Кентау сауда орталығындағы өртті сөндіруге 40-қа жуық маман атсалысты
АСТАНА. KAZINFORM — Түркістан облысының өрт сөндірушілері Кентау қаласы Әл Фараби көшесінде орналасқан 3 қабатты АБК сауда орталығының шатырын шарпыған өртті сөндірді.

Түркістан облысы Кентау қаласы ТЖ бөлімінің мәліметінше, құтқарушылар жоғары дәрежемен жұмыс жасаған.
Оқиға орнында өрт сөндіру жедел штабы құрылды. Өрті сөндіруге жеке құрамнан 38 адам және 8 бірлік техника жұмылдырылды. Сонымен қатар өрт сөндіру оқпандары үздіксіз су беру қамтамасыз етілді. Зардап шеккендер жоқ.
— Өрт сөндірушілер келіп жеткенде 1000 шаршы метр сауда үйінің шамамен 270 шаршы метр аумағы жанып жатқаны анықталды. Сағат 22:09 шамасында өрт толығымен сөндірілді. Қазір өрттің шығу себебі анықталып жатыр, — деді Түркістан облысы Кентау қаласы ТЖ бөлімінің бастығы Серік Төлегенов.
Бұған дейін Астанада үш қабатты ғимарат өртке оранғанын жазған едік.