Келісімге келді: Алматыда 10 тамызда «Қайрат» – «Жеңіс» ойыны емес, Джей Лоның концерті өтеді
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Бұл туралы «Қайрат» футбол клубы мен концерт ұйымдастырушылары хабарлады.

Дженнифер Лопестің концерт алдын ала хабарланғандай 10 тамыз күні Алматының бас спорттық алаңында өтеді.
- Дженнифер Лопестің Алматы қаласында өтетін концертін ұйымдастырушылар – First Media Group және CA Entertainment компаниялары, сондай-ақ «Қайрат» футбол клубының басшылығы мен Алматы қаласының спорттық нысандар дирекциясы бірлесіп, 2025 жылғы 10 тамызға жоспарланған концертті өткізу мәселесі бойынша келісімге келді, - деп хабарлады концерт ұйымдастырушылары.
Ресми мәлімдемеге сәйкес, Алматыда 9 не 10 тамыз күні өтуі керек болған Қазақстан Премьер-лигасының «Қайрат» – «Жеңіс» ойыны 21 қыркүйекке ауыстырылған. Ал «Қайрат» футбол клубының 7 және 12 тамызға жоспарланған еурокубоктық жарыстағы матчтары өзгеріссіз қалып, бұрын жарияланған кесте бойынша өткізіледі.
- «Қайрат» футбол клубының басшылығына, Қазақстан футбол федерациясына, «Жеңіс» футбол клубының басшылығына, Алматы қаласының Спорттық нысандар дирекциясына және жоба қолдаған барлық тиісті қызметтерге алғысымызды білдіреміз. Осындай бірлескен шешімдер Алматыны туристік орталық ретінде дамытуға өз үлесін қосатынына сенімдіміз, - делінген ұйымдастырушылар мәлімдемесінде.
Дженнифер Лопестің Алматыдағы концертіне билеттер 28 мамыр күні сағат 10:00-де ticketon.kz сайтында сатылымға шығады.
Еске салайық, продюсер Мәлік Хасенов Дженнифер Лопес 10 тамыз күні Алматының Орталық стадионында жеке концертін өткізетінін айтқан еді.
Кейін «Қайрат» футбол клубы бұл іс-шараға келісім бермегенін хабарлады.