«Кеңейтілген келісімге» 10 жыл: Қазақстан мен Еуропа 29 бағытта ынтымақтасады
АСТАНА. KAZINFORM – Биыл Қазақстан мен Еуропаның Кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісім орнатқанына 10 жыл толады. Бұл ретте Қазақстан – ұйымның «жаңа буын келісімін» жасаған Орталық Азиядағы алғашқы мемлекет.
Қазақстан – Орталық Азиядағы басты серіктес
Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы дипломатиялық қатынастар Тәуелсіздік бастауында, 1993 жылдың 2 ақпанында орнаған еді. Бұл еліміздің сыртқы саясатындағы маңызды бетбұрыс болды.
Ал 2015 жылы бекітілген Кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісім Қазақстан мен Еуроодақ ынтымақтастығын жаңа сапалық деңгейге көтеріп, Қазақстанды Орталық Азиядағы басым серіктес ретінде танытты.

– Бұл келісім екіжақты қатынастарды тек саяси деңгейде емес, нақты салалар бойынша жүйелі түрде дамытуға мүмкіндік берді. Дәл осы құжат шеңберінде экономика, инвестиция, энергетика, көлік, қоршаған орта, ғылым, инновация, құқық сынды 29 бағытта нақты келісімдер жасалды. Осы жылдары инвестициялардың құқықтық қорғалуы күшейіп, қос тарап 50 млрд доллардан астам сомаға сауда жасады. Мұндай көрсеткіш әзірге басқа мемлекеттерде болған емес, – деді Парламент сенатының депутаты Бибігүл Жексенбай агенттік тілшісіне берген сұхбатында.
Депутаттың айтуынша, Еуропалық Одақтың мұндай кеңейтілген келісімді аймақта бірінші болып Қазақстанмен жасасуы – еліміздің тұрақты саясаты мен халықаралық беделінің айғағы.
– Мұны Қазақстанға Еуропалық Одақтың үлкен сенімі, яғни серіктес ретінде жоғары бағалауы деп айтуға болады. Келісім аясында жоғары деңгейдегі стратегиялық диалог жолға қойылып, Қазақстан – Еуропа қатынастары жаңа форматқа өтті. Басқа мемлекеттермен салыстырмалы түрде айтсақ, Еуропалық Одақпен мұндай кеңейтілген келісімдер былтыр Қырғызстанмен, биыл Өзбекстанмен жасалып жатыр. Яғни бізде 10 жыл бұрын Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы үлкен серіктестіктің негізі қаланды, – деді Б. Жексенбай.
Еуропа мұнайының 13% Қазақстаннан жеткізіледі
ҚР Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, 2025 жылдың басынан бері Еуропалық Одақ елдері Қазақстан экономикасына 200 миллиард доллардан астам инвестиция салды. Бұл Еуроодақтың Орталық Азия аймағына бағыттаған жалпы инвестициясының шамамен 65 пайызын құрайды.
Бұл шекті меже емес, қос тараптың шикізаттық емес секторларда, әсіресе ауыл шаруашылығы саласында әлі де іске қосылмаған зор ынтымақтастық әлеуеті бар. Қазіргі уақытта Қазақстан балық пен балық өнімдерін Еуропалық Одақ нарығына экспорттап отыр, жақын уақытта бал өнімдері де жеткізілмек. Сондай-ақ балық шаруашылығы, ет және ет өнімдерін ЕО нарығына шығаруға рұқсат алу бағытында жұмыстар жүріп жатыр.
Қазақстан – Еуропалық Одақтың сенімді серіктесі және энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. ЕО елдері тұтынатын мұнайдың 13%-ын және уранның 16%-ын Қазақстан жеткізеді. Алдағы жоспар – Қазақстаннан Еуропаға «жасыл» сутегін экспорттауды жолға қою.
