Кепілгер болған 3 млн-ға жуық қазақстандықтың кредиттік тарихы бұзылған
АСТАНА. KAZINFORM – Кепілгер мен қоса қарыз алушының айырмашылығы неде? Жақын жандардың өтінішімен несие құжаттарына қол қоймас бұрын нені ескерген жөн? Қаржыгер Перизат Бауыржан Jibek Joly телеарнасының «Бүгін Live» бағдарламасында түсіндірді.
Оның сөзінше, кепілгер мен қоса қарыз алушының негізгі айырмашылығы – жауапкершілік көлемінде. Қоса қарыз алушы негізгі қарыз алушымен бірге несиені өтеуге міндетті әрі оның табысы несие рәсімдеу кезінде есепке алынады. Ал кепілгер қарыз өтелмеген жағдайда ғана жауапкершілікке тартылады.
Қаржыгердің айтуынша, негізгі қарыз алушы төлемді кешіктірсе, оның салдары қоса қарыз алушыға да әсер етеді. Мұндай жағдайда есепшоты бұғатталып, кредиттік тарихы нашарлап, тіпті елден шығуына шектеу қойылуы мүмкін.
– Қазір банкке кепілгермен барсаңыз, сізге несие шықпауы мүмкін. Егер қоса қарыз алушымен барсаңыз, шығуы мүмкін. 2026 жылдың 22 мамырындағы Ұлттық банктің статистикасы бойынша 191 мың адам ипотекаға өтінім берген. Оның 23 пайызы мақұлданған. Ал қалғандарының бір бөлігі бұрын кепілгер немесе қоса қарыз алушы болуға келіскендіктен үй ала алмаған, – деді Перизат Бауыржан.
Сарапшының айтуынша, басқа біреудің несиесі бойынша міндеттеме алу кейін өз атыңызға несие рәсімдеуге де кедергі келтіруі мүмкін.
– Егер негізгі қарыз алушы 3-5 ай бойы төлемді ай сайын 4-5 күн кешіктірсе, қоса қарыз алушының да кредиттік тарихына теріс белгі түседі. Соның салдарынан 10 жылға дейін, тіпті кей жағдайда мүлде несие ала алмауы мүмкін, – деді ол.
Перизат Бауыржан банкке қалдырылатын байланыс нөмірлері мен қоса қарыз алушының мәртебесін шатастырмауға кеңес берді. Оның айтуынша, байланыс тұлғалары несие бойынша жауап бермейді. Ал қоса қарыз алушы келісімшартқа қол қойғандықтан, барлық міндеттемені негізгі қарыз алушымен бірге көтереді.
– Құжаттарға қол қою – жауапкершілік алу. Егер негізгі қарыз алушының табысы өсіп, бір жыл бойы төлемді кешіктірмесе, кредиттік комитеттің шешімімен қоса қарыз алушыны міндеттемеден босатуға болады. Кей жағдайда бұл үшін қосымша комиссия төленеді немесе негізгі қарыз алушы өз табысын растауы қажет, – деді Перизат Бауыржан.
Оның үстіне әр банктің ішкі талабы әртүрлі. Кейбір қаржы ұйымдары қоса қарыз алушыны немесе кепілгерді алғашқы бір жыл ішінде міндеттемеден шығармайды.
Қаржыгердің айтуынша, бүгінде елде шамамен 1,5 млн адамның несиесі мерзімінде өтелмеген. Оның ішінде 900 мыңға жуығы қоса қарыз алушылармен байланысты. Соның салдары 3 млн-ға жуық адамның кредиттік тарихына кері әсер еткен.
Бұған дейін ипотеканы төлей алмай қалғандарға қандай көмек көрсетілетінін жазған едік.