«Келешек» бағдарламасы: Келер жылы есеп-шоттар ашу басталады

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек «Келешек» бағдарламасын жүзеге асыруға қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

жоо
Фото: ҚазАқпарат

«Мемлекет басшысының Жолдауын орындау аясында азаматтарға жоғары білім алуға жағдай жасаудың қосымша тетігі ретінде «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізу пысықталып жатыр. Қазір Қазақстанда демографиялық өсім байқалып отыр. Кейінгі үш жылда 1 млн-ға жуық бала дүниеге келді. Орташа есеппен алғанда, жыл сайын елімізде 400 мыңға тарта бала дүниеге келеді. Қазір сол балалардың орташа есеппен 40 пайызы мемлекеттік грантпен қамтамасыз етілген», - деді С. Нұрбек Қазақстанның орнықты даму саласындағы ұлттық мақсаттар мен міндеттерді іске асыру мониторингі жөніндегі Парламенттік комиссия отырысында.

Оның айтуынша, демографиялық өсімді ескере отырып, келер 10-15 жылда жастардың көбін грантпен қамту мүмкін болмайды.

«2020 жылдан бері жыл сайын грант саны көбейіп келеді. Бірақ мұның өзі жеткіліксіз болады. Сондықтан бірыңғай ерікті жинақтау жүйесіне көшіп жатырмыз. Оның үстіне жеңілдетілген несие және сараланған гранттар жүйесі ескерілген. Келесі жылдан «Келешек» бағдарламасы аясында есеп-шоттар ашу қарастырылып отыр», - деді министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бір жылда елімізде 403,5 мың нәресте дүниеге келгенін жазған едік.

Айта кетейік, биылғы Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бес жастан асқан балаларға арналған «Келешек» атты бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізуді тапсырды.

«Бұл бағдарламада мемлекет тарапынан ұсынылатын бастапқы білім беру капиталы, жыл сайынғы мемлекеттік сыйақы және инвестициялық табыс қарастырылуға тиіс. Осы жинақ пен «Ұлттық қор – балаларға» жобасының қаражаты қосылғанда жас ұрпақтың сапалы білім алуына мүмкіндік туады», - деді Президент.

Соңғы жаңалықтар