КЕМЕЛ КЕЛЕШЕК (1-бөлім)
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Белгілі жазушы, екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері Кемел Тоқаевтың ғұмырбаяны туралы бір үзік сыр. Қазақ халқы жиырмасыншы ғасырда талай тар жол, тайғақ кешуден өтті.. Сол сынақтарда Рухы жеңілмеген халықтың тағдыры - адамның да тағдыры. Қилы кезеңнің суығына шыдап, ыстығынан өткен кейіпкеріміздің ғұмыры ел тағдырымен еншілес.
Өмірде ешнәрсе із-түзсіз кетпейді. Өткен жолын жетік білетін халық қана алдағы алар асуларын да айқын елестете алады. Бағзы заманда бабаларымыз бал - бал тастарға ойып, қашап жазып кеткендей, өз Отаның, бұл дүниедегі қорғаның мен тірегің болмаса - тағдырың тамырсыз, тұрлаусыз қаңбақ сияқты.
1927 жылдың желтоқсанында Мәскеуде өткен Бүкілодақтық Коммунистік Партия большевиктерінің XV съезінде ауыл шаруашылығын ұжымдастыру, колхоз құру шешімі қабылданды. Науқан революциялық қарқын алды. Дәстүрлі тұрмыс - тіршілігінен бір сәтте ажыраған халық қару кезеген коммунист - большевиктердің алдында дәрменсіз еді. Ел егесі дәулетті адамдарды жер аударды, түрмеге отырғызды, ату жазасына кесті. Патша әулетінің қанын мойнына жүктеген Голощекин Орта Азиядағы ең ірі этносты құраған қазақтарды өлермен жауыздықпен жаныштады. Қазақ халқы бұрын-соңды әлем тарихында кездеспеген жойқын репрессияға ұшырады. Тарихтың сол бір қатыгез кезеңінде ұлтымыздың жартысына жуығы қырылды. Зиялыларының басына зауал күн туды. Қалың елге қараңғы түнектей төнген зұлмат, әлеуетті Тоқа әулетін де қасірет зардабына ұшыратты.
Кемел Тоқаев 1923 жылы 2 қазанда Алматы облысының Қаратал ауданы, Қалпе ауылында дүниеге келген. 1933 жылғы сұрапыл нәубетте қасіретті қайғыға ұшыраған үлкен шаңырақтан аман қалған ағасы Қасым екеуі Түркістан қаласындағы қорғансыз жетім қалған балалар үйін паналады. Оқуға зерек ағайынды Қасым мен Кемелдің оқу - білімге ынтасы мен жақсы тәрбиесі ескеріліп, Шымкенттегі мектеп - интернатқа ауыстырылды.
ЗАМАНДАСТАР СЫРЫ:
Соғыс басталған жылы жарты ғасыр жұбымыз жазылмаған досым Кемелмен Шымкенттегі мектеп - интернаттың оныншы класын бітірдік. Кемел жолдасын жолда қалдырмайтын, бір үзім нанды бөліп жейтін адал дос еді. Жоғары білім алмақ арманымызды соғыс бұзып, әскерге шақырылдық. Жауынгер Кемел Тоқаев Сталинград окопынан бір - ақ шықты.
Амантай Байтанаев
майдангер- жазушы
Ағалы-інілі Қасым мен Кемелдің жоғары білім алмақ үмітін соғыс үзді. Елдік пен ерлік халық үшін сын. Ер мұраты да сын сағатта шыңдалады. 1939 жылы мектеп бітірісімен әскерге шақырылған Қасым, соғыстың алғашқы күнінен майданға аттанған. Соғыс деректері жинақталған құжаттағы мәліметтерде: 186-шы атқыштар дивизиясының 290-шы атқыштар полкі көлік ротасының саяси жетекшісі Қасым Болтаев 1942 жылы 22 ақпан күнгі ұрыста ерлікпен қаза тапты деп жазылған.
Қасымның інісі жазушы Кемел Тоқаевтың «Солдат соғысқа кетті» автобиографиялық романының эпиграммасында «Ұлы Отан соғысында 22 жасында ерлік өліммен қаза тапқан политрук Қасым Болтаевқа арнаймын» делінген.
Кемел Тоқаев жауынгерлік жолын 200 күн мен түнге созылған және үш миллиондай адам өмірлерін қиған, қасіретке толы Сталинград шайқасынан бастады. Көп жылдардан кейін жазушының соғыс туралы туындысы окоптан жазылған репортаждай оқылады.
«Қан қатқан кірпігі әрең әрең қимылдайды. Оң қолына гранатаны қысып ұстап алған. Оның желке тұсында, суық окоптың қабырғасында өлген адамның екі аяғы салбырап тұр. Басы, кеудесі шынжыр табанның астында жаншылып қалған. Жаралы солдат кезерген ернін жалап:
- Құдай үшін, бір жұтым су беріңдерші! - деді».
Сталинград үшін ұрыстың алғашқы күнінен алған әсерінің күнделік жазбасында 18 қазан 1942 жыл көрсетілген. Өлім мен өмір айқасын көзбен көрген Кемел Тоқаевтың "Солдат соғысқа кетті" романының стилі соғыстың суық та сұрқай шындығын боямасыз қаз - қалпында сипаттау. Ал, стиль деген - адам, жазушының жаны.
ЗАМАНДАСТАР СЫРЫ:
Кемел екеумізді Киевке арнайы шақырды. Украина Парламенті Төрағасының орынбасары, Совет Одағының екі дүркін Батыры, әйгілі партизандар командирі генерал-майор Сидор Ковпактың қонағы болдық. Сол сапардан кейін Украинаны фашистерден азат ету соғысына қатысқан майдангер-жазушы Кемел Тоқаев Украинадағы партизандар соғысы туралы кітап жазды.
