Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Келесі жылға дейін 12 өңірде 1 850 орындық оңалту орталығы ашылады

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда 2027 жылға дейін 12 өңірде жалпы сыйымдылығы 1 850 төсек-орынды құрайтын жаңа оңалту орталықтары салынады, деп хабарлайды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

а
Фото: Kazinform

Жоба Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Оның мақсаты – мүгедектігі бар азаматтарға көрсетілетін медициналық, әлеуметтік және психологиялық оңалту қызметтерінің қолжетімділігін арттыру.

Қазіргі уақытта еліміздің 12 өңірінде әрқайсысы 150 орынға есептелген оңалту орталықтарының құрылысы жүргізілуде. Жаңа нысандар кезек күту уақытын қысқартып, қолдауға мұқтаж азаматтарға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.

«Соңғы үш жылда елімізде алты жаңа оңалту орталығы пайдалануға берілді. Оның ішінде 2023 жылы – Семей мен Таразда, 2024 жылы – Кентау мен Оралда, 2026 жылы – Атырау мен Астанада жаңа орталықтар ашылды», – деп мәлімдеді министрлік.

Жаңа орталықтарды салу жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасады. 2027 жылдың соңына дейін Шымкент, Талдықорған, Көкшетау және Ақтөбе қалаларында тағы төрт нысанды пайдалануға беру жоспарланған.

Айта кетейік, 2027 жылға дейін Қазақстан өңірлерінде жаңа травматологиялық орталықтар ашылатыны хабарланды.