Кэтрин Коннолли Ирландия президенті болып сайланды

АСТАНА. KAZINFORM — Тәуелсіз кандидат Кэтрин Коннолли Ирландия президенті сайлауында жеңіске жетті, деп хабарлайды ТАСС.

Кэтрин Коннолли
Фото: x.com/MLorrM

Оның жеңісі туралы қарсыласы — билеуші коалиция құрамындағы центристік «Фине гэл» партиясының кандидаты Хизер Хамфрис мәлімдеді.

— Кэтрин бәріміздің президентіміз болады. Ол менің де президентім. Оған бар жақсылықты тілеймін және ешнәрсеге өкінбеймін, — деді Хамфрис RTE телеарнасының эфирінде.

БАҚ деректеріне сәйкес, дауыс берудің түпкілікті нәтижелері бүгін жарияланбақ. RTE мәліметінше, Конноллидің жеңісі күтпеген жайт болған жоқ, сауалнамалар дәл осындай нәтижені болжаған.

Коннолли сайлауға тәуелсіз кандидат ретінде қатысқанымен, ол «Шинн фейн» ұлттық партиясы мен солшыл күштердің қолдауына ие болды. Ол Ресейдің Украинадағы әрекеттерін сынға алады, бірақ сонымен бірге НАТО-ны қақтығысты арандатып отыр деп айыптайды, Еуропаның «әскери бағытқа бет бұруына» алаңдаушылық білдіреді және Ирландияның бейтарап мәртебесін сақтауды жақтайды. Газадағы жағдайды Коннолли «геноцид» деп атайды. Politico басылымы 2025 жылы оның көзқарастарын «батысқа қарсы», «НАТО-ға қарсы» және «айқын антиизраильдік» деп сипаттаған.

Қызметтегі президент Майкл Хиггинс 2011 жылдан бері билікте және өзінің екінші жетіжылдық мерзімін 11 қарашада аяқтайды. Ирландия — парламенттік республика, мұнда президент негізінен өкілдік қызмет атқарады, алайда ол мемлекеттің басшысы және қарулы күштердің жоғарғы бас қолбасшысы болып қала береді.

Кэтрин Коннолли ел тарихындағы президент болған үшінші әйел атанды. Ол тұрмыста, екі ересек ұлы бар.

Еске сала кетейік, Ирландия президенттігіне Конор Макгрегор да түспек болған, бірақ кейін бұл ойынан бас тартқан.

Соңғы жаңалықтар