Қазақстан қазірдің өзінде ЕО елдеріне титан, бериллий, тантал сияқты сирек кездесетін металдарды жеткізеді. Еуропалық тарап Қазақстанда сирек металдарды барлау, өндіру және өңдеу ісінде қолдау көрсетуге ниетті. Биыл Еуропалық комиссия ресми түрде Қарағанды облысында орналасқан графит өндіретін «Сарытоған» жобасын ЕО-ның стратегиялық жобалары тізіміне енгізгенін хабарлады. Бұл мәртебе Еуропалық комиссияның аталмыш кен орнын игеруге инвестиция тарту процесін бастағанын білдіреді. Сарапшылардың бағалауынша, жалпы капиталдық шығындар 62 млн мен 344 млн доллар аралығында деп айқындалған.
Қазақстан мен ЕО арасында көлік және логистика саласындағы ынтымақтастық та кеңейіп келеді. Бұл стратегиялық маңызға ие, себебі Қазақстан Еуропа мен Азия тоғысқан географиялық аймақта орналасқан. Қазақстан аумағы арқылы Транскаспий халықаралық көлік бағыты өтеді, ол геосаяси тұрақсыздық жағдайында дәстүрлі маршруттарға маңызды баламаға айналды. Осы саладағы ЕО-мен ынтымақтастық екі тарапқа да экономикалық пайда әкеледі. Қазақстан инвестицияларға, технологияларға және шикізаттық емес сектор мен инфрақұрылымды дамыту арқылы экономиканы әртараптандыру мүмкіндіктеріне қол жеткізеді. Өз кезегінде Еуропалық одақ Азиямен көлік байланыстарын нығайтып, логистикалық шығындар мен тәуекелдерді азайтады. Сондай-ақ «Жаһандық шлюз» (Global Gateway) стратегиясын іске асыруда Қазақстан Орталық Азиядағы басым серіктес ретінде қарастырылып отыр.
Еуропаға виза режимін жеңілдету келіссөздері басталды
Қазақстан мен Еуропалық Одақ білім мен ғылым саласында да табысты ынтымақтасып келеді. Бұл тәжірибе алмасу, студенттер мен академиялық қауымдастықтың мобильдігін қолдау, сондай-ақ «Erasmus+» сияқты бірлескен бағдарламаларға қатысу арқылы көрініс тапқан.
Қазақстанда әлемнің 40 жетекші жоғары оқу орнының филиалдары ашылған немесе олармен мазмұнды серіктестік орнатылған. Олардың қатарында ЕО елдерінің – Германия, Франция, Италия, Мажарстан және Польшаның университеттері бар. Ондағы бағдарламалардың 85%-ы басым және жоғары технологиялық бағыттарға, атап айтқанда компьютерлік инженерияға, киберқауіпсіздікке, жаратылыстану және техникалық ғылымдарға, ядролық физика мен басқа да сұранысқа ие мамандықтарға бағытталған.
Сонымен бірге, адамдар мен бизнестің ұтқырлығын арттырып, мәдени-гуманитарлық саладағы өзара алмасуды күшейту мақсатында жуырда ЕО тарапынан Қазақстан азаматтары үшін виза режимін жеңілдету туралы келісім бойынша келіссөздер басталады. Осылайша, Астана мен Брюссель маңызды минералдардан бастап жасанды интеллектіге дейін, жаңартылатын энергия көздерінен бастап адами байланыстарды нығайтуға дейін бірін-бірі толықтыратын артықшылықтарға ие. Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы тығыз ынтымақтастықтың арқасында тараптар тек экономиканы нығайтып қана қоймай, тұрақты және инновациялық болашаққа жол ашады.
Айта кетейік, 2021 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Брюссельге ресми сапармен барды, ал 2022 жылы Еуропалық кеңестің президенті Шарль Мишель Қазақстанға келді. Сол жылы Президент бастамасымен Астанада Орталық Азия елдері көшбасшылары мен Еуропалық Одақ президентінің алғашқы кездесуі өтті.
Биыл Президент Қ.Тоқаев Еуропалық Кеңес президенті Антониу Коштамен екі рет кездесті, (сәуірде Самарқандтағы «Орталық Азия – Еуропалық Одақ» саммиті мен қыркүйекте Нью-Йорктегі БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясы аясында).
Сондай-ақ Президент Еуропалық Комиссия президенті Урсула фон дер Ляйенмен (сәуірде Самарқанда) кездесу өткізді және наурыз айында Алматыда Еуропалық Одақтың сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғары өкілі Кая Калласты қабылдады.