Кентаулық ұстаздың үйінде 48 елдің тиыны сақтаулы тұр
Кентау қаласының тұрғыны Ерлан Байменов тиын жинаумен әуестенеді. Студент кезден басталған коллекцияға деген қызығушылығы, кейін хоббиіне айналды. Қазір үйінде 48 мемлекеттің тиындары сақтаулы тұр. Олардың ішінде әлем картасынан жойылып кеткен елдердің де ақшасы бар.
«Мұрат Тастанбеков есімді ағайым бірде тарих сабағына өзінің жинаған тиындарын алып келіп таныстырды. Содан бастап менің де тиын коллекциясын жинауға деген қызығушылығым артты»,-дейді ұстаз.
Ерлан көбінесе тиындарды жарнамалық сайттардан сатып алады. Одан бөлек, базарлар мен жаймалардың қызметін тұтынады. Ал, хоббиін білетін таныстары мен туыстары, достары өздерінде бар сирек тиындарды сыйлап кететін кездері көп. Қазір үйдегі коллекциясы 5 келіден асады. Олардың ішінде көне тиындармен қатар, сирек кездесетін ақша түрлері де бар.
«Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай шыққан 500 теңгелік бар. Жақында бір күміс тиын сатып алдым. Сондай-ақ, еліміз егемендігін алған жылдар ішінде құйылған тиындар мен жарық көрген ақшаларды коллекцияма қосым қойдым»-дейді ол.
Қазіргі кезде Ерлан Ануарұлы Кентау қаласына қарасты Хантағы ауылындағы А. С. Пушкин атындағы мектептің директоры. Одан бөлек, Сауран аудандық мәслихатының депутаты. Бүгінде халық қалаулысы аудан аумағындағы мәселелерді шешуге белсенді түрде атсалысып келеді.