Келер жылы әлеуметтік салаға жұмсалатын бюджет шығысы 1 трлн. 485 млрд. 800 млн. теңгені құрайды - Е. Досаев
АСТАНА. 23 қазан. ҚазАқпарат - Алдағы үш жылда әлеуметтік қамсыздандыру мен әлеуметтік көмекке бөлінетін бюджет қаражаты 4 трлн. 878 млрд. теңге шамасында болжанып отыр. Оның ішінде 2014 жылы - 1 трлн. 485 млрд. 800 млн. теңгенің шығыстары жоспарланған. Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «2014-2016 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасы бойынша баяндаған Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев мәлім етті.
Министрдің айтуынша, 2014 жылғы әлеуметтік салаға жұмсалатын қаражаттың басым бөлігі зейнеткерлер мен жәрдемақы алушыларға әлеуметтік төлемдер жасауға жұмсалатын болады. Ал дәл осы мақсаттарға үш жылдық бюджетте 4 трлн. 499 млрд. теңге қарастырылған. Оның ішінде 2014 жылы 1 трлн. 357 млрд. 800 млн. теңге көзделген.
«Бюджет жобасында Елбасының Жолдауында айтылған зейнетақы реформасына қатысты тапсырмалары да қамтылды. Атап айтқанда, әлеуметтік төлемдерді алушыларға міндетті зейнетақы жарналарын субсидиялау шығыстары қарастырылады. Бұның жалпы сомасы 30 млрд. 700 млн. теңгені құрайды. Оның ішінде 2014 жылы 8 млрд. 800 млн. теңге осы мақсатқа жұмсалмақ», - деді Е. Досаев.