«Келін» фильмінің қазақ тарихына қатыстылығы шамалы - М. Құл-Мұхаммед

АСТАНА. Желтоқсанның 21-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - «Келін» фильмінде соншалықты «әкетіп» бара жатқандай зорлық-зомбылық бар деп есептемеймін. Сонымен бірге, фильмнің қазақ тарихына қатыстылығы да шамалы. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед осылай мәлім етті, 
None
None

 деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Тоқтала кететін жайт, осыған дейін бір топ депутаттар сауал жолдап, онда бүгінгі қазақ киносында халқымыздың ұлттық намысын қорлаған, тарихымызды бұрмалап, азғындықты, ұятсыздықты ту еткен фильмдердің қаптап кеткеніне алаңдаушылық білдірген болатын.  Үкімет сағаты барысында депутат Нұрлан Өнербай осы айтылғандарға мысал ретінде соңғы жылдары шыққан бірқатар фильмдерден үзінділерді көрсете отырып, ондағы сорақылық жайттарды алға тартты. «Кино мәселесі депутаттардың ғана талабы емес, қалың бұқара қауымды мазалаған құбылыс. «КТК» телеарнасы қазақы қоғамның қарсылығын тудырған «Келін» фильмін ең асыл мерекеміз желтоқсанның 16-сы - Тәуелсіздік мерекесі күні және ертеңінде желтоқсанның 17-сі желтоқсандықтар қан кешкен күні көрсетті. Сонша не болды? Осынша қазақы қауымның талабымен есептеспей, намысын таптап не көрінді?», деді Н. Өнербай.

Өз кезегінде министр М. Құл-Мұхаммед дау тудырып жүрген «Келін»  фильмінен басқасының «Қазақфильм» киностудиясына, мемлекеттік тапсырысқа еш қатысы жоқ екендігін атап өтті. Оның айтуынша, мұның барлығы осы уақытқа дейін кино саласындағы үдерістердің заң жүзінде реттелмегендігін көрсетеді. «Министрліктің қайдағы бір жолдармен түсірілген фильмдерге тыйым салуға ешқандай құзіреті жоқ. Заң жүзінде біз олардың жұмысына араласуға қақымыз да жоқ. Сондықтан да бұндай өрескел қателіктер де орын алып келді. Дегенмен де, келесі жылдан бастап заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, Қазақстан аумағында көрсетілетін кез-келген фильм реттелетін болады, ондай фильмдерді көрсету үшін прокаттық куәлік болуы тиіс», деді М. Құл-Мұхаммед. Оның айтуына қарағанда, ұлт намысын қорлайтын фильмдер заңда реттелмеген мүмкіндіктерді пайдаланып, ойына келгенін істеген азаматтардың ісі болып отыр.

  «Келін» фильмі 2006 жылы өндіріске шықты. «Қазақфильм» студиясының базасында дайын болып, мемлекеттің мол қаражаты бөлінгендіктен туындыны прокатқа жібердік. Дегенмен де, бұл фильмде соншалықты «әкетіп» бара жатқандай зорлық-зомбылық бар деп есептемеймін. Сонымен бірге, мұның қазақ тарихына қатыстылығы да шамалы. Өйткені фильм басталғандағы титрында «Біздің дәуіріміздегі ІІ ғасыр деп көрсетіледі. Ал түркі қағанаты 532 жылы, Қазақ хандығы 1468 жылы құрылған. Сондықтан да, 2- ші ғасырда Алтайды мекендеген шүршіт пе, моңғол ма тап басып айту қиын. Конституциямызда шығармашылыққа еркіндік берілген. Оның үстіне «Келін» фильмі мемлекет қаражатына түсірілгендіктен, бұған рұқсат беріліп отыр. Ал депутат мысалға тартқан қалған жекеменшік студия фильмдері шынымен де сорақы екен. Бірақ, ондай мәселені қызбалықпен емес, заңмен шешу керек», деді министр. Сонымен бірге, министр М. Құл-Мұхаммед келесі жылы түсірілетін фильмдердің әрқайсысына депутаттар алдында толық жауап бере алатындығын жеткізді.

 Естеріңізге сала кетейік, депутат Нұрлан Өнербай өз сауалында «Келін» фильмінде көзіне түскен еркекпен қатынасқа түсе беретін зинақор әйелдің әрекеті бейнеленгенін, малмен жыныстық қатынасқа түсу секілді ел намысын қорлаған ұятсыз көріністерге толы фильмге мадақшылары жарыса пікір жариялап жатқанын айтқан болатын. «Тюльпан» фильмінде қоғам шындығы деген желеумен дәрет сындырған сорақы көріністер елді мазақ етсе, «Қараой» фильмінде туғалы жатқан екіқабат әйелді зорлаған көрініс, «Әке қорлығы» дейтін фильмде туған қызын зорлаған әке сюжеттерге өзек болыпты. Сонда кино арқылы ұлт мұраты, елдік идеяны насихаттау деген  Елбасы тапсырмасы осындай сорақылықтармен іске аспақ па?», делінген депутат сауалында.

Соңғы жаңалықтар