Келер жылдың көктемінде Целиноград ауданында 5 мың бас ешкіге арналған сүтті тауарлы ферма іске қосылмақ
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының Целиноград ауданында 5000 ешкіге арналған сүтті тауарлы фермасының құрылысы жүргізілуде.
Бұл туралы бүгін облыс әкімі Сергей Кулагиннің аталған өңірге жұмыс сапары барысында айтылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Қажымұқан ауылында құрылысы қолға алынған ешкі сүтін өндіретін кәсіпорынды келер жылдың көктемінде іске қосу жоспарланған. Тың жобаны «Зеренда» асыл тұқымды шаруашылық» ЖШС-нің директоры Хамит Фаезов пен құрылтайшысы Ермек Лұқпанов қолға алып отыр. Хамит Фаезовтың айтуынша, барлығы осыдан екі жыл бұрын басталған болатын. Сол кезде ол өзінің әріптесі Ермек Лұқпановпен ақылдаса келе, Астананың іргесінде ешкі сүтін өндіруді қолға алуды шешеді. Алдарына нақты міндет қойған олар алдымен аталған өндірістің пайдасы мен зияны жөнінде зерттеп біледі. Тіпті осы мақсатта Еуропаға Израильге барып, сол жақтағы шаруалардың тәжірибесін де көзбен көрген. «Қазіргі кезде, іс ілгері жылжып, негізгі сүт цехы, сауын алаңы және сүт зауытының құрылысы қызу қолға жүргізілуде. Жобаның құны 1,5 миллиард теңгеге бағаланып отыр. Келер жылдың көктемінде кәсіпорынды іске қосуды жоспарлап отырмыз. Осы кезде шетелден бірден 1000 бас асыл тұқымды сүтті бағыттағы ешкілерді сатып әкелеміз. Кейін төл басын 5000 дейін жеткізетін боламыз. Бұл асыл тұқымды ешкілерден жылына 800 және 1200 литрге дейін сүт алуға болады. Алынған өнімді осында өңдеп, шетелге экспортқа шығару жоспарда бар. Қазірдің өзінде Италия және Қытай елдері болашақта бізден шығарылатын сүтке әлден қызығушылық танытып отыр»,- дейді Хамит Фаезов.