Келесі Азиадаға мықты болып оралуға уәде беремін – теннисші Бейбіт Жұқаевпен сұхбат
23 жастағы қазақстандық теннисші Бейбіт Жұқаев Шанхай мастерс турнирі мен ХІХ Азия ойындарындағы өнеріне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Kazinform.

- Бейбіт, Шанхайда алғаш рет мастерс жарысында ойнадың, ондағы өнеріңді қалай бағалайсың?
- Аталмыш турнир мен үшін табысты болды деп есептеймін. Қиын матчтарға дайындалдым, басқаша болуы мүмкін емес те еді. Күткенімдей, іріктеу сайыстарынан бастап ойындар оңай болған жоқ. Мастерс додасының алғашқы айналымындағы кездесуім психологиялық тұрғыда өте күрделі болды. Соған қарамастан, жинала біліп, матчты жеңіспен түйіндедім.
- Екінші айналымда әлемнің 14-ракеткасы – ресейлік Карен Хачановқа қарсы тұруға тура келді. Оны жеңетіндей мүмкіндігің болды ғой!?
- Иә, бұл бәсекеде мұндай ірі жарыстардағы тәжірибемнің жоқтығы және бәлкім, өзіме деген сенімділіктің жетіспеуі әсер еткен шығар. Шынында екі сетте жеңуге болатын еді. Бірінші партияда тай-брейкте аздаған қате жіберіп, ұтылып қалдым, екінші сетте есе қайырдым. Үшінші, шешуші сеттің басында қарсыласымның брейк жасауына мүмкіндік беріп қойдым. Біршама тең дәрежеде өткен ойында жеңілу өкінішті-ақ. Дегенмен қателіктермен жұмыс жасап, Қытайда қалдым. Шэньчжэньдегі челленджер жарысының ширек финалына дейін жеттім. Ширек финалда белоруссиялық Егор Герасимовтен де өтуге болатын еді. Бірақ екінші партияның бас кезінде жарақат алып, ол да кедергі келтірді.
- Азия ойындары жөнінде не айтасың?
- Азиада мен үшін табысты бола қойған жоқ. Өйткені жарақатыма байланысты 5-6 апта үзілістен кейін кортқа шықтым. Дегенмен, Азия ойындарында бұдан да жақсы ойнай алатынымды сезіндім. Келесі Азиадаға мықты болып оралып, жүлде үшін күресемін деп уәде беремін.
- Жылдың аяқталуына екі ай уақыт қалды. Сені енді қандай додаларда көре аламыз?
- Жыл соңына дейін Қытайда тағы бір жарысқа барып, Америкада екі челленджер турнирінде бақ сынамақпын. 2024 жылғы Аустралия ашық чемпионатының іріктеу сайыстарына қатысу үшін қажетті ұпайды жинауға тырысамын.
- Бейбіт, әңгімеңе рахмет. Алдағы жарыстарда табыс тілеймін.