«Кездесу кімнің пайдасына шешілмек?» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі 23 тамыз, сенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
None
None

*** Кеше елімізде ғасырдың ғаламаты деуге лайықты игілікті ірі іс жеріне жеткізілді. Арқа төсі мен еліміздің батыс қиырын жалғастырған жаңа теміржол желісінің жалпы ұзындығы 1200 шақырымнан асады. Дәл осы жайт арқау болған мақала «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында «Келешекті кемелдендіретін күрежолдар» деген тақырыппен берілді. Басылымның жазуынша, тарихи оқиғаға баланған шараға қатысқан ел Президенті Н.Назарбаев магистральдің ашылуын жылдың ең маңызды әлеуметтік-экономикалық оқиғасы деп атады. «Жезқазған - Бейнеу және Арқалық - Шұбаркөл жолы бірнеше өңір мен бүкіл республиканың тіршілігіне жан бітіріп, ондаған жылдарға алға жетелейді. Біз тәуелсіздіктің барлық кезеңінде теміржол құрылысын тоқтатқан жоқпыз, қайта үдете түстік», - деді Нұрсұлтан Назарбаев. Бұдан соң телекөпір арқылы Бейнеу, Шалқар, Сексеуіл, Арқалық және Жезқазған стансаларының басшылары жүктер тиелген алғашқы пойыздардың сапарға дайын екенін мәлім етті. Мемлекет басшысы теміржолдардың қолданысқа енгізілуіне рұқсат беріп, қос ірі көліктік-логистикалық жобаны жүзеге асырған теміржолшылар мен құрылысшыларды ерен еңбек жеңістерімен құттықтады.

Атқарушылық іс жүргізу қашанда сот орындаушыларынан зор жауапкершілікті талап ететіні анық. Өйткені, қарызды өндіру туралы сот шешімдерін мүлтіксіз орындау оңайға соқпайтыны және белгілі. Қызмет тиімділігін арттыру мақсатында биыл қолданыстағы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Енгізілген өзгерістер сот орындаушыларының жұмысына қаншалықты әсер етті? Жарты жыл ішінде атқару өндірісі органдарында қандай жаңалықтар болды? Осындай өзекті сауалдармен «Егемен Қазақстан» газеті Ақмола облысы сот актілерін орындау департаментінің басшысы Молдабай Өтеповті әңгімеге тартқан. Басылымның тілшісінің барлық сауалына тұщымды жауап берген ол: «Иығында ауыр жүк болса да, алты ай ішінде Ақмола облысының сот орындаушылары бірталай істің басын қайырып үлгерді. Сот арқылы келіп түскен 55 884 атқару құжатының 45,6 пайызын тыңғылықты аяқтап шықты. Соның арқасында 7 миллиард теңгеден астам қарыз өзінің заңды иелеріне қайтарылды. Сонымен қатар, өкілетті органдар тарапынан салынған 204 миллион теңге айыппұлдың 189 миллион теңгесі республикалық бюджет кірісіне өндірілді», - дейді. Сұхбат «Борыш. Ол бәрібір өндіріледі» деген тақырыппен берілген. *** «Тамыздың 26 күні өтетін «Еуразиялық үштіктің» (Қазақстан, Ресей, Белорусь) саммитіне Украина президенті Петр Порошенко да қатыспақ. Жалғыз емес. Жанына ол да Еуродақтық «үштікті» ертпек. Яғни үш еурокомиссар - Сыртқы істер бойынша Кэтрин Эштон, сауда саласынан Карел Де Гюхт және энергетик Гюнтер Эттингер», деп жазады «Айқын» газеті сенбілік санындағы «Кездесу кімнің пайдасына шешілмек?» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның жазуынша, кездесуде негізгі тілге тиек болатын әңгіме ол -Украинада жүріп жатқан соғысты тоқтатудың әрекеті. Одан кейін барып Еуродақ пен Ресей арасындағы қалыптасқан экономикалық түйткілдерді шешу. Дегенмен саммиттегі басты тақырып - Украина болмақ. Лукашенконың арағайындығымен өтетін бұл жоғарғы деңгейдегі кездесуде Путин мен Порошенко жүзбе-жүз жолығып, Украинаның оңтүстік шығыс аймағында қалыптасқан жағдайды талқыға салмақ. Басылымға осы кездесу жайындағы өз пікірін білдірген саясаттанушы Әзімбай Ғали: «Бұл кездесуде үш сценарий болуы мүмкін. Мен солай қарастырып отырмын. Біріншісі - қазіргі жағдай осылайша қала береді. Өйткені Батысқа соғыстың өршіп кетпеуі және тоқтап қалмауы тиімді. Осы арқылы АҚШ бастаған алпауыттар осыны желеу етіп, Ресейді түрлі санкциялармен көме бермек. Екінші сценарий- кездесу ешқандай нәтиже бермейді. Ресей жасақшыларға көмек беріп, Украинаны қалайда бөлшектеуге тырысады. Үшінші сценарий бойынша Назарбаев пен Лукашенко қалайда Путинді бейбіт келісім жасауға итермелейді», дейді.

«Айқын» газетінің жазуынша, Қазақстанда жұмысшы кәсіптер бойынша колледждерге түсу кезіндегі байқау жойылады. Елімізде оқу орындарына қабылдау барысында 