Кенжеболат Жолдыбай: Рухани жаңғыру - замана талабы
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қоғамдық сананы түбегейлі жаңғыртпай, саяси сана мен экономикалық сананы жаңғырту мүмкін емес. Сондықтан, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында бізді рухани жаңғырудың озық үрдістерін іске асырудың алты бағытын ілгерілетуге шақырды. Белгілі саясаттанушы, журналист Кенжеболат Жолдыбай Президент мақаласының негізгі түйіні жөнінде осындай пікір білдірді. ҚазАқпарат Кенжеболат Жолдыбайдың «Рухани жаңғыру - замана талабы» атты мақаласын оқырман назарына ұсынады.
***
Рухани жаңғыру - замана талабы
ХІХ ғасырда қазақтың атақты күйшісі Дәулеткерей Түрікмен еліне барған екен. «Түрікмен ағайындар керемет дархан, кеңпейіл екен, - дейді майталман күйші, - не ішейін, не жейін дегенім жоқ, бәрі де алдымда болды. Кетерімде көп мал берді, алмадым, өледі ғой деп, көп дүние берді, алмадым, тозады ғой деп... Өлмейтін, тозбайтын бір нәрсе әкелдім, Көрұғлының күйін әкелдім, тартып берейін...».
Әрине Дәулеткерейге мал да керек, дүние де керек, бірақ ол дүниедегінің бәрінің өткінші екендігін, рухани дүниенің мәңгілік екендігін айтып отыр. Ал, руханият мәселесі тұрғысынан келетін болсақ, адамның жүрегіне иман орын алып, көкірегінде сақталуы тиіс, яғни сананың жаңғыруы тиіс. Қарияларымыз сонау атамзаманнан жас өскіндерге «Иманды, ырысты бол», деп бата берген. Сөйтіп, иманды ырыс байлықтан жоғары қойды, соны бала санасына сіңірді.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының негізгі түйіні де осыған саяды. Яғни, қоғамдық сананы түбегейлі жаңғыртпай саяси сана мен экономикалық сананы жаңғырту мүмкін еместігін ескертеді. Сондықтан, Президент мақаласында бізді рухани жаңғырудың озық үрдістерін іске асырудың алты бағытын ілгерілетуге шақырды. Атап айтқанда, бәсекеге қабілеттілікті, прагматизмді қалыптастыру, ұлттық ерекшеліктерді сақтау, білімге құштарлықты арттыру, сананың ашықтығын қамтамасыз ету, қоғам өмірінде эволюциялық даму жолын таңдау ісін замана талабына сай бейімдеу қажеттігіне назар аударды.
Иә, бүгін қоғамда осы бағытта едәуір бетбұрыс байқалады. Әсіресе, БАҚ беттерінде бұл үрдіс мейлінше сезіледі. Нәтижесінде, бүгінгі көрермен мен оқырман рухани азықтың тамырын терең байыптай отырып, халқымыздың ғасырлар бойы жинақталған бай тәжірибесінен, рухани құндылықтарынан нәр алуда. Айталық, «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі жедел түрде қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде бүкіл республика аумағына және 50-ге жуық шетелдерге күн сайын рухани-мәдени хабарлар жіберіп келеді. Бұл хабарлар, сондай-ақ латын әрпімен және арабша төте жазу тәсілімен жақын және алыс шетелдерде тұрып жатқан қазақ диаспорасына да ұсынылып отыр. Өздерінің рухани - танымдық материалдарын және бағдарламаларын мерзімді баспасөз, Телерадио интернет желісі арқылы таратып, аудитория көлемін ұлғайтуда.
Дегенмен, сырттан қаптай еніп жатқан әрқилы жат бағыттар мен кейбір радио - телехабарлардағы нәсіп құмарлық, дүниеқоңыздық, қатігездік пиғыл - ниеттерді насихаттау әрекеттері де жоқ емес. Сондықтан, өскелең ұрпақтың санасына кері әсер ететін осындай ақпараттарды заңдылық тұрғыдан реттеу қажет. Сондай-ақ, қазір жалпақ сөзден, жалаң насихаттан көрі халыққа нақты да тартымды дүниелер ұсынылғаны жөн. Осындайда, белгілі суретші Ерболат Төлепбаевтың Жапония жайындағы мына бір әңгімесі есіме түседі.
Ол теледидардан теміржол бойында небәрі 8 шаршы метр жерде кішкене ғана баспанада тұратын жапондықтың жеке жетістігін көрсеткенде өзінің таң қалғандығын жасырмайды. Оның сыры мынаған келіп тіреледі. Көсіліп жатса, аяғы сыртқа шығып қалатын мекенінде жапондық үйін еденнен төмен қарай қазады. Күнделікті теміржолдағы жұмыстан кейін үйіне келіп қазған тура үш қап топырағын үш жыл бойы арнайы орынға тасып отырады. Санап жіберсең осы уақыт ішінде ол тура 3285 қап шығарыпты. Сонымен жер астынан алты қабат тік қуыс қазған жапондық оған жарық пен жылу тартады. Желдеткіш қондырғылар орнатады. Ақыр аяғында пәленбай қатар сөрелер жасап, соларда саңырауқұлақтар өсіріпті. Одан күн сайын көшені жағалай орналасқан мейманханаларға тиісті саңырауқұлағын өткізіп, өзі теміржолдағы жұмысына баратын көрінеді. Міне, теледидардан осыны жалықпай насихаттау үрдісі орын алған.
Бізге де рухани жаңғырудың әрбір бағытын білікті мамандарды тарта отырып нақты мысалдар негізінде халыққа түсінікті тілмен материалдарды дайындауға болады ғой. Мәселен, прагматикалық көзқарасты қалай түсінеміз десек, бұл жерде қазаққа не тиімді, соған қарай бейімделу керек дегенге саяды. Яғни, әңгіме төркіні елдің, халықтың мүддесіне орай іс-қимылға көшу қажет дегенге тіреледі. Ұтқыр саясаткер Черчилльдің: «Ағылшындардың мәңгілік досы жоқ, мәңгілік жауы жоқ, тек мәңгілік мүддесі бар» деген сөзі бекер емес.
Осы ретте, Қытаймен елді қорқытқаннан көрі бұл елмен экономикалық тығыз қарым-қатынаста болу біздің мүддемізге мейлінше сай келеді. Бір ғана мысал. Қазір Қытай өзінің батыс аймағын дамыту үшін 400 млрд. юань бөліп отыр. Осыншама қаражаттан құр қалмау үшін бүгін Ресейді айтпағанда, бүкіл Еуропа елдері жанталасуда. «Батыс Қытай - Батыс Еуропа» дәлізі бойында әркім өз үлесінен дәмелі. Ал біз Қытай басып алады екен деп құр қарап отыра беруіміз керек пе?! Міне сондықтан мәселеге жаңаша көзқараспен қарау керек.
Кенжеболат Жолдыбай, саясаттанушы