«KEGOC» АҚ берешек сома қайтарылмаған жағдайда қыркүйектің 17-інен «Шығысэнерготрейд» ЖШС-на электр энергиясын жеткізу қызметіне 50 пайыздық шектеу қоятындығын хабарлады

«Шығысэнерготрейд» ЖШС-ның «KEGOC» компаниясына берешегі 2010 жылғы қаңтардың 10-ындағы жағдай бойынша 182,0 миллион теңгені құрайды. Бұл ақпаратты аталған компанияның баспасөз қызметінен хабарлады.
«Жүйелік оператор Шығыс Қазақстан облысының энергиямен жабдықтау ұйымдарының назарын жүктеме барынша ұлғаятын күзгі-қысқы мерзімге дайындық кезінде өңіраралық деңгейдегі желілер бойынша электр қуатын жеткізу және электр энергиясын өндіру-тұтынуды теңгерімдеу қызметтері үшін берешек сомасының артуына жол бермеу қажеттігіне аударады», делінген баспасөз хабарламасында.
Жасалған келісімшарт талаптарына сәйкес, берешек сома қайтарылмаған жағдайда «KEGOC» АҚ қыркүйектің 17-інде сағат 12:00-ден «Шығысэнерготрейд» ЖШС-на электр энергиясын жеткізу қызметіне 50 пайыздық (60 МВт-қа дейін) шектеу қою құқығы бар екендігін хабарлайды. Көрсетілген уақыттан бастап «Шығысэнерготрейд» ЖШС өз бетінше электр энергиясын жеткізу және тұтыну мөлшерін берілген көлемге дейін қысқарту шараларын қолдануы тиіс. Тұтынушыларды өз уақытында хабардар ету және шектеу енгізілген уақытта болуы мүмкін зардаптар «Шығысэнерготрейд» ЖШС-на жүктеледі. Ағымдағы бұл жағдай туралы ШҚО мен Семей қалалық әкімшіліктері, өңірлік электр желісі компаниясы және жергілікті энергия өндіруші компаниялар хабардар етілді.