Кешегі тәжірибе алда күтілетін дағдарыста Үкімет үшін үлкен сеп болмақ
АСТАНА. 26 қаңтар. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Жақында ғана «КоммерсантЪ» газетіне берген сұхбатында Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов алда күтілетін дағдарыстың екінші толқынынан ешкім қашып құтыла алмайтынын айтып: «Бұл 2012-2013 жылдарында орын алуы ықтимал. Менің ойымша, әлемдегі ешбір саясаткер осы толқынның бетін қайтару үшін ешнәрсе де істей алмайды», - деген болатын.
Расында қазіргі таңда жаһандағы экономикалық жағдай әлі де тұрақсыз. Болжаулар да байыпты емес, көптеген сарапшылар ағымдағы жылғы болжауларын қайта қарауға кірісіп те жатыр. Мәселен, Халықаралық валюта қоры былтырғы жылғы болжамында 2011-2012 жылдары әлемдік экономиканың өсімі бар-жоғы 4 пайызды құрайды деген болатын. Алайда жыл басында Қор болжамын қайта қарап, көрсеткішті құлдилата түскен тәрізді. Бұл алда күтілетін екінші толқынды дағдарыстың белгісін білдірсе керек. Ал бұндай экономикалық күйзеліспен күреске Қазақстан Үкіметі қаншалықты әзір? Жаңа Парламенттің сенімін алған ескі Үкімет алдағы сынақты қалай тапсырады?
Жалпы дағдарыстың алдағы толқыны туралы мәселеге Қазақстан былтырдан, тіпті оның алдындағы жылдардан бері үзбестен даярланып келеді десе болады. Бұл мәселе Үкімет деңгейінде бірнеше рет көтерілді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша Үкімет «Б жоспарын» әзірлегені де есте. Ендеше «қашып құтыла алмайтын дағдарыстың» соққысынан Қазақстанға не көмектеседі?
Айта кетерлігі, ең алдымен әлемдік рецессияларды еңсеруде Қазақстанның тәжірибесі баршылық. Бұл аса маңызды мәселе екені аян. Мысалы, әріге бармай-ақ 2008-2009 жылдардағы қаржы дағдарысын алып қарасақ, сол кездің өзінде ел Үкіметі президенттік жоспардың негізінде дағдарысқа қарсы «5 батыл қадам» бағдарламасын әзірлеп, жүзеге асырған болатын. Дүниежүзіндегі дағдарысқа қарсы ең тиімді бағдарламаның бірі болып табылған бұл құжат қаржы секторын тұрақтандыру, жылжымайтын мүлік нарығындағы проблемаларды шешу, шағын және орта бизнесті қолдау, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, инновациялық, индустриялық және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру сияқты бес басым бағытқа негізделді. Бұл мақсаттарға Ұлттық қордан 10 млрд. АҚШ доллары бөлінді.
Нәтижесі елге үлкен бедел әкелді. Банк секторына айрықша қолдау көрсету арқылы елдегі болуы мүмкін қаржылық дағдарыстың жолы кесілді. Құрылыс секторында 53 мың үлескердің проблемалары шешілді. Шағын және орта бизнестің 3 мың субъектісіне жалпы сомасы 184,56 млрд теңгенің несиелері берілді және қайта қаржыландырылды (төмендетілген сыйақы мөлшерлемесі бойынша). Өңдеу өнеркәсібінің кәсіпорындарында 34,7 млрд теңге соманың несиесі берілді.
Бұдан бөлек, жұмыссыздықпен күрес Үкіметтің Дағдарысқа қарсы бағдарламасының басым бағыты болды және қазақстандықтар мемлекет дер кезінде қабылдаған шаралардың арқасында әлемдік дағдарыстың салдарын қатты сезінген жоқ. Үкімет еңбеккерлердің жаппай жұмыстан қысқартылуына жол бермеу үшін тау-кен және өңдеуші секторлардағы ірі компаниялармен меморандумдар бекітті. Оған қоса, өңір тұрғындарын жұмыспен қамту үшін Елбасының тапсырмасы бойынша арнайы бағдарлама - Жол картасы әзірленді. Бұл бағдарлама 191,5 млрд. теңге сома қаржымен қамтамасыз етілді және ол қаражат дағдарыстан кейінгі орнықты дамуға жағдай жасауға және қосымша жұмыс орындарын құруға жұмсалды. Жол картасының аясында 5221 жоба жүзеге асырылды, 248 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылды.
