Келер жылдан бастап әйелдердің зейнетке шығу жасын арттыру басталады

АСТАНА. 2 сәуір. ҚазАқпарат - Қоғамда біраз дүрбелең тудырған, таяу аралықта нақты шешімін табатын мәселелердің бірі - әйелдердің зейнетке шығу жасын арттыруға қатысты. Осы мәселе түбегейлі шешіліп, алдағы уақытта әйелдер де ерлермен бірдей жаста зейнеткерлікке шығатын болады.

Келер жылдан бастап әйелдердің зейнетке шығу жасын арттыру басталады

Жалпы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараттарына қарағанда, әйелдердің зейнет жасын арттыру 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша еңбек өтілінің азаюына байланысты болып отыр. 2012 жылы зейнетақы тағайындау үшін өтініш білдірген әйелдердің 12 пайыздан астамының 1998 жылғы 1 қаңтарға жинақталған толық еңбек өтілі болмаса, ал 2018 жылы зейнетке шығатын әйелдердің барлығында толық өтіл болмайды. Демек, 2018 жылдан кейін зейнетке шығатын әйелдердің зейнетақысы базалық зейнетақы мен 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі еңбек өтіліне сәйкес бюджеттен ынтымақты зейнетақыны қамтиды. Бұл ретте еңбек зейнетақысы толық емес еңбек өтіліне байланысты жыл сайын бекітілетін ең төменгі зейнетақы мөлшерінен төмен болуы мүмкін. Болжам бойынша әйелдердің алатын зейнетақысы бұрынғы орташа айлық жалақының 40 пайызынан кем болмақ. Сондықтан да зейнетақы жасын біріздендіру бюджет қаражатын үнемдеу үшін ғана емес, әйелдердің жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу өтілін және зейнетақы жинақтарының көлемін ұлғайту үшін ұсынылуда.

Ал осы әйелдер мен ерлердің зейнетке шығу жасын теңестіру қай жылдан басталады? Бұл сауалдың жауабын бүгін Үкімет отырысында «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зейнетақымен қамсыздандыру мәселері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын таныстырған ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Әбденов берді. Оның айтуынша, ҚР Үкіметі жанындағы ведомствоаралық жұмыс тобының шешімі бойынша әйелдердің зейнетке шығу жасын 63 жасқа дейін көтеру 10 жыл ішінде 6 ай сайын кезең-кезеңмен жүзеге асырылады. Ведомствоаралық жұмыс тобы аталған кезеңнің бірінші сатысын келер жылдың 1 қаңтарынан бастауды ұсыныпты. Мұндай қадам біріншіден, зейнетке шығар алдындағы адамдарға ауыртпалық салмай өткізуге жол ашады. Мәселен, 58-ге келген әйелдер 58,5 жасында зейнетке шыға береді, яғни 6 айдан кейін. Екіншіден психологиялық тұрғыдан дайын болуға және бейімделуге, үшіншіден, әйелдердің нәтижелі жұмыспен қамтылу мүмкіндіктерін кеңейту шараларын қабылдауға мүмкіндік береді.

Айта кетерлігі, зейнет жасын көтеру мәселесі тек біздің елімізде ғана емес, көптеген шет елдерде, нақты айтқанда Ұлыбритания, Германия, Франция, Норвегия, Швеция, Оңтүстік Корея, Чехия, Әзербайжан, Украина, Эстония сынды мемлекеттерде де қолға алынуда. Еуроодақтың 18 елінде әйелдердің зейнетке шығу жасы 2020 жылы ерлердің жасымен теңестірілетін болса, 5 ел оны әзірше кейінге қалдырып отыр. Бұл мемлекеттерде зейнеткерлік жасты арттыру кезең-кезеңмен жүргізіледі. Әдетте ол жылына 2 айдан 6 айға дейінгі мерзімді құрайды. Мысалы, Оңтүстік Кореяда әйелдердің зейнеткерлік жасын 65-ке жеткізу 20 жыл ішінде жүргізілсе, Францияда 62 жасқа дейін 8 жылда, Украинада 60 жасқа дейін 10 жылда жүзеге асырылатын болады.

Әйелдерді зейнетақы жасын арттыру кезінде өздеріне қандай жағдай жасалатындығы да алаңдататындығы рас. Еңбек министрлігінің алға тартқан деректеріне қарағанда, әйелдердің зейнет жасын арттыру бірқатар іс-шаралармен сүйемелденбек. Ол іс-шаралар біріншіден, жалдамалы әйел жұмыскердің біліктілігін өндірістен қол үзіп және қол үзбей арттыруды, «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасы аясында өз бетінше жұмыспен айналысатын әйелдерді нәтижелі жұмыспен қамтуды, кәсіпкерлікпен айналысатын немесе өз ісін ашуды қалайтын әйелдер үшін шағын несиелердің қол жетімділігін кеңейтуді, бала күтімі бойынша демалыста жүрген әйелдерді таңдаған кәсібі бойынша оқытуды, Еңбек кодексіне жұмыс берушіге зейнеталды жастағы әйелдермен еңбек қатынастарын тоқтату бөлігінде қойылатын талаптарды қатаңдатуды көздейтін өзгерістер енгізуді, жүктілігі мен босану, бала күтімі бойынша демалыста жүрген әйелдердің міндетті зейнетақы жарналарын субсидиялауды қамтиды.

Екіншіден, 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін еңбек өтілі бар әйелдер үшін зейнеткерлікке ерте шығу құқығы сақталады. Жалпы еңбек өтілі 20 жылдан кем емес, 5 және одан да көп балалы және оларды 8 жасқа дейін тәрбиелеген әйелдерге 53 жаста, «Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Қазақстан Республикасының заңына сәйкес 1949 жылғы 29 тамыздан бастап 1963 жылғы 5 шілдеге дейін кемінде 10 жыл төтенше және ең жоғары радиациялық қатер аймақтарында тұрған, кемінде 20 жыл жалпы еңбек өтілі бар әйелдерге 45 жаста зейнеткерлікке шығуға мүмкіндік беріледі. Сондай-ақ еңбек өтіліне сәбилердің күтімімен жұмыс істемейтін аналардың күтім жасаған уақыты, нақты айтқанда әрбір баласы 3 жасқа жеткенге дейінгі уақыт 12 жыл болып есептелінеді.

Үшіншіден, жинақтаушы зейнетақы қорларына қатысушылар үшін зейнетақы жинақтары жеткілікті болған кезде ЖЗҚ-дан берілетін зейнетақы төлемдерін тағайындау құқығы 55 жастан сақталатын болады.