Кен-металлургиялық сектор жұмыс орындарын сақтайды

Ол теңгенің еркін айырбас бағамына көшуінің кен-металлургия секторына қалай әсер еткеніне мысал келтірді. Мәселен, әуелде жұмысшыларының жалақысын 25 пайызға қысқартуға шешім қабылдаған «Арселор Миттал Теміртау» компаниясы бастапқыдағы ойынан бас тартып, жалақы көлемін бұрынғыша қалдырған.
Атқарушы директор «Кен-металлургиялық кәсіпорындардың жұмысшылары ертеңгі күні жалақысын өсіруді өтінсе, келісесіздер ме?» деген сауалға: «Әрбір еңбек ұжымында жалақы мәселесі әкімшілік, жұмысшылар және кәсіподақтың келіссөздері нәтижесінде шешілуі керек. Егер кәсіпорын экономикасы қарқынды дамитын болса, кейбір компаниялар жалақыны өсіруі мүмкін, ал шығыннан көз ашпаған компанияда ондай әңгіме қозғалмайтыны анық»,- деп жауап берді. Оның айтуынша, кен-металлургиялық сектордағы өнімдерін экспортқа шығаратын кәсіпорындар ақшалай түсімді шетел валютасымен алады. Алайда, олар валютамен байланысты көп тауарды сатып алатындықтан, ұтылады. Сол себептен әрбір кәсіпорын өз қаражатын үнеммен жұмсауға ұмтылады. Үнемділік бар жерде, жалақы бұрынғы қалпында сақталады.
Аталған қауымдастық басшысы әлеуетті инвесторларды тартуға қатысты елімізде бірқатар озық бастамалар мен ізгі шаралар пісіп жетілгеніне тоқталды. Олар әсіресе, еңбек қатынастары саласында көрініс беруде. Н. Радостовецтің айтуынша, еліміздегі Еңбек кодексі жұмыс берушілерге міндетіне салақ қарайтын жұмыскерлерден құтылуға мүмкіндік бермейтін-ді, оларды сот арқылы қайтадан жұмысына орналастыруға мәжбүр болып келдік. Алайда, мұндай ұстаным нарықтық талаптарға сай келмеді. Ал, биылғы күзде Мәжіліске ұсынылатын жаңа кодексте осы мәселе шешімін тапқан. Соның бірі - жұмыс беруші бойкүйез жұмысшыны кәсіподақтың келісімінсіз-ақ жұмыстан шығара алады.
Ол сондай-ақ, теңгенің еркін айырбас бағамына көшуі нәтижесінде отандық өнімдер арзандай бастайтынын мәлім етті. Бұл жерде бізге Еуразиялық экономикалық одақтағы әріптесіміз - Ресейдің тәжірибесін ескеру маңызды. «Өйткені, ресейліктер рубльдің бағамы еркін айырбасқа жіберу арқылы өзіндік құнды түсіріп, соның нәтижесінде әлемдік нарықтардағы өз тауарына бәсекелестікке сай сұраныс туғыза білді. Яғни, олардың өнімдерінің өзіндік құны барынша бәсекеге қабілетті болуда. Өткен жылы ресейлік тауарлар Қазақстанға ағылды. Сондықтан, өндірісті дамытуға ниеттенген инвесторлар теңгенің еркін айырбасқа көшуін қуана қабылдады. Алдағы уақытта олардың Қазақстанға деген қызуғушылығы арта түседі»,- деді Н. Радостовец.
Әмірлан Әлімжан