Кеңес Одағының Батыры атағына 2 рет ұсынылғандар арасында 6 қазақ болған

АТЫРАУ. KAZINFORM — Былтыр Президент Ұлттық құрылтайдың Атырауда өткен үшінші жиынында «Қазақстанның қаһарман майдангерлері» жобасына назар аударды. Атыраулық әскери тарихшы, Жазушылар одағының мүшесі Жұмабай Доспанов бұл жобаның мақсаты мен іске асыру барысын әңгімелеп берді.

Кеңес Одағының Батыры атағына 2 рет ұсынылғандар арасында 6 қазақ болған
Фото: Жұмабай Доспановтың жеке архивінен

— Жұмабай Орынғалиұлы, бұл жобаны іске асыруды қашан бастадыңыз? 

— Бұрынғы кеңес дәуірінде көп мәліметке қолымыз жетпеді. Әсіресе, Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан, түрлі марапатқа ұсынылғанымен, ерлігі ескерусіз қалған қазақ майдангерлері туралы ашық айтылмады. Мұндай қаһармандарымыз аз емес. Осы себепке байланысты 1994 жылы сол кездегі «ҚазақТүрікМұнай» бірлескен компаниясының бас директоры Бақтықожа Ізмұхамбетов, Қазақстан Жазушылар Одағы Атырау облыстық филиалының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қойшығұл Жылқышиев үшеуміз арнайы жоспар жасақтадық.

Мақсатымыз — сұрапыл соғыста қан кешкен қазақстандық майдангерлердің ерлік жолын терең зерттеу. Сөйтіп, Жеңістің 80 жылдығына дейін 80 томдық кітап шығаруды ойластырдық. Осы кезге дейін әрқайсысы 7 кітапты тұратын 56 том жарыққа шығардық. Енді алдағы маусым айында тағы 24 томды жарыққа шығаруды жоспарлап отырмыз.

Кеңес Одағының Батыры атағына 2 рет ұсынылғандар арасында 6 қазақ болған
Фото: Жұмабай Доспановтың жеке архивінен

— Қолға алған жобаңыз ауқымды екен. Қандай деректерге назар аудардыңыз?

— Бұл — ұзақ зерттеуді қажет ететін жоба. Себебі, архивтегі деректерді зерттеу, жүйелеу секілді жұмыс біраз уақыт алды. Мәселен, 2015 жылы Жеңістің 70 жылдығына орай «Екінші дүниежүзілік соғыстағы қазақ офицерлері» деп аталатын 10 томдық кітапты баспадан шығардық. Сол кезде елімізде бұрын дәл осындай деректер қамтылған кітап шықпаған еді. Бұл кітаптарға 8400-ден астам қазақ офицері туралы мәліметті құжатымен енгізілді. Қазақ офицерлерінің кейбірі Қазақстанда, тіпті өзге республикаларда дүниеге келгенін анықтадық.

Олардың арасында 120 офицер батальон басқарған. Артиллерия дивизионына 20, авиация эскадрильясына 2, партизан отрядына 7 қазақ офицері басшылық жасаған ғой. Подполковник шеніне сай командирлердің саны — 149. Ал, аталған әскери құрылымдардағы аға офицер-майор шеніндегі қызметті атқарған да бар. Мәселен, комиссар міндетін 55 офицер атқарыпты. Мұның сыртында 162 қазақ офицерінің командирдің саяси орынбасары, 145-і сап жөніндегі орынбасары, ал, 79 қандас штаб бастығы болғаны туралы деректі таптық.

Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында 25 томды дайындадық. Оған 12 056 қазақ офицері енгізілді. Қандас офицерлердің 654-і өзге елде өмірге келген. Алдыңғы томдағы аға буын лауазымын атқарған 590 сардардың саны енді 961-ге жетті. Оның ішінде 185-і батальон, 39-ы дивизион командирі болғаны нақтыланды. 

Полк басшылығында қызмет атқарған қандастар туралы деректер те айтуға тұрарлық. Полк командирі — 16, полк комиссары — 10, полк командирінің саяси орынбасары — 13, полк командирінің сап бойынша орынбасары — 33, өзге орынбасарлар — 3, штаб бастығы — 20, авиаполк штурманы — 2, полк комиссарының орынбасары — 5, полк партия бюросының секретары — 66, полк қызметінің бастығы — 143, полк командирі мен штаб бастығының көмекшілері — 73. Полктарда 384 қазақ аға офицер қызметін атқарған.

Бригада басшылығында аға офицер-майордың қызметін айтпағанда, тек подполковниктің міндетін атқарған 32 қазақ офицері де кездесті. Мәселен, партия комиссиясының секретары — 7, бригада қызметінің бастығы — 13, саяси бөлім бастығының орынбасары — 6, штаб бөлімшесінің бастығы — 6.

Дивизия басшылығында тек подполковник шені бар офицерлерге жүктелетін лауазымды атқарған 36 қандасымыз бар. Партия комиссиясының секретары — 7, дивизия қызметінің бастығы — 14, саяси бөлім бастығының орынбасары — 3, штаб бастығының орынбасары — 3, штаб бөлімшесінің бастығы — 9.

Корпустағы подполковник шеніне лайық лауазымда болғандар дерегі мынадай: саяси бөлімнің аға нұсқаушысы — 5, әскери трибуналдың мүшесі — 1, артиллерия штабы бастығының көмекшісі — 1, саяси бөлімнің инспекторы — 2, саяси бөлімнің үгітшісі — 1, штаб бөлімі бастығының аға көмекшісі — 5, бөлім бастығының көмекшісі — 6. Ал «СМЕРШ» қарсы барлаудың полк, бригада, дивизия, корпус штабы жанындағы жедел өкілетті лауазым 59 қазаққа жүктелген.

— Соғыстағы ерлігі ескерілмеген қазақтар жайлы деректер бар ма?

— Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында «Не ставшие Героями Советского Союза» атауымен 3 томдық кітап шығарылды. Бұрынғы 15 одақтас республикадан аталған атаққа ресми ұсынылған, бірақ берілмеген 8097 майдангер барын анықтадық. Осы орайда алдыңғы бестікке Ресей (5118), Украина (1521), Қазақстан (417), Беларусь (224), Өзбекстан (157) елдері кіреді. Ресейдегі 5 аймақта Алтай өлкесі (227, біреуі — қазақ), Москва облысы (182), Орынбор облысы (176, бесеуі — қазақ), Татарстан (176) мен Саратов облысы (176, үшеуі — қазақ) тұр. Ал 56 ұлттың бірінші ондығында мыналар бар. Олар — орыс (5304), украин (1443), белорус (214), татар (179), қазақ (166), өзбек (102), армян (85), грузин (83), еврей (80) және әзербайжан (64).

Кеңес Одағының Батыры атағына бірнеше рет ұсынылса да берілмегендер арасындағы қазақтың ержүрек ұлдары бар. Өзге ұлттың бір өкілі 4, ал, тоғызы батыр атағына 3 рет ұсынылыпты. Соғыстағы ержүректілігі үшін 207 майдангерді 2 рет ұсынған ғой. Дәл осы топта 22 қазақстандық болған. Оның ішінде 6 қазақ болғанын анықтадық.

Батыр атағына ұсынылған 6 қазақ кімдер еді? Олар — Зейтен Байжанов, Қабыш Көктаев (Павлодар облысы), Құдайберген Жансеріков, Мінайқұл Сағындықов (Алматы облысы), Сағадат Нұрмағамбетов (Ақмола облысы) пен Сейітхан Темірбаев (Қостанай облысы). Ал ООрал қаласының тумасы Любовь Тележинская да — батыр атағы берілмеген қазақстандық майдангердің бірі. Ол 301-ші атқыштар дивизиясының 1052-ші атқыштар полкында Сағадат Нұрмағамбетовпен бірге 2,5 жыл соғысқан.

— Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында жарық көрген «Қару мен қалам» кітабыңызға қанша қаламгер енді?

— Президент былтыр Жеңістің 80 жылдығын лайықты атап өту туралы тапсырма берді. Осыған орай Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның жетекшілігімен «Қару мен қалам» атты майдангер-қаламгерлер хақындағы кітапты шығару үшін тек жеке құжат деректерін іздестірдім. Бұрын майданда болған 80-ге қаламгердің берегі белгілі еді. Жақында жарық көрген 224 беттік тың кітапқа 215 майдангер-қаламгердің дерегі енді.

— Соғыс жылдарында қанша қазақша газет шыққан?

— Екінші дүниежүзілік соғыс басталған 1941 жылдың 1 шілдесінде Кеңес Одағындағы қазақтардың саны 3 миллион 220 мың болған. Соғысқа 18-60 жас аралығындағы 575 мың қазақ алынған. Қызыл Армия құрамындағы 22 майданның 15-інің құрамындағы қазақтар саны 30 мыңнан асқан ғой. Соған байланысты әскери кеңестердегі майдандық газеттер жанынан қазақ редакциялары ашылды. Былайша айтқанда, 15 майдандық газет шығып тұрған.

Мәселен, 2-ші Қиыр Шығыс майданында жарық көрген «Дабыл» газетінің редакторы майор Ж.Аймұратов болса, капитан Р.Айтжанов, ұйымдастырушы-тілші, аға лейтенант Е.Қалиев, тілші-ұйымдастырушы, тілші-ұйымдастырушы аға лейтенант Ж.Тілеков жұмыс істеген. Брянск майданында «Жауды жоюға!» газетінде аудармашы, аға лейтенант Ә.Тұрымбетов, 1-Балтық жағалауы майдандық «Жауға қарсы аттан!» газетінің редакторлары — майор С. Машақов, майор О.Нұрсейітов, майор Ж.Аймұратов, әдеби қызметкерлер капитан А.Закарин, аға лейтенант Д.Әбілев, лейтенант Қ.Көпішев, лейтенант С. Омаров, аудармашы капитан Ә.Тұрымбетов, тілші капитан Е.Тасанбаев.

Ал, «Қызыл армия» газетін 1-ші Белорусь майданында тілші-ұйымдастырушылар лейтенант Т.Ақшолақов, лейтенант Қ.Әбдіқадыров, капитан М.Дінішев шығарып тұрған. «Қызыл әскер ақиқаты» газетінде капитан Ғ.Әбішев әдеби қызметкер, аға лейтенант Х.Нұрмұхамедов тілші-ұйымдастырушы дайындап отырған. «Майдан правдасы» Волхов майдандық газетін шығаруға редактор капитан Н.Қурабаев, 2-ші Белорусь майданында газет редакторы майор А.Елшібеков, тілші-ұйымдастырушылар капитан Ж.Молдағалиев, капитан С. Есбатыров, аудармашылар политрук Р.Айтжанов, әкімшілік капитаны С. Сейітов, лейтенант С. Мәуленов атсалысқан. «Отан намысы үшін» Воронеж майдандық газетінің редакторы аға лейтенант С.Құлбабаев, редакциясында аудармашы аға лейтенант К.Сүгірбеков ұйымдастырған. 1-ші Украин майдандық газетіне майор С.Құлбабаев жетекшілік етсе, аға лейтенант Ш. Кәрібаев тілші-ұйымдастырушы қызметін атқарған.

«Отан үшін!» Солтүстік-Батыс майдандық газетінің жауапты редакторы капитан К.Усманов, әкімшілік лейтенанты С. Сейітов қазақ редакциясында аудармашы болған. Кейін майор К.Уманов 2-ші Белорусь майдандық газетіне жауапты редакторы ретінде қол қойған. Ал, «Отан үшін ұрысқа!» газеті Карель майдандық газеті болған. Оған майор Н.Қурабаев редактор болса, тілші-ұйымдастырушылары капитан Р.Айтжанов, капитан Т.Қорабаев, Б.Жұмағалиев, аудармашысы — аға лейтенант Ә.Бектемісов.

«Отанды қорғауда» Ленинград майдандық газетінің жауапты редакторы майор К.Усманов, лейтенант Т.Әшімбаев аудармашы, редактордың орынбасары, аға лейтенант А.Сыздықбеков тілші-ұйымдастырушы міндетін абыроймен атқарды. «Совет жауынгері» газеті Оңтүстік-Батыс майданы, 3-ші Украин майданында шығып, қазақ редакциясының редакторы майор Ы.Дүйсенбаев, ал, майор Ә.Сәрсенбаев әдеби қызметкер, капитан Н.Айдарғалиев тілші-ұйымдастырушы, лейтенант Ж.Сейітқазиев корректор болған. Өзбек редакциясының редакторы — майор Ф.Камалов.

«Сталин туы» газеті Оңтүстік майданында, кейін 4-ші Украин майданында шығарылып, газет редакторы ретінде майор Ә.Ипмағамбетов, лейтенант Қ.Әбдіқадыров әдеби қызметкер болған. «Сталиндік жауынгер» газетінде аға лейтенант Ә.Бектемісовке аудармашылық міндет жүктеліпті. Забайкалье майданында «Суворовский натиск» газетін майор С. Елагин майдан өмірі бөлімінің меңгерушісі, лейтенант Қ.Көпішев тілші-ұйымдастырушы ретінде дайындаған. Ал «Суворовец» басылымы 2-ші Балтық жағалауы майданында кең таралып, оның қазақ редакциясы бойынша тілші-ұйымдастырушысы капитан Қ.Сүлейменов болған.

— Майданда болған қаламгерлер қандай марапатқа ие болған?

— Қазақстаннан соғысқа барған қаламгерлер аз емес. Көпшілігі соғыстан кейін танымал болды. Олардың арасында Кеңес Одағының Батырлары Мәлік Ғабдуллин, Иван Воронин, кейін Кеңес Одағының Батыры атағы берілген Бауыржан Момышұлы бар. Бір таңданарлығы, Иван Воронин 1945 жылы екі рет — ақпан және наурыз айында Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған екен. Алғашқыда оған Александр Невский орденін беріпті. Ал мамыр айының соңғы күнінде ғана батыр атанды.

Тағы бір дерекке тоқталсам, Владимир Зятьковты алғашқыда 1944 жылы, кейін 1945 жылы Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынған ғой. Бірақ, батыр атағы берілмеген. Оның ерлігін «Жауынгерлік Қызыл Ту», «Ленин» орденімен бағалаумен шектелген. Ал, Егемқұл Тасанбаевқа 1957 жылы еңбектегі жетістігі үшін Социалистік Еңбек Ері атағы берілді.  Батыр атағына ұсынылғанымен, ерлігі еленбеген қаламгерлер арасында Михаил Васильченко, Анатолий Гайдин, Василий Юров пен Василий Явров бар. Оларды тек «Ленин», «Жауынгерлік Қызыл Ту», үшінші дәрежелі Суворов ордендерімен марапаттады.

Кеңес дәуірі кезінде ақын Жұбан Молдағалиев пен жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовке КСРО Мемлекеттік сыйлығы берілді. Алайда, әйгілі «Көшпенділер» трилологиясының авторы, жазушы Ілияс Есенберлин Леиндік сыйлыққа ұсынылғанымен, бұл атақ берілген жоқ. 

Еліміз тәуелсіздігін алған соң қазақ қаламгерлері арасынан Қасым Қайсенов Қазақстанның Халық Қаһарманы, Әбдіжәміл Нұрпейісов Қазақстанның Еңбек Ері атанды. Бірақ, Кеңес Одағының Батыры атағы берілмесе де, сұрапыл соғыста батылдығымен танылған әр майдангердің ерлігі ешқашан ұмытылмауы қажет. Өйткені, олар — бүгінгі бейбіт өмірді сыйлаған қаһармандар.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Партизан күнделігі: Қасым Қайсеновтің жау тылына жорықтары — аңызға айналған ерлігі жайлы жазлыған еді.

Соңғы жаңалықтар