«Керуен» сауда орталығы жанындағы жер елорда меншігіне өтті
АСТАНА. KAZINFORM – Елорда әкімінің орынбасары Ерсін Өтебаев «Керуен» сауда орталығы жанындағы жер телімін сатып алуға қатысты пікір білдірді.
Оның атап өтуінше, аталған жер телімі қала меншігіне өткен.
– Бүгінде ол қалаға тиесілі. Сәулет басқармасындағы әріптестеріміз егжей-тегжейлі ақпарат ұсынады. Оны біз алып қойдық, - деді қала әкімінің орынбасары Парламент палаталарының бірлескен отырысынан кейін.
Бұған дейін сот шешімімен Достық көшесіндегі №7 (0,2218 га) және №7/1 (1,0965 га) жер телімдері мақсатты пайдаланылмағаны үшін заңды тұлғалардан алынған.
Аукцион нәтижесінде 2023 жылғы қыркүйек пен қарашада №7 учаске жеке тұлғаға 68 млн теңгеге, ал №7/1 учаске заңды тұлғаға 176,9 млн теңгеге сатылған.
2024 жылғы наурызда әкімдік қаулысымен бұл жерлер мемлекеттік мұқтаждыққа алынатын аумақтарға енгізілген. Олардың нарықтық құны 1 млрд теңгеден асқан. Алайда бұл сома бюджеттен төленбеген, себебі қалалық мәслихат сатып алу жобасын мақұлдамаған.
Кейін депутаттар 2023 жылы 175 млн теңгеге сатылған жерді мемлекет 1 млрд теңгеден аса сомаға қайта сатып алуы мүмкін екеніне наразылық білдірді. Осыған байланысты депутаттардың бірі аукцион заңдылығын тексеру үшін прокуратураға жүгінген.
Естеріңізге сала кетсек, өткен жылдың тамызында Астана қаласы прокуратурасы «Керуен» сауда орталығы маңындағы жер телімдерін сату заңдылығын тексеру қорытындысына қатысты сотқа талап-арыз берді.