Кен-металлургия өнеркәсібі еңбеккерлерінің жалақысын 50-60 пайызға дейін көтеру қажет - Қ.Шөменов
АСТАНА. Сәуірдің 21-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Қазақстан Республикасы Кен-металлургия өнеркәсібі еңбеккерлерінің кәсіподағы сала қызметкерлерінің жалақысын 50-60 пайызға дейін көтеру туралы ұсынысын жасады.
Бүгін Астанада ҚР Кен-металлургия өнеркәсібі еңбеккерлері кәсіподағының 7-ші съезі өтті. Онда кен-металлургия саласының соңғы бес жылдағы жұмысының қорытындысы шығарылып, алдағы бес жылдыққа мақсат-міндеттер айқындалды.
Аталмыш кәсіподақ төрағасы Қайдауыл Шуменов атап көрсеткендей, бүгінгі күні Қазақстанның кен-металлургия кешені елдің өнеркәсіп өнімдерінің төрттен бір бөлігін құрайды. Оның Жалпы ішкі өнімдегі үлесі 24 пайызды құрап, екінші орында тұр, ал экспорттың жалпы көлемінің 20 пайызы осы салаға тиесілі. Сондай-ақ аталмыш сала бюджеттік түсімдердің 30 пайызға жуығын қамтамасыз етіп отыр.
Оның айтуынша, бірлескен күштермен жаңа Еңбек кодексіне еңбек ақысын төлеудің ең төменгі стандарты енгізілді. Ол өндірістің ауырлығы мен қауіптілігіне байланысты әр сала бойынша ең төменгі еңбекақыны белгілейді. Бұл жүйе жекелеген кәсіпорындарда жалақыны бірден 70 пайызға көтеруге мүмкіндік берді.
«Дегенмен, дәнекершілер мен механиктердің еңбекақысы сол күйінде төмен қалып отыр. Қазір кейбір кәсіпорындарда жоғары жалақы алатын бригадалар қалыптасып келеді, бірақ қосалқы қызметтердің жұмыскерлері әлі 35-40 мың теңге алып келеді», - деді ол.
Қ.Шөменовтың айтуынша, кен-металлургия саласы жұмыскерлерінің жалақысы экономикалық қызметтің 34 түрінің арасында 12-ші орында тұр. Кәсіподақ мүшелерінің пікірінше, бұл факт кеншілер мен металлургтердің еңбек өнімділіктерін арттыруға еш ынталандырмайды. Сол себепті, алдағы бес жылда сала қызметкерлерінің жалақысын кем дегенде екі есеге арттыру қолға алынбақ.