнімдер шығаруды жолға қоюға мүмкіндік береді», делінген баспасөз баянында.