«Келімсектерге кедергі келтірмейтіндер кім?» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 21 мамыр, сәрсенбі күні жарық көрген өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

«Келімсектерге кедергі келтірмейтіндер кім?» - баспасөзге шолу

***

«Егемен Қазақстан» басылымы «Әлем назарындағы құрылыс қарқын алды» деген тақырыппен «Астана Экспо-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасының кеңесшісі Қанағат Тілемісовпен арадағы сұхбатты көпшілік назарына ұсынып отыр. «Бүгінгі күні қанша ғимарат болатынын санау қиын. Бірақ ірілерінің өзі жүзден асады. Ең биігі - көрменің символы болып қалатын сфера-шар пішініндегі «Қазақстан-Астана» ұлттық павильоны, оның диаметрі - 80, тұғырының биіктігі 20 метр, жалпы биіктігі 100 метрге жуық. Оның құрылысы маусым айында басталады. Бәйтерек секілді Астанамыздың жаңа символы болады деп үміттенеміз. 25 гектарға орналасатын көрме нысандарының өзі бүгінгі күнде бекітіліп болып қалды. Оны бекітетін - Халықаралық көрмелер бюросы. Ал қалған 148 гектарға орналасатын ғимараттардың көпшілігін инвестиция жолымен тұрғызуға Үкімет тарапынан мүмкіндік беріліп отыр»,-дейді ол.

Осы басылымның жазуынша, елорда төрінде Түркі академиясының ұйытқы болуымен, Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің және ТИКА халықаралық ұйымының қолдау көрсетуімен «Түркі жазуы күні» атты айрықша датаға орай халықаралық форум ұйымдастырылды. «Үлкен шараның өткені туралы хабарды газеттің кешегі нөмірінде бергенбіз. Айтулы күнді ұлықтаған жиында түркі жұрты үшін бағалы қазына - түркі жазуына қатысты өзекті мәселелердің де бар екенін білдік»,-деп жазады мақала авторы. Осы жайында толық білгіңіз келсе, онда « Асыл мұра немесе «Түркі жазуы күнін» ұлықтаудың ұлағаты» атты көлемді мақаланы оқып шығыңыз.

***

«Айқын» газетінің жазуынша, кеше Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің хатшысы Майра Айсинаның жетекшілігіндегі кеңейтілген комитет отырысында ішкі көші-қон мәселесі сөз болды. Мемлекет басшысы арта түскен демографиялық теңсіздік жаңа көші-қон толқынын қалыптастырып, әлеуметтік шиеленісті күшейтетінін атап өткені белгілі. Демографиялық үдерістерді өзгерту - еліміздегі көші-қон саясатын айқындайтын басты бағдарлардың бірі. Ол халықтың табиғи өсуінің және көші-қонының қалыптасқан үрдістерінің әсерінен пайда болады. Соңғы екі жылда Қазақстандағы көші-қон бәсеңсіген. 2012 жылы оралмандарды қабылдауға квота беруді тоқтатқан соң келушілер саны 2011 жылы 41,7 мың адамнан, 2013 жылы 33,9 адамға қысқарған. «Экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрінің баяндауынша, ішкі көші-қон мәселесінде еңбек ресурстары мен демография жағында оңтүстік пен солтүстік аймақтар арасында теңсіздік орын алып келеді. Халықтың өсуінің төмендеуі әсерінен еңбек мамандарының жетіспеушілігі туындайды. 2050 жылы осы жағдайда солтүстік аймақтың халқы миллион адамға азаюы мүмкін. Ал сол кезде оңтүстік аймақта адам саны 5,2 миллионға өсуі ықимал. Осы мәселені арқау еткен мақала басылымның бүгінгі санында «Көш басталса, көркіміз кірер еді...» деген тақырыппен берілген.

Осы басылымда «Келімсектерге кедергі келтірмейтіндер кім?» атты мақала жарияланды. Ішкі істер министрлігі мамырдың 19-23-і аралығында елімізде заңсыз жүрген шетелдік азаматтарды анықтап, еңбек мигранттарын реттеу мақсатында республикалық «Нелегал» шарасын жүргізіп жатыр. Сырттан халық көп келетін, еліміздегі ірі бизнес орталығы - Алматы қаласынан жыл сайын шетелдерден келетін мыңдаған заңсыз еңбек мигранттары анықталып, депортация жасалып жатады. Бірақ заңсыз келімсектердің жолына толықтай тосқауыл қою мүмкін емес. Алматы ішкі істер департаментінің хабарлауынша, бір күннің ішінде жүргізілген шара барысында көші-қон заңын бұзған 261 шетелдік азамат жауапқа тартылған. Олардың ішінде екінші мәрте заң бұзған 25 шетелдік келімсек еліне мәжбүрлі түрде қайтарылды, тағы 35-іне көші-қон заңын әртүрлі жағдайлармен бұзғаны үшін Қазақстанда болу мерзімін қысқарту туралы шешім шығарылды, ал 82 адам әкімшілік қамауға алынған.

***

«Жас қазақ» газетінің интернет нұсқасында биыл бірінші сыныпқа баратын оқушылардың ата-аналары балаларының психологиялық тестілеуден өту проблемасына алаңдаулы екені жазылған. Оларды алаңдатып отырғаны тестілеуге енгізілген сауалдар. Осы орайда «Алаңдауға негіз бар ма?» деген тақырыппен Қазақ педагогикалық университетінің зертхана меңгерушісі, психологиялық ғылым докторы, профессор Раушан Кәрімовамен арадағы сұхбат ұсынылып отыр. «Психологиялық тестілеу маңызды, бірақ бірінші сынып оқушылары үшін олар белгілі нәрсеге бағытталуы тиісті. Психолог бірінші кезекте оқушының ойлау деңгейі оның жасына сай келетіндігін (жеті жасқа қарай онда сөздік-логикалық ойлау түрі қалыптасуы керек), оның жұмысқа қабілеттік деңгейін, назарын, оқуға деген ынтасын анықтауы тиіс. Жазбаша тілді қалыптастыруға керек саусақтарының икемділігін, кеңістіктегі өзін ұстауын мектепалды дайындық әзірлеуі керек. Егер сәби ұсақ моторика функциясын игермесе, оның мектеп бағдарламасына икемделуі күрделі болады. Қысқасын айтқанда психолог міндеті - қандай да бір баланың танымдық саласының ұстазға керек негізгі алғы шарттарын анықтауы керек. Егер психолог оқушының мектепке дайын еместігін анықтайтын болса, онда педагог оқу үдерісіне түзетулер енгізуі тиісті»,-дейді профессор.

***

«Экспресс-К» басылымының бүгінгі санында «Сами мы не местные...» деген мақала берілген. Мәжіліс депутаттары елорда көшелеріндегі қайыр тілеп жүрген балалардың мәселесін көтеріп, полицейлерге оларды көшелерден тазартып, жеткіншектерді мектеп парталарына отырғызуды талап етті. Өз кезегінде ҚР ІІМ осы мәселені ретке келтіруге уәде берді.