09:04, 14 Қыркүйек 2010 | GMT +5
Кэмерон «Аватар» фильмінің жалғасын түсірмек
АСТАНА. Қыркүйектің 14-і. ҚазАқпарат - «Титаник» және «Тұңғиық» фильмдері бойынша мұхитқа деген ерекше ықыласымен танылған американдық режиссер Джеймс Кэмерон өзінің атышулы «Аватар» фильмінің жалғасын мұхит тұңғиығына негіздемек.

Пандора ғаламшарындағы су астындағы тіршілікке арналған келесі фильміне материал жинау үшін режиссер әлемдік мұхиттың ең терең нүктесі - 11 шақырымнан асатын Мариан ойпатына түспек, деп хабарлайды ИТАР-ТАСС агенттігі.
"Санди таймс" апталығының хабарлауынша, атақты режиссер дайындық жұмыстарына ағымдағы жылдың соңына кіріспек.
«Келесі фильмде Пандора мұхитына назар аударғым келеді», деп мәлім еткен Кэмерон, мұхит тұңғиығындағы оқиғалардың ормандағы тіршілікті арқау еткен бірінші фильмнен де тартымды болатындығына үміт артып отыр.
Пандораның суасты әлемі туралы фильмі 2014 жылы жарыққа шығып қалуы мүмкін.