Кененің шағуынан қалай қорғану керек – дәрігердің кеңесі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Жыл сайын наурыз айынан бастап елімізде, әсіресе оңтүстік өңірлерде, кене қаптайды. Кене энцефалиті – жәндіктен тарайтын ең қауіпті жұқпалы ауру. Осы орайда ҚР Президенті Іс Басқармасы медициналық орталығы ауруханасының инфекционист дәрігері Гүлжан Сейдахметова кене шағудан қорғану және шаққан жағдайда не істеу керектігі туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кене энцефалитінің негізгі белгілеріне бас ауруы, жүрек айну, құсу, лихорадка жатады. Сондай-ақ, адам санасында шатасу болып, бағдарсыздыққа тап болады. Дене құрысып, қозғалыс және сезімталдық сезімі бұзылуы мүмкін. Кейбір жағдайларда психикалық бұзылулар байқалады.

Адамдар оны кене энцефалитінің эндемиялық аймақтарына барған кезде жұқтыруы мүмкін. Ол дегеніміз ормандар мен саябақтар, жеке бақша учаскелер, сол сияқты үй жануарлары (ит, мысық) арқылы жұқтыру қаупі бар. Сонымен қатар киім-кешек, гүлдер, ағаш, өсімдік бұтақтары арқылы тарауы мүмкін.

Одан бөлек, кене вирусы оның шаққан жерін қасығанда, денедегі кенені сығып өлтіргенде және төрт-түлік малдың сүтін сүтін шикілей ішкенде де жұғуы мүмкін. Сондықтан сүтті пісіріп ішкен абзал.

Жұқпалы аурулар дәрігері Гүлжан Сейдахметованың айтуынша, кене шақпауы үшін адам өзін-өзі қорғауы керек.

«Табиғат аясында саяхаттағанда ұзын жеңді киім кию керек және бас киім міндетті түрде. Шашты бас киімнің астына жасыру керек. Жейде немесе футболканы шалбарға салу керек. Аяқ-киім мен шұлыққа да мән берген жөн. Аяқты толық жауып тұруы керек», – деп түсіндірді инфекционист.

Фото: gov.kz

Оның айтуынша, адамдар денесіне жабысқан кене көрсе оны бірден жұла бастайды. Олай істеуге болмайды.

«Қатты жіптің бір бөлігін алып, ілмек жасап, денеге жабысқан кенені шығару жолы бар. Кенені жіппен орап, екі жағынан кезекпен тарта отырып толық шығаруға болады. Сонымен қатар табиғат аясына шыққан кезде кенеге қарсы крем немесе спрей алуды ұмытпаңыз»- дейді ол.

Кенелердің ішінде ең қауіптісі – энцефалит, Қырым геморрагиялық қызбасын тудыратын иксодидтер. Дәрігердің айтуынша, кенелердің тіршілік ететін белгілі мекені бар.

«Астанада кене энцефалиті көп тіркелмейді. Кене энцефалиті ШҚО және Алматы облысында жиі кездеседі. Түркістан және Қызылорда облыстарында конго-қырым геморрагиялық қызбасын тудыратын кенелер бар. БҚО-да бүйрек синдромымен геморрагиялық қызбаны тудыратын кенелер мекендейді», - деп толықтырды маман.

Дәрігердің айтуынша, кенелер сәуір-мамыр айларында күн ыси бастаған кезде белсенді болады. Алайда, өте ыстық болған сәтте олардың белсенділігі төмендейді.

«Мен бұрын Қызылорда облысында жұмыс істедім, онда ақпан айының соңынан қыркүйекке дейін кене шаққан науқастар үнемі емделетін. Біз кенені мақта тампонымен, өсімдік майы мен пинцетпен аламыз. Кене өздігінен денеден шықпайды. Егер қолыңызда май немесе пинцет болмаса, пробоскопты алып, кененің айналасында айналдыру керек», – деген кеңес берді дәрігер.

Орталық клиникалық аурухана мамандарының мәлімдеуінше, ең сенімді қорғаныс ол кене энцефалитіне қарсы вакцина алу. Вакцинация жоспарлы немесе шұғыл жағдайда егілуі мүмкін. Алдын ала иммунитетті қалыптастыру үшін инактивацияланған вакцина егу үш кезеңнен тұрады. Күзде бірінші вакцинация (V1) яғни қазан, қараша айларында. Көктемде екінші (V2) наурыз, сәуірде, ал екпе алудың үшінші кезеңі бір жылдан кейін (RV) наурыз, сәуірде жүзеге асырылады. Аталған кешенді вакцина иммунитетті үш жыл бойы қорғай алады. Одан кейін ревакцинациядан (RV) өту керек. Сондай-ақ, вакцинаны жаз және кененің тарау маусымы басталмай тұрып кемінде екі апта бұрын алу керектігін ұмытпаған жөн.

Кене энцефалитіне қарсы шұғыл екпе егу, егер адам кененің таралу ошағынан келген жағдайда жүргізіледі. Қауіпті кезең - көктем мен жаз. Басқа маусымда энцефалитке қарсы шұғыл профилактика жүргізілмейді. Бір жылдан кейін қайтадан вакцина алады.

Егер вакцина алмаған адамды кене шақса, онда пациентке иммуноглобулиннің дозасы егіледі. Ол індеттің қозуына қарсы дайын антидене. Кене шаққан кезде және оны денеден алып шығуда мүмкіндігінше мамандарға жүгіну керек.


Соңғы жаңалықтар