Кеңес әскерлерінің Гитлерге «сыйлығы»

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - 1945 жылдың 20 сәуірінде Гитлердің туған күні, Берлин операциясының бесінші күні 1-ші Белорус майданының 3-ші екпінді армиясының 79-шы атқыштар корпусының алысқа ататын артиллериясы тұңғыш рет 13 сағат 30 минутта Берлинге қарай оқ атты. Бұл Гитлердің туған күніне арналған «өзіндік сыйлық» болатын. Сонымен, Ұлы Отан соғысының соңғы, шешуші шайқасы жақындап келе жатты.

Кеңес әскерлерінің Гитлерге «сыйлығы»

Мұның алдында ғана 19 сәуірде неміс әскерлері Берлинге қарай жаппай шегіне бастады. Бұл Берлин операциясының ең бір бетбұрысты сәті болатын. Қызыл армия ұйымдасқан түрде жауды өкшелей қуып, талқандауға көшті. 20 сәуір күні 3-ші екпінді армия мен 2-ші гвардиялық танк армиясы қиян-кескі ұрыстар жүргізе отырып, Претцелер Форст орманынан өтіп, Берлин маңындағы Вернойхен және Бернау қалаларын басып алды. Яғни, Берлинге дейін тікелей 20 шақырымдай қалды. Сол күні кешке 1-ші Белорус майданының қолбасшысы, маршал Г. Жуков 1-ші және 2-ші гвардиялық танк армияларының қолбасшыларына Берлинге барынша тез «бұзып-жарып кіру» керектігін талап етіп жеделхат жолдады. Онда: «Сіздердің армияларыңызға Берлинге бірінші болып басып кіріп, Жеңіс туын орнату жөнінде тарихи тапсырма жүктеледі: Бұл міндетті орындауды мен Сіздерге тапсырамын. Әрбір корпустан ең үздік деген бригаданы іріктеп алыңыздар да, оларға мына тапсырманы жүктеңіздер: 1945 жылдың 21 сәуіріне қараған түні сағат 4:00-ден кешікпей қалай болғанда да Берлиннің шетіне бұзып-жарып кіретін болсын. Бұл туралы Сталин жолдасқа баяндау және баспасөзге жариялау үшін маған тез арада баян етіңіздер» - делінген. 1-ші Белорус майданының қолбасшысы неге сонша асықты? Өйткені, оңтүстік жақтан Берлинге қарай оның «бәсекелесі» - маршал Иван Конев басқарған 1-ші Украин майданының әскерлері екпіндете жылжып келе жатқан еді. Ол да өз әскерлерін «қамшылаумен» болды.

Екі қолбасшының «жарысы» тарихтан мәлім. Екеуі де Берлинге бірінші болып басып кіргендіктері жөнінде Жоғарғы бас қолбасшыға бірінші болып баяндағылары келді. 20 сәуір күні 19 сағат 40 минутта маршал өзінің авангардта келе жатқан екі танк армиясының қолбасшыларына: «Маршал Жуковтың әскерлері Берлиннің шығыс шетінен 10 шақырым жерде тұр. Міндетті түрде бүгін түнде Берлинге бірінші болып басып кіруді бұйырамын. Орындағандарыңды хабарлаңдар» деген мазмұндағы жеделхат жолдайды. 20 сәуір күнінің қорытындысы бойынша, 1-ші Украин майданының 3-ші гвардиялық танк армиясы (қолбасшысы, бронетанк әскерлерінің маршалы П. Рыбалко) Берлинге барар 60 шақырым алға жылжып Барут қаласын басып алса, 4-ші танк армиясы 45 шақырым ілгері жылжып, Луккенвальде қаласының маңында ауыр ұрыстар жүргізді. Бұл Берлиннен 50 шақырым жерде болатын. Бұл жерде 1-ші Белорус майданының 3-ші екпінді армиясы, 79-шы атқыштар корпусының 2-ші дәрежелі Кутузов орденді 150-ші атқыштар дивизиясындағы 674-ші атқыштар полкінің 1-ші батальонының құрамында барлаушылар взводының командирі болып, Ақмола облысының тумасы лейтенат Рақымжан Қошқарбаевтың және 1-ші Белорус майданының 5-ші екпінді армиясының 2-ші дәрежелі Суворов орденді 301-ші атқыштар дивизиясының 1052-ші атқыштар полкінің құрамында атқыштар батальонының командирі болып, Кеңес одағының батыры, Ақмола облысының тумасы майор Сағадат Нұрмағамбетовтың немістерге қарсы жанқиярлықпен соғысқандарын айта кеткен жөн. Сондай-ақ, 20 сәуір күні 2-ші Белорус майданының (қолбасшысы, маршал К. Рокосовский) Берлиннің солтүстік жағында Одер өзенінің бойындағы Штеттен қаласының оңтүстігіне таман жерден Берлин бағытында алғашқы шабуылға шықты. П. Батовтың 65-ші армиясы Вест-Одер өзенін жүзіп өтіп, табан тірейтін бекініс жасады. Ал Кеңес ақпарат бюросының «Социалистік Қазақстан» газетінің 1945 жылдың 22 сәуіріндегі (жексенбі) №79-ші санында басылған «20 сәуірдегі ұрыстар мәліметінде» төмендегідей деректер келтірілген. «Біздің әскерлердің Орталық тобы ОДЕР және Нейсе өзендерінің батыс жағында шабуыл ұрыстарын жүргізді. Осы ұрыстардың нәтижесінде біздің әскерлер БАД-ФРАЙЕН-ВАЛЬДЕ, ВРИЦЕН, ЗЕЕЛОВ, ЛЕБУС, КЛИТТЕН, НИСКИ, ШПРЕМБЕРГ, ГОЙЕРСВЕРДА қалаларын алып, ДРЕЗДЕН бағытында КАМЕНЦ және БАУЦЕН қалаларына жақындады. РАТИБОР қаласының оңтүстік-батыс және оңтүстігінде 1-ші УКРАИН майданының әскерлері дұшпанның қарсылығын жеңе отырып, КОМАРОВ, МОКРЕ ЛАЗЦЕ, ХАБИЧОВ, ПИШТ, КРЕЙЦЕНОРТ, НОЙДЭРФЕЛЬ, ОЛЬЗА қыстақтарын алды. Ал Австрия жерінде ВЕНА қаласының солтүстік жағында 2-ші УКРАИН майданының әскерлері шабуыл ұрысын жалғастыра отырып, ХЕФЛАЙН, ГИНЦЕРСДОРФ, ЭРДБЕРГ, ВЕТЦЕЛЬСДОРФ, АМЕИС, ШТААТЦ, ВУЛЬТЕНДОРФ, ФРАТТИНГСДОРФ, ПООСДОРФ, НИДЕРЛЯЙС, ШТЕЙНБАХ елді-мекендерін және ШЛЕТЦ, НИДЕР-ЛЯЙС.темір жол стансаларын алды. 19 сәуірдегі ұрыстар барысында жаудың 129 - неміс танкісі талқандалды және жойылды. Әуе ұрыстарында зениттік артиллерияның күшімен 140 жау ұшағы атып түсірілді», делінген мәліметте.