Ал жалпы сомасы 7,26 триллион теңге болатын 237 жоба енгізілген Индустрияландыру картасының ел экономикасының алдағы даму қарқынына ерекше дем беретіні даусыз. Сонымен бірге ел экономикасына шетел инвестицияларын тарту әлеуетінің мол екендігі де айқын. Алдын-ала жасалған есептеулер Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде таяудағы төрт жыл ішінде экономиканың шикізаттық емес секторына кемінде 30 миллиард доллар инвестиция тартуға болатынын көрсетіп отыр. Бұл еліміздің әлемдік экономикаға үйлесімді кірігуіне, тек Бірыңғай экономикалық кеңістікте ғана емес, әлемдік деңгейде де бәсекелестіке қабілеттікке ие болу мүмкіндігін арттырмақ.
Сөйтіп, өткен ғаламдық дағдарысқа билік қажырлы еңбек, дұрыс таңдалған шешім арқасында үлкен тойтарыс жасаған болатын. Мәселен, 2009 жылы дағдарыс салдарынан АҚШ экономикасы - 2,6 пайыз, Ресей экономикасы - 7,9 пайыз, Украина экономикасы 15,1 пайызға құлдыраса, біздің елімізде бұл көрсеткіш 2,6 пайызға артты. Жұмыссыздық деңгейі 5,5 пайызға дейін төмендеді. Ұлттық қордың қаржысы таусыла жұмсалып кеткен жоқ, керісінше, 2007 жылғы 14,7 млрд. доллардан 2011 жылы 40,3 млрд. долларға дейін өсті.
Ендігі жерде Елбасының тапсырмасымен даярланған ел дамуының 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары бес бағытты қамтып отыр. Бұлар: Экономиканы дағдарыстан кейінгі кезеңге даярлау; Ел экономикасын әртараптандыру арқылы оның тұрақты дамуын қамтамасыз ету; Адам капиталын дамыту - болашаққа инвестиция салу; Ел халқын әлеуметтік және тұрғын үй-коммуналды салада сапалы қызметпен қамтамасыз ету; Халықаралық қатынастардағы тұрақтылық пен ел ішіндегі ауызбіршілікті сақтау.
Бұл жоспар - мемлекеттік жобалау жүйесіндегі жаңа тұрғыдан бағдарланған алғашқы құжат. Стратегиялық жоспар ел дамуының негізгі мақсаттарын өлшемді индикаторлар арқылы бағалауға, еліміздің 2020 жылы қандай деңгейде болатынын болжауға мүмкіндік бермек. Демек, ел Үкіметі дағдарыстың болуы мүмкін келесі толқынына соңғы жылдардағы жинақтаған үлкен тәжірибемен, зор дайындықпен келіп отыр. Ендігі мақсат - халық саны 170 миллион, ЖІӨ 2 триллион долларды құрайтын ғаламат экономикалық алаң - Біртұтас экономикалық кеңістікте бәсекеге төтеп беріп, түрлі дағдарыстар соққысына төзімді ұлттық экономиканың әлеуетін нығайтып, ғаламдық экономиканың белді субъектісіне айналу болмақ.
Бұдан бөлек, Президенттің тапсырмасымен 2000 жылы құрылған Қазақстанның Ұлттық қоры болашақ ұрпақ үшін қаржы сақтап қана қоймай, ұлттық экономиканың сыртқы жағымсыз факторларына тәуелділігін барынша төмендетуге септігін тигізбек. Мысалға, 2008-2009 жылдардағы әлемдік экономикалық дағдарыс кезеңінде Қазақстан экономикасының тұрақтылығын сақтау үшін Ұлттық қордың 10 млрд. доллар көлемінде қаражаты тартылған болатын. Экономикалық даму және сауда министрлігінің болжамынша, 2015 жылға қарай Ұлттық қор активтері 72,5 млрд. АҚШ долларына дейін жетуі қарастырылады. Сондай-ақ есте болса, 2010 жылы Ұлттық қордың жаңа тұжырымдамасы қабылданған болатын. Ол Ұлттық қор жинағын әрі қарай қордаландыруды, республикалық бюджеттің тепе-теңдігі мен тұрақтылығын қамтамасыз етуді және мұнай табыстарын буындарға дұрыс таратуды көздейді.
Жалпы алғанда, ел Үкіметі қабылдаған шаралардың нәтижесінде Қазақстан жалпы ішкі өнімді «психологиялық плюс» деңгейінде сақтай алды. Атап айтқанда, 2008 жылы экономиканың өсімі 3,1 пайызды құраса, 2009 жылы 1,2 пайыз болды. Оған қоса, Қазақстан дағдарысқа дейінгі экономикалық өсудің шегіне оралды: 2010 жылы ЖІӨ - 7 пайызға, 2011 жылы 7,5 пайызға жетті. Осылайша республикада макроэкономикалық тұрақтылық және орнықты экономикалық өсу қамтамасыз етіліп отыр. Ендеше осының өзі атқарушы биліктің алдағы дағдарысқа қарсы салмақты қадам жасай алатын қабілетін көрсетсе керек.