Кенесары хан: шені мен шекпені қандай - баспасөзге шолу
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 19 ақпан, бейсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
***
Елбасымыз «Нұрлы жол» бағдарламасын жариялағаннан кейін көп ұзамай арасына азғантай уақыт салып, атқарушы биліктің алқалы жиынын екі мәрте өткізді, дер жазады "Айқын" бүгінгі санындағы "Жағдай Қазақстан үшін қолайлы" атты мақалада. Басылымның атап өтуінше, алғашқысында жаңа бағдарламаны жүзеге асырудың алғашқы жылындағы билік буындарының міндеттерін белгілеп берді. Бұл кезде әлемдік қор биржаларындағы жағдай біз үшін онша қолайсыз болған жоқ. Сондықтан да министрлер ештеңеге алаңдамай, жұмыс істеуге кірісті. Ал Ерболат Досаев болса «мұнай баррелі 40 долларға түссе де, соған лайық жоспарымыз дайын» деп сенімді бекіте түсті. Келе-келе, әлемдік қор биржаларындағы баға құбылысы бізден теріс айналғандай жағдай пайда болды. Мұнай баррелі 45 долларға жетіп қалды. Ресей Федерациясында рубль екі еседен астамға құнсызданды. Біздің теңге де салмағын түсіре бастады. Осыны байқаған Елбасымыз атқарушы биліктің алқалы жиынын екінші рет шақырды. Мұнда дүниежүзіндегі қаржы-экономикалық дағдарыстың тереңдей түсуіне байланысты не істеу керектігін министрлер мен әкімдерге нақтылап түсіндірді. Көп ұзамай Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов Елбасының тапсырмаларын орындаудың жоспарын бекітті. Бұл шақта әлемдік сауда алаңында жағдай тағы да өзгеріске ұшыраған. Мұнай баррелі 45 доллардан 56 долларға дейін тағы да жоғарылады. Сол жоғарылау өткен аптада 61 доллардан асқан межеге жетті. Бір еске салатын тұс, өндірістің металдар бағасының да көмірсутектері бағасымен қатар өскендігі. Жаратушының өзі «сақтансаң сақтаймын» деген екен. Мұны атқарушы билікпен өткізген соңғы алқалы жиында Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өзі айтты. Жоғарыда айтылған сыртқы әсерлерден қорғанудың жалғыз-ақ жолы бар, ол - жастардың қолы бос уақытын болдырмайтындай адал еңбек ететін жұмыспен қамту саясатын пәрменді және нәтижелі жүргізу. Егер осы тұста олқылық жіберсек, «бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» дегендей жағдайға тап болуымыз мүмкін. Осы басылымда "Кенесары хан: шені мен шекпені қандай" деген мақала басылып отыр. Онда Кенесары хан туралы бір кітаптың сыртқы мұқабасына айбарлы ханның ақбоз ат мініп, орыс полковнигінің эполеті мен Георгиев лентасын таққан, басына қоқырайтып фуражке киген суретін салып қойғандығы айтылған. Патшалық Ресей басқыншылығына қарсы он жыл бойы ат үстінен түспей соғысқан, сол жолда алтын басын қиған, бүтін бір ұлттың беткеұстар ханы, ұлттық батыры Кенесары ханды орыс полковнигінше киіндіргендегі көздеген мақсат не?! - дейді автор. Базбір тарихшылардың Кенесары хан полковник шенін алған, өзі орыс полковнигінің эполетін таққан деп жазып жүргені рас. Оның анық-қанығын зерттеушілер айта жатар, бірақ біз қолымызға ондай еш жерден деректі іліктіре алмадық. Рас, патша заманындағы орыс зерттеушісі Мейердің Кенесары ханды «иығында «полковник эполеті» бар әдемі барқыт шапан киген» деп суреттейтін жері бар. Бірақ лента таққан, фуражке киген деп тұрған жоқ. Полковник эполетін тақса да, ханның үстіне киінгені қазақы барқыт шапан екенін айдан анық жазып отыр. Ханға жан дүниесімен қарсы болған Мейердің алдында «полковник эполетін» тақса, таққан да шығар, бірақ бұл оны хан үнемі үстінен тастамады деген сөз емес қой. Ендеше, жоғарыдағыдай ханды орысша мұздай киіндіріп, оған қоса фуражке кигізіп, лента тақтырып қоюға бұл жазба ешқандай негіз бола алмайды, деген пікірін білдіреді мақала авторы Төреғали Тәшенов.
