«Кереку» деу қазақ тілін қорлау» - баспасөзге шолу
АСТАНА. 31 шілде. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 31 шілде, сәрсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
«Сенгің келмесе де амал не, сенуге көнесің. Ғасырлар бойғы дәстүрлі тағамымыз түрлерін жаппай дайындау, ежелден қасиетті азығымызды өндіруді иелену енді шетелдіктер еншісіне көшіпті. Қымыздан бастап құрт, жентке дейін. Бірер күн татылмаса түске кіретін әйгілі қазы-қарта, жал-жая да алыстан әкелінетін болыпты. Ашып айтқанда, апыр-ау, мынау біздің байырғы асыл асымыз ғой дейтін ештеңе қалмай барады екен. Ай-күннің аман-сауында бәрінен айырылып отырғанымызға не жорық?.. Пәленбай тонна ет, пәленбай тонна сүт өндіреді делінетін шаруашылықтардың өнімдері қайда? Әлде бәсекелесе алмай ма? Немесе өзгенің жылтырағына әуестік жеңіп жүр ме? Әйтеуір, бұл сырдың басы-қасындағылар болмаса басқаларымызға түсіну қиын.Ал түсіну тіпті қиындай түсуі тағы бар. Кеше әлемдік ғаламтор хабарлары ішінен жылқы етін Канадада өндіретіні, бір бөлігін қайда дейсіз ғой, бізге, Қазақстанға жөнелтуі мәлім болып қалды. Сиыр еті Аргентинадан, қой еті Моңғолиядан тасылуын естуші едік. Жылқы еті де алыстан әкеліне бастауына жетіппіз. Шүкір, қинап бара жатқан қысылшаң жағдай жоқ сияқты еді, мұншалықты кіріптарлыққа неге кірдік. Түсініп көріңіз»,-деп жазады «Егемен Қазақстан» басылымы «Канададан... соғым келед і» деген мақалада.
Осы газеттің бүгінгі санында «Кереку» деу қазақ тілін қорлау» деген мақала берілген. «Кейінгі кезде Павлодар қаласының атауын өзгертіп, қазақ тілінде қате қалыптасқан «Кереку» атауын қайта беру керек деген пікірлер айтылып жүр. Меніңше, осы пікірді қолдап жүрген авторлар тарихқа үңіліп, қазақтың жер-суға, елді мекенге атау беруінің заңдылығы мен тапқырлығын ескере бермейді. Қазақта «Кереку» деген сөз ешуақытта болмаған, ешбір сөздікте мұндай сөз жоқ»,-деп жазады География институтының аға ғылыми-қызметкері, ҚР Үкіметі жанындағы мемоном комиссиясының мүшесі Сламқұл Әбдірахманов бұл мақалада.
***
«Айқын» газетінің жазуынша, үстіміздегі жылы 35 мың 53 түлек мемлекеттік білім тапсырысымен тегін білім алу мүмкіндігіне ие болады. «Бұл өту балын жинаған талапкерлердің бар болғаны жартысы ғана, қалған жартысы оқуын өз қалтасынан төлеуге мәжбүр. Сонымен, қазақстандық ЖОО-ларда бакалавриаттың бағасы қанша?»,-деп жазады мақала авторы. Батыста беделді саналатын медицина мамандықтары қазақстандық оқу орындарында да ең қымбат мамандықтар қатарында екен. Мәселен, Қарағанды мемлекеттік медицина университеті талапкерлерді өздеріне шақыра отырып, жылына 621 500 теңге төлеуді ұсынады. Ал Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде білім алу одан да қымбат - жылына 800 000 теңге. «Премиум» тізіміне кіретіндерге - халықаралық қатынастар, экономика және құқық факультеттері жатады. Мәселен, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да олардың құны 635 800 теңгеге тең. Халықаралық бизнес академиясы да арзан емес - мұнда білім алу үшін 597 мыңнан (құқық факультетіне) 707 000 теңгеге дейін (экономика факультеті) шығындалу қажет. Халықаралық бизнес университеті (UIB) болашақ экономистерге 455 000 теңгелік планка қойған, «Тұран» болса - 390 000 теңге. Мансабын халықаралық қатынастармен байланыстыруды және Сүлеймен Демирел атындағы университетте білім алуды шешкен студенттер анағұрлым көбірек төлеуге мәжбүр - 825 000 теңге. Абылай хан атындағы халықаралық байланыс және әлем тілдері университетінің «Халықаралық қатынастар» факультеті үшін бір жылдық оқу құны - 600 мың теңге. Дәл осы оқу орнында жүріп, Қытай Халық Республикасы жоғары оқу орнының да дипломын қоса алғыңыз келсе, онда 650-700 мың теңге төлеуге тура келеді. «Халықаралық қатынастар» мамандығы Тұрар Рысқұлов атындағы ҚазЭУ-де - 325 000 теңге. Соңғысы халықаралық байланыс мамандығымен бірге халықаралық құқықтану мамандығын қоса ұсынады.
