Келесі Олимпиадада алтын алып беремін – Нұрбек Оралбай

ПАРИЖ. KAZINFORM – Франция астанасы Париж қаласында өтіп жатқан Олимпиада ойындарында Нұрбек Оралбай финалда украиналық қарсыласынан ұтылып, күміс жүлдені қанағат тұтты.

бокс
Фото: ҰОК

Жарыстан кейін боксшы чемпиондық атаққа барын салғанын, алайда қол жеткізе алмағанына іштей өкінетінін айтып берді. 

бокс
Фото: ҰОК

«Жекпе-жекті көрдіңіздер. Барымды салып жұдырықтастым. Чемпион болып, алтын аламын деп ойлағам, өкінішке қарай, алтын ұстатпады. Осыған да, қанағат етеміз. Париж Олимпиадасының күміс медалі бұйырды. Барлық қолдап жатқан жанкүйерлерге, отандастарыма алғысымды айтқым келеді. Бұл – менің алғашқы Олимпиада ойыным. Бұйырса келесі Олимпиадада еліме алтын алып беремін», - деді боксшы Нұрбек Оралбай.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін бокстан ерлер арасында 80 келі салмақта Нұрбек Оралбай Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері атанды. Ол финалда украиналық Александр Хижнякпен жұдырықтасып, жеңіліп қалды.

Айта кетсек, Париж Олимпиадасына бас бапкер Мырзағали Айтжанов жеті боксшы алып келген болатын. Өкінішке қарай, оның алтауы жарысты ерте аяқтады. Ал әйелдер боксынан лицензия жеңіп алған үш боксшының екеуі алғашқы жекпе-жектерінде жарыс жолын аяқтаса, тек олардың арасынан 50 келі салмақта Назым Қызайбай ғана ел үмітін ақтады. Ол ел қоржынына Олимпиада ойындарының үшінші қола жүлдесін сыйлаған еді.

Соңғы жаңалықтар