Керегетас кеншілері жарты жыл ішінде миллион тоннадан астам әктас өндірген
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - «Қазақстан Алюминий» АҚ филиалы - «Керегетас» кеніші өзінің 50 жылдығын атап өтті, деп хабарлады кәсіпорынның баспасөз қызметі.
Баянауыл ауданының Майқайың ауылында кәсіпорын жұмысшыларына, еңбек ардагерлеріне құрмет көрсетілді.
«Керегетас» әктас кенішінің еңбек ұжымы өзінің елеулі мерейтойына айтарлықтай жетістіктермен жетті, - деді Павлодар облысы әкімінің орынбасары Бауыржан Қасенов. - Мұнда Баянауыл ауданының екі жүзден астам халқы жұмыс істейді. Кәсіпорын ардагерлер мен мүгедектерге қолдау көрсетуге жиі атсалысады, көпбалалы жанұяларға көмектеседі. Олар аймақ халқы алдындағы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің нағыз үлгісі, ауылдың, қаланың, облыстың көркеюіне, мәдениет және спорт саласының дамуына үлес қосып келеді.
Айтулы оқиғаның құрметіне Бауыржан Қасенов «Керегетас» кенішінің тепловоз машинисі Валерий Петренконы облыс әкімінің құрмет грамотасымен марапаттады. Мерейтой құрметіне елуден астам адам түрлі наградалармен марапатталды.
«Бұл мереке бәріміз үшін маңызды, - деді «Қазақстан Алюминий» АҚ президенті Арман Есенжолов, - «Керегетас» кенішінің барлық ұжымы Еуразиялық топтың мақтанышы. Жетістіктер мен жеңістер көп. Тау-кен және металлургия өнеркәсібі бастан өткерген барлық қиындықтарға қарамастан, кәсіпорынның жартыжылдық бағдарламасы барлық көрсеткіш бойынша орындалды. Біздің кеншілеріміз жарты жылда бір миллион тоннадан астам әктас өндірді».
Мерейтой соңында «Қазақстан Алюминий» АҚ және Еуразиялық топ басшылығы атынан кәсіпорын дамуына елеулі үлес қосқаны үшін, 30 жыл еңбек еткен кеніш экскаваторының машинисі Қабиден Ахметовке «Лада Приора» автокөлігінің кілті табысталды.
«Керегетас» кеніші» - Майқайың ауылындағы, тіпті Баянауыл ауданындағы нөмірі бірінші кәсіпорын,- деді Қабиден Ахметов. - Біздің кәсіпорында адамдар үнемі бірінші орында. Сондықтан, біздің ұжым ұйымшыл, бір жанұя секілді бәріміз бірге демалып, бірге еңбек етеміз. Кәсіпорынның жалпы еңбек жетістігіне аз да болса үлес қосқаным үшін бақыттымын».