«Келешек» жүйесінде 92 мыңнан астам салым ашылды

АСТАНА. KAZINFORM — «Келешек» білім беру жүйесі аясында 92 мыңнан астам салым ашылған. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова айтып берді.

Келешек
Фото: ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі

Мемлекет 5 жастан бастап балалар үшін бастапқы білім беру капиталын жасайды, оны жыл сайын мемлекеттік сыйлықақымен және инвестициялық табыспен толықтырып отырады.

— «Келешек» ерікті жинақтау білім беру жүйесі 2025 жылы іске қосылды және қазірдің өзінде 92 мыңнан астам салым ашылды. Бұл қоғамның аталған модельге деген сенімін және оның әлеуметтік сұранысқа ие екенін көрсетеді. «Келешек» – Президент тапсырмасы бойынша әзірленген білімге қолжетімділіктің жаңа архитектурасы, — деді Г. Көбенова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Бұл жүйе білім алуға қаражат жинау мәдениетін қалыптастырады, болашақта бюджет пен отбасыға түсетін салмақты азайтады және Қазақстанды дамыған елдерде бұрыннан қолданылып келе жатқан модельдерге жақындатады.

Бүгінгі таңда 92 275 «Келешек» шоты ашылды (1 жастан 5 жасқа дейін), оның ішінде 8 042 бес жасар балаға 1 902 930 720 теңге сомасында бастапқы білім беру капиталы төленді.

— Маңызды жайт: «Келешек» гранттарды алмастырмайды, ол отбасылардың мүмкіндіктерін кеңейтеді, — деп толықтырды вице-министр.

Айта кетейік, «Келешек» салымдары екінші деңгейлі банктерде және өмірді сақтандыру компанияларында ашылады. Онда мемлекеттен жыл сайынғы сыйлықақылар, инвестициялық табыс, салымдарға кепілдік беру, сондай-ақ өндіріп алудан (арест, үшінші тұлғалардың талаптары) қорғау қарастырылған.

Бастапқы білім беру капиталы 5 жасар балаларға бюджеттен бір реттік 60 АЕК (259 500 теңге) мөлшерінде, ал жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға 120 АЕК (519 000 теңге) мөлшерінде аударылады. Осылайша 13 жыл ішінде отбасылық бюджетке айтарлықтай салмақ салмай, білім алуға қажетті қаражатты жинақтау мүмкіндігі бар.

Сонымен қатар, егер бала білім беру ұйымына грантқа түссе, ол болашақта:

жинақтауды жалғастыра алады;

өз жинақтарын үшінші тұлғаның пайдасына аудара алады;

білім алудың басқа деңгейлеріне бағыттай алады;

тұрғын үйге жұмсай алады.

Ал диплом алған жағдайда, барлық төлемдерімен қоса қаражатты шешіп алу мүмкіндігі қосымша пайда болады.

Еске салсақ, былтыр қаңтар айында Мемлекет басшысы «Келешек» жинақтау жүйесі туралы заңға қол қойған еді.

 

Соңғы жаңалықтар