Қасым Қайсенов
Қазақстанның Халық батыры
Кемел Тоқаев 1944 жылғы Белоруссияны, Украинаны және Польшаны фашизмнен азат етудегі ірі әскери операцияларына қатысты. Жазушының автобиографиялық романынан оқығанымыздай қан майданда танктер аса маңызды рөл атқарған. Кемел Тоқаевтің өзі 7-ші гвардиялық жаудың қорғаныс шебін бұзып, оның әскери техникасын жоятын ерекше танк полкінің құрамында соғысты.
Танкистер темір сауытпен қорғалса, Кемел мен майдандас десантшылар автоматымен танк үстінен ұрандатып түсіп, ұрысқа кірісетін. Мұндай ұрыс қимылдарына қатысу сарбаздардан дене күшін, мергендікті, ең бастысы жоғары әскери рухты талап етті.
Автоматшылар бөлімінің командирі Кемел Тоқаев ерекше ержүректілігі мен күрделі сәттерде шешім қабылдау қасиетімен көзге түскен. Осы туралы жаужүрек солдатты "Ерлігі үшін" медаліне ұсынған 7-ші гвардиялық бұзып өту танк полкінің командирі, гвардия майоры Смирновтың жазған бұйрығынан үзінді: ""Жауынгерлік ерлігі үшін" және "Сталинградты қорғау үшін" медальдарымен наградталған, автоматшылар бөлімінің командирі - гвардия сержанты Кемел Тоқаев полктің барлық ұрыс кезеңдерінде алдыңғы шепте болды. Аса күрделі жағдайларда, тоқтаусыз атыс пен бомбылардың астында жүріп барлық танкілермен байланысты қамтамасыз етті. Шайқастың барысында жылдам судан өту қажеттілігі туралы полк командирінің бұйрығын орындау мақсатында өткелді тез тауып, бүкіл танктерді жау тосқауылынан алып шықты."
Кезекті "Ерлігі үшін" медаліне ұсынған 7-ші гвардиялық бұзып өту танк полкінің командирі, гвардия подполковнигі Корбуттың бұйрығы: "Автоматшылар бөлімінің командирі Кемел Тоқаев 1943 жылдың 17 шілдесі мен 1 тамызы аралығында танктерді күзетуде ерекше батыл әрі ержүректік әрекет жасады. Толассыз артиллериялық атқылау кезінде танктермен байланысты үзбей ұстады. Тоқтаусыз пулемет - автомат оғының астында істен шыққан танктер мен экипаждар барлауын жүргізіп, танктерге ұтымды өткел жолын жасады. Өз автоматымен 20 гитлершілдердің көзін жойды".
Кемел Тоқаев ұрыстағы ерлігі мен батырлығы үшін 1945 жылы 30 қаңтарда екінші дәрежелі Отан соғысы орденімен наградталған. 7-ші гвардиялық бұзып өту танк полкінің командирі, гвардия подполковнигі Поваровтың бұйрығы: "Польшаның Еглиевец ауданындағы ұрыста немістер біздің позициямызға тұтқиылдан шабуыл жасады. Автоматшылар танкілерін қайсарлықпен қорғап, қарсы шабуылға шықты. Тоқаев жолдас жау тылын бірінші болып бұзып өтіп, 5 немісті өлтірді. Бір жаралы немісті тұтқынға алып, бөліміне келе жатқанда жарылғыш оқпен аяғынан жараланды. Қатты жарақатына қарамастан, аяғын таңып өзінің танкісіне жетті".
Осы ауыр жарақаттан кейін Кемел Тоқаев Гомель госпиталіне жеткізілді. Дәрігерлер сүйектері үгітіліп кеткен оң аяғын кесуге ұйғарған. Жас жауынгер аяғынан айырылса, бүкіл болашағына балта шабыларын түсінген. Операцияға келіспей, сүйекті ұзартуда клиникалық сынақтарын бастаған жас хирург Илизаровтың емін қабылдайды. Үш ай емхана төсегіне таңылды. Үміті ақталып балдаққа сүйеніп жүруге үйренді.
Соғыста жауды жеңген жауынгер басына түскен мүгедектікті де жеңді. Қазақ солдатының мызғымас та мұқалмас ерлік дәстүрінің тамыры батыр бабалары салған ұлттық мінездей тереңде жатыр.
1945 Жеңіс жылы 22 жасар Кемел Тоқаев Қазақ мемлекеттік университетіне оқуға түсті. Студенттік жылдары белгілі ғалымдар, жазушылар мен журналистер дәрістерін тыңдады. Қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Әуезовтің лекциялары оның жазушы болуға ынтасын оятты.
ЗАМАНДАСТАР СЫРЫ:
«Әлеумет бізді жоғалтқанымен, әдебиет бізді жоғалтпас». Бұл сөз бүгін сараласаң да, ертең зерделесең де, кемеліне келген ақыл іспетті, кең тынысты тұлға Кемел Тоқаев досымның ой-толғамы еді...
Мұзафар Әлімбай
Қазақстанның халық жазушысы
Алғашқы кітабы - «Жұлдызды жорық» «Қазақстан пионері» газетінің бас редакторы кезінде шықты. 1958 жылы милиция қызметкерлерінің қауырт та қауіпті еңбегі туралы екінші - «Тасқын» кітабын қазақ оқырмандары ғана емес, Қырғызстан, Өзбекстан және Моңғолияның көркем әдебиетті сүйетін қауымы жылы қабылдады. Сол кезден бастап Кемел Тоқаевтың шығармалары орыс тіліне аударылып, Совет Одағына кеңінен тарай бастады.