Келесі жылы қасқыр мен шибөріні қай аймақтарда атуға болады

АСТАНА. KAZINFORM - Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті 2026 жылға арналған Қазақстан аумағында қасқыр мен шибөрі санын реттеуге қатысты биологиялық негіздеме әзірленгенін хабарлады.

ы
Фото: Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті

Комитеттің мәліметінше, 2026 жылғы 5 қаңтар сағат 10:00-ден бастап санын реттеуге жататын жануарларды, атап айтқанда қасқыр мен шибөріні аулауға рұқсат алу мүмкіндігі қолжетімді болады.

Биологиялық негіздемеге сәйкес, жануарлар санын реттеу мерзімі 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін белгіленген.

- Сонымен қатар Ақмола, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар және Ұлытау облыстарында қасқыр мен шибөріні аулауға рұқсат тек үй жануарларына шабуыл жасалғаны дәлелденген жағдайда ғана беріледі, - деп ескертті ведомстводан.

Жануарлар санын реттеуге рұқсат алу тәртібі Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің 2020 жылғы 30 желтоқсандағы №347 бұйрығымен бекітілген «Саны реттеуге жататын жануарлар түрлерін алып қоюға рұқсат беру» мемлекеттік көрсетілетін қызмет қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

Қазіргі таңда аталған қызмет толықтай автоматтандырылған және elicense.kz
веб-порталы арқылы көрсетіледі.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда аю мен қасқырды атуға қатысты лимит өзгеруі мүмкін екені хабарланған болатын.

Соңғы жаңалықтар