***
Кеше Ақордада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Астанадағы бағдарламасы офисінің жетекшісі Н.Заруднамен кездесті, деп жазады "Егемен Қазақстан" бүгінгі санындағы "Қауіпсіздік пен ынтымақтастыққа есік әрқашан ашық" атты мақаласында. Басылымның жазуынша, Мемлекеттік хатшы Қазақстан мен ЕҚЫҰ арасындағы ынтымақтастық жоғары деңгейде екенін, оған еліміздің 2010 жылы аталған ұйымға төрағалық етуі дәлел болатынын атап өтті. Алдымыздағы жылдарда Қазақстанның ЕҚЫҰ-мен арадағы ынтымақтастық бағыттарының бірі «Қауіпсіздік қоғамдастығы жолында» деп аталатын Астана декларациясында белгіленген Еуроатлантикалық және еуразиялық қауіпсіздік қоғамдастығын құру жөніндегі стратегиялық мақсатқа қол жеткізу болып табылады. Кездесу барысында ЕҚЫҰ бағдарламасының офисі өзінің мандатына сәйкес Қазақстанда орталық және жергілікті мемлекеттік органдармен және ведомстволармен өзара іс-қимылды қауіпсіздіктің үш өлшемінде (әскери-саяси, экономикалық-экологиялық, гуманитарлық) жүзеге асыратыны айтылды. Сондай-ақ, аталған басылымда бүгін өтетін имамдар форумына байланысты "Имам - діннің айнасы" деген тақырыппен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ерлан қажы Малғажыұлының мақаласы беріліп отыр. Бас мүфтидің жазуынша, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы елімізде тұңғыш рет «Ислам - бейбітшілік пен келісім» атты І республикалық имамдар форумын өткізуді жоспарлап отыр. Діни саладағы тарихи іс-шараны ұйымдастырудағы мақсатымыз - бірлік пен береке ұйытқысы - Исламның асыл құндылықтарын насихаттау, жастарымызды, жалпы жұртымызды имандылыққа, ізгілікке үндеу, бір шаңырақтың астында ұйымшылдыққа ұйысқан ұлттар мен ұлыстардың татулығын нығайтуға үлес қосу. "Имамдар форумын ұйымдастырудағы тағы бір үлкен ниетіміздің бірі - дін қызметкерлерінің білігі мен білімін байыту, қазіргі қоғамға сай діни кадрлар сапасын арттыру. Өйткені, бүгінгі заман талабы имам-молдаларға зор жауапкершілік жүктейді. Имамдық - жауапкершілігі мол маңызды қызмет", - дейді Бас мүфти. *** Тарихта "қазақ" сөзі бұрын болжанып келгеннен 500 жыл бұрын пайда болғаны белгілі болды деп жазады "Экспресс-К" газеті. Мұндай жаңалықты Сүлейменов атындағы шығыстану институтының қызметкері Ғалия Қамбарбекова Иранда "Тарихи монғол" атты көне қолжазбадан тауып алған. Басылымның атап өтуінше, сараптама жұмыстары "Тарихи монғол" жазбасы Алтын Орданың құрыла бастаған кезіне тұспа тұс келеді. Онда Х ғасырда, Шыңғысхан шапқыншылығынан бұрын қазақтың қыпшақ пен қаңлы тайпалары Баласағұн қаласына жиі жиі шабуыл жасап тұрғаны айтылады. Бұған дейін ғалымдар "қазақ" атауы Керей мен Жәнібек қазақ хандығын құрғаннан кейін ғана қалыптасты деп есептеп келді. Бұл мәселенің басын ашуға Иран, Үндістан мен Қытайдағы көне жазбалар көмектесетіні анық. Басылымның атап өтуінше, бұл жазба тағы бір маңыздылығымен ерекшеленеді. Яғни Алтын орданы кейін қазақ болып біріккен тайпалар емес, сол кездің өзінде қазақ деп аталған ұлт құраған болды ғой, дейді мақала авторы. Яғни бұл, Шыңғыс ханның ұлы Жошы мен немересі Бату қазақтардың ең алғашқы монархтары деген сөз.