Келесі жылдан бастап Гонконг пен Алматының арасында тікелей әуе рейсі қатынайды

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектенов пен Қытай Халық Республикасы Гонконг Арнайы әкімшілік ауданының Басшысы Джон Лимен кездесуі барысында Гонконг – Алматы – Гонконг бағыты бойынша тікелей әуе қатынасын ашу жоспары туралы айтылды. Бұл туралы Көлік министрлігі мәлім етті. 

әуе рейсі
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

2027 жылдың 1 тоқсанынан бастап Cathay Pacific әуе компаниясы тікелей рейстерді ашуды жоспарлап отыр. Кездесуге Cathay Pacific компаниясының клиенттермен жұмыс және коммерциялық мәселелер жөніндегі директоры Лавиния Лау да қатысты.

— Әуе тасымалдаушысының жоспарына сәйкес, ұшулар Airbus A330-300 кең фюзеляжды әуе кемелерімен аптасына үш рет жиілікпен жүзеге асырылады. Жаңа бағыт Гонконг пен Қазақстан арасындағы жалғыз тікелей әуе қатынасы болмақ, — деп хабарлады ведомстводан.

Cathay Pacific — Гонконгтың флагмандық әуе компаниясы. Ол Гонконг халықаралық әуежайында орналасқан және әлем бойынша 200-ден астам бағытқа тұрақты жолаушылар мен жүк тасымалын жүзеге асырады.

— Рейстердің ашылуы Қазақстан, Гонконг және Азия-Тынық мұхиты аймағы арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық және туристік байланыстарды одан әрі нығайтуға, сондай-ақ елдің халықаралық маршруттық желісін кеңейтуге ықпал ететін болады, — делінген хабарламада.

Еске сала кетейік, бұған дейін Астанадан Үрімжіге қатынайтын қосымша әуе рейстерінің саны артқан болатын.