Кей түркістандықтар ұлттық киімді жыл он екі ай үстінен тастамай киіп жүр
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Соңғы жылдары қоғамда ұлттық киімге деген қызығушылық айтарлықтай артты. Оны тек мерекелік сән ретінде емес, күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналдыру мәселесі жиі көтеріле бастады. Түркістан тұрғындарының бастамасы осы үрдіске үлгі болып отыр.
25 жылдан бері ұлттық киімді серік еткен кейуана
Түркістан қаласының 87 жастағы тұрғыны Ырыс Ташметова ширек ғасырға жуық уақыт бойы ұлттық киімді өмір салтына айналдырған.

Ақжаулықты әже үшін бұл — жай киім емес, ұлттық болмысты сақтаудың және кейінгі ұрпаққа өнеге көрсетудің маңызды жолы.

— Адамның Отанға деген құрметі оның күнделікті тұрмысынан, соның ішінде киімінен де байқалады. Үйімде тігін машинам бар, әлі күнге дейін өз киімдеріме ою-өрнек салып, өңдеп киемін. Ұлттық киімнің кеңдігі — халқымыздың дархандығының белгісі. Ал жеті қабат бүрме — жеті қазына, жеті ата, жеті қат жер ұғымдарымен сабақтас. Бұрын аналарымыздың киіміне қарап-ақ оның шыққан ортасын таныған. Бұл — біздің мәдени кодымыз, — дейді ол.



Ұлттық киімді насихаттауды өмірлік ұстанымға айналдырған
Кәсіби медиатор Бақытжан Бейсембаев та ұлттық киімді күнделікті өмірге енгізу арқылы ұлттық сана қалыптасатынын айтады.

Ол бұл үрдісті жеке өзінен бастап, айналасына кеңінен насихаттап жүр.

— Ұлттық киім киіп жүргеніме 12 жылдан асты. Бұл бастаманы кеңінен насихаттап, достарыма, таныстарыма айтудан жалыққан емеспін. Қазір шамамен 20 шақты жақын танысым күнделікті киіміне ұлттық элементтер қосып жүр. Түркістанда қариялармен ай сайын бас қосып, елдік мәселелерді талқылаймыз. Осындай жиындарда ұлттық болмысты сақтау мәселесі жиі қозғалады. Әр халықтың өзіндік нышаны бар, ал біз үшін оның бірі — ұлттық киім. Сондықтан күнделікті киімде болсын, шағын болса да ұлттық өрнек болуы тиіс, — дейді ол.


«Ұлттық киім тек мерекемен шектелмеуі керек»
Түлкібас ауданының тұрғыны, 70 жастан асқан Күміскүл Тұрсынбекова да соңғы 11 жыл бойы камзолын тастамай киіп келеді.

Ол ұлттық киімнің қоғамдағы орнына тоқталып, оны тұрмысқа кеңінен енгізу қажеттігін атап өтті.

— Қазір қысқа әрі батысқа еліктеген киім үлгісін таңдайтын жастар көбейді. Бұл — заман ағымының бір көрінісі шығар. Бірақ ұлттық болмыс пен әдепті ұмытпауымыз керек. Қазақы киімдер заманауи үлгіде жаңарып жатыр. Жастардың қызығушылығы бар, алайда оны тұрақты дағдыға айналдыру маңызды. Дүкендерде ұлттық киім жеткілікті, бірақ біз оларды көбіне мерекеде ғана киеміз. Ал шын мәнінде, күнделікті өмірде де киюге болады. Камзол, бүрмелі көйлек, кәмшат бөрік секілді киімдер тұрмыста қайта жаңғыруы тиіс, — дейді ол.

Мектептен басталған игі бастама
Ұлттық құндылықтарды дәріптеу бағытында Түркістан қаласында Хамза атындағы № 2 жалпы білім беретін мектеп игілікті бастаманы қолға алған.

Бүгінде білім шаңырағында бастауыш сынып оқушылары күнделікті ұлттық нақыштағы киім киеді.
Ал 5-11 сыныптарда әр жұма «Ұлттық киім күні» ретінде белгіленген.

— Бұл бастама оқушылардың салт-дәстүрге деген құрметін арттырып, ұлттық мәдениетке қызығушылығын оятады. Балалар тек киім арқылы емес, оның мән-мағынасын түсіну арқылы ұлттық құндылықтарды бойына сіңіреді, — дейді директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Зүлфия Гафурова.
Мектеп мұғалімдері де осы үрдіске белсенді қатысып, ұлттық киімді күнделікті кию арқылы оқушыларға үлгі көрсетіп келеді.

Мұндай бастамалар жас буынның ұлттық құндылықтарға деген көзқарасын қалыптастыруға тың серпін берері сөзсіз.