***
«Алаш айнасы» басылымының бүгінгі нөміріндегі «Ой-көкпар» айдарында «Әртүрлі қылмысқа байланысты қызметінен босатылған мемлекеттік қызметкерлердің «қара тізімін» жасау керек пе?» деген мәселе талқыға түсті. Кеше ғана жауапсыздық танытып жұмыстан босатылған, мемлекеттік мәселеге салақ қараған, қызмет бабын асыра пайдаланған, жемқорлық жасап істі болған шенеуніктің көп ұзамай таныс пен досты алдыға салып, келесі бір мекеменің басына өрмелеп шығып алатынын жиі көреміз. Бұл көрініс биліктің имиджіне де кері әсерін тигізері анық. Жуырда ғана Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев жұмыстан қуылған мемлекеттік қызметкерлердің «қара тізімін» жасау туралы заң жобасын мақұлдады. Заң жобасында Қырғызстан Республикасы мемлекеттік кадр қызметіне мемлекеттік қызметке сай болмай, жағымсыз әрекетке жол бергені үшін жұмыстан шығарылған адамдардың тізімдемесін жасау бекітілген. Мұндай заңдық талаптар Қазақстанда да жоқ емес. Алайда сол талаптарды күшейтіп, атқарылуын қатаң қадағалап, «қара тізім» құрастырудың қажеті бар ма? Сарапшылардың бұл туралы пікірі әртүрлі. Осы мәселеге қатысты белгілі саяси шолушы Замир Қаражанов «иә» жауап берсе, ал бұл пікірмен мұлде келіспейтінін білдірген «Тәуекелдерді бағалау» тобының жетекшісі Досым Сәтпаев «жоқ» деді. Қос маман пікірінің толық нұсқасын газет бетінен оқи аласыздар.
Осы басылымда «Жомарттығы сор болған даламды айтақырға айналдырған заман-ай» атты мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр.
Қазіргі таңда әлем жұртшылығын шөлейттену процесі алаңдатып отыр. Және бұл мәселе жылдан-жылға өзектілігін арттырып келеді. Айтақырға айналған жерді көргенде кезінде аталмыш алқаптардың жайнаған келбеті көркем өлке болғанына сенгіңіз келмейді. Әрине, мұндай келеңсіз көрініс табиғи құбылыс салдарынан орын алады. Дегенмен, адамзат баласының жат әдеттері осындай жағдайға алып келді. Қазақ еліндегі шөлейттену дегенде ең алдымен Арал теңізінің тағдыры ойға оралары анық. Өткен ғасырдың 70-жылдарына дейін теңіз табаны тартылып, соның салдарынан 2,5 млн гектар жер жасыл желек өспейтін айтақыр болды. Ілгеріде толқыны жағаға соғып, айдыны көз ұшында тұратын көркем өлкенің қас қаққандай қысқа уақытта сұрқай көрініс басына түсті. Әрине, оның залалы жайлы талай мәрте айтылды да, баспасөз беттерінде қаншама мәрте жарық көрді де. Ендігі әңгіменің ауаны «біз шөлейттену процесіне қаншалықты қарсы тұра аламыз» деген сауалға жауап іздеу болып тұрғаны белгілі. Оған қарсы тұрмасақ, алдағы уақытта оның жалғаса беретіні баршаға аян. Ғалымдардың айтуынша, еліміздің шамамен 75 пайызға жуығы экологиялық тұрақсыздығы жоғары аймақтардың қатарына жатқызылады.