Келесі жылдан бастап, барлық мемлекеттік органдар мемлекеттік сатып алумен байланысты жұмыстарды электронды жолмен жүзеге асырады
Бұл туралы бүгін В-news порталы арқылы өткен интернет-конференция барысында «Электронды коммерция орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Басқарма төрағасы Сұлтанжан Ахметов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның сөзіне қарағанда, 2010 жылдың қаңтар айының 1-інен бастап, тауарларды сатып алу мен қызмет көрсету жұмыстары электронды түрде жүргізілуде. «Қазіргі таңда Қаржы министрлігі мен оның комитеттері мемлекетік сатып алу шараларын ілкі жоба ретінде электронды жолмен жүзеге асыра бастады. Ал келесі жылдың басынан бастап, өздерінің мемлекеттік сатып алу саласындағы жұмыстарын барлық мемлекеттік органдар электронды жолмен жүзеге асыра алады. Болашақта біз электронды аукцион қызметін іске қосамыз деп жоспарлап отырмыз», деді С.Ахметов.