Келер жылдан бастап елімізде кассациялық сот құрылады - судья Бүркіт Байдуллаев
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылдың қыркүйек айында отандық бизнес өкілдерімен кездесу барысында азаматтардың құқықтарын сапалы қорғауды қамтамасыз ету үшін жекелеген кассациялық соттар құрудың маңыздылығы туралы атап өткен болатын. Президент тапсырмасына орай келер жылдан бастап елімізде кассациялық соттар жұмыс істейтін болады. Түркістан облыстық сотының судьясы Бүркіт Байдуллаевтан сот жүйесіне енгізіліп отырған жаңа бастаманы кең көлемде түсіндіріп беруін өтіндік.
- Бүркіт Жұмабайұлы, кассациялық соттарды құру мәселесі елімізде біршама уақыт бойы талқыланып келді. Енді осы жаңашылдықты көпшілікке өзіңіз кеңінен түсіндіріп берсеңіз.
- Ия, сұрағыңыз орынды. Бұл мәселе расымен де қазір сот саласының ортасында ғана емес, қоғамда да көп талқыланып жатыр. Қазақстанда құрылып жатқан кассациялық соттар – бұл елдің сот жүйесін жаңғыртуға бағытталған жаңа сот инстанциясы болмақ. Осы арқылы сот жүйесінде әділеттілікті қамтамасыз ету, қателіктер мен заң бұзушылықтардың алдын алу және апелляциялық сот шешімдерін қайта қарау мүмкіндігі ұсынылады, яғни, кассациялық соттарды құру мәселесі өзіңіз айтқандай, халықтың сотқа, мемлекетке деген сенімін одан әрі нығайта түсуге бағытталған шара. Жалпы, сот жүйесіндегі барлық жаңашылдықтар ел азаматтарының құқықтары мен бостандықтарын қорғау тиімділігін арттыруға ықпал ететін оң өзгерістер деуге болады. Одан бөлек, кассациялық соттардың құрылуы Қазақстанның құқықтық жүйесін халықаралық стандарттарға да едәуір жақындата түседі.
- Кассациялық соттар өз жұмысын қашан бастайды?
- Статистикалық мәліметтерге сәйкес, облыстық соттарда қылмыстық және азаматтық істер бойынша шығарылған сот актілерінің бес пайызы ғана Жоғарғы Соттың қарауына беріледі. Қылмыстық теріс қылықтар және онша ауыр емес қылмыстар туралы істер; сот талқылауы барысында шығарылған, сондай-ақ процеске қатысушылардың дәлелдемелерін, өтінішхаттарын зерттеу тәртібі мен тәсіліне, сот отырысының залында тәртіп сақтауға қатысты, мемлекеттік және жекеше айыптаушының айыптаудан бас тартуына байланысты, үкімді орындауға байланысты және тергеу судьясы шығарған сот актілері кассациялық тәртіпте қарауға жатпайтын. Әрине мұндай шектеулер азаматтардың конституциялық құқықтарын қолдануға өз кедергісін келтірді. Себебі, әркім өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалуына құқығы бар деп Ата Заңымызда анық жазылған.
Жоғарыда көрсетілген өзгерістер негізінде дербес сот сатысын құру арқылы осы мәселелер түпкілікті шешіледі.
2023 жылғы 12 қыркүйекте еліміздің бизнес-қауымдастығының өкілдерімен кездесуде Президентіміз дербес кассациялық инстанция құрудың маңыздылығын атап өткен болатын. Нәтижесінде біраз жұмыстар атқарылып, биыл 5 шілдеде «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңына сәйкес, «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңға толықтырулар мен өзгерістер енгізілген болатын. Осы өзгеріске сәйкес келер жылдың, яғни 2025 жылдың 1 шілдесінен бастап елімізде Кассациялық соттар құрылатын болады.
- Қазақстанда кассациялық соттарды құрудың негізгі мақсаты мен кассациялық соттарды ерекшеліктеріне де тоқтала кетсеңіз...
- Қазақстанда кассациялық соттарды құрудың негізгі мақсаттары мыналар:
Сот әділдігін қамтамасыз ету. Кассациялық соттар сот шешімдеріне қосымша тексеру жүргізу арқылы заңдылық пен әділдікті қамтамасыз етеді. Бұл инстанция қателіктерді анықтап, әділетсіз шешімдерді түзетуге мүмкіндік береді.
Жоғарғы соттың жүктемесін азайту. Бұрын кассациялық шағымдар тікелей Жоғарғы сотқа жолданатын болса, жаңа кассациялық соттар бұл міндетті өз мойнына алып, Жоғарғы сотқа тек ең күрделі және маңызды істерді қарауға мүмкіндік береді.
Сот шешімдерінің сапасын арттыру. Кассациялық соттардың енгізілуі сот шешімдерінің сапасын жақсартуға, заңдардың біркелкі және дұрыс қолданылуына ықпал етеді.
Ал, ерекшеліктеріне келетін болсақ - сот жүйесінің жұмысында
цифрландыру және қазіргі инновациялық бағыттарды кеңінен пайдалану. Өйткені, кассациялық соттардың жұмысында заманауи технологиялар мен цифрлық шешімдер кеңінен қолданылады, бұл құжаттарды электронды түрде қабылдау мен қарау процесін жеңілдетіп, істі қарау уақытын қысқартады.
Кассациялық соттар Астана қаласында қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша жұмыс жасамақ. Олардың істерді қарау мерзімі алты айдан аспайды. Сот талқылауы тараптардың шақырылуымен ауызша жүргізіледі.
Кассациялық соттардың құрылуымен Жоғарғы Соттың рөлі де өзгереді, ол сот тәжірибесінің бірізділігін қамтамасыз етуге бағытталады. Жоғарғы Сотта сот актілерін қайта қарау Жоғарғы Сот судьясының ұсынысы бойынша ерекше жағдайларда ғана, яғни егер оларды сот тәжірибесіне қайшы жергілікті немесе кассациялық соттар қабылдаған болса, мүмкін болады.
- Кассациялық шағымда не көрсету қажет?
- Кассациялық шағымда көрсетілетін мәселелерге тоқталып өтейін,
- өтiнiшхат жіберіліп отырған соттың немесе лауазымды адамның атауы;
- өтiнiшхат беретін адамның және мүддесі үшін өтінішхат беріліп отырған адамның аты-жөні, оның тұрғылықты жерi немесе орналасқан жерi және iстегi процестік жағдай;
- iске қатысатын адамдардың тұрғылықты жерлері немесе орналасқан жерлерi көрсетіліп, оларды санамалау;
- iстi бiрiншi апелляциялық сатыларда қараған соттарға нұсқау және олар қабылдаған шешiмдердiң мазмұны;
- қайта қарауға, наразылық келтіруге жататын сот актісіне нұсқау;
- материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуы неде екендігіне және өтінішхатты берген адамның өтініші неден тұратындығына нұсқау;
- өтінішхат АІЖК-тің 438-бабының алтыншы бөлігінде көзделген негіздер бойынша берілген жағдайда, өтінішхатта сот актілерін қайта қарау үшін негіздердің айрықшалығы неде екені көрсетілуге тиiс.
Егер өтiнiшхат iске қатыспаған адамның мүддесі үшін берілсе, онда дау айтылып отырған сот актісінде сол адамның қандай құқықтарының бұзылғаны көрсетiлуге тиiс.
Егер өтiнiшхат бұрын кассациялық сатыдағы сотқа берiлсе және қайтарылса, өтінішхатта оны қайтару себептері туралы көрсетiлуге тиiс.Өтiнiшхатты берген адам оған қол қоюға тиiс. Өтінішхатты электрондық құжат нысанында берген кезде, ол оны берген адамның электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылады. Электрондық құжат нысанында берілетін өтінішхатқа осы бапта көрсетілген құжаттардың көшірмелері электрондық нысанда қоса беріледі.
Сот актісіне дау айту туралы өтінішхатқа Салық кодексінде белгіленген мөлшерде мемлекеттік баждың төленгенін растайтын құжат қоса берілуге тиіс.
- Әңгімеңізге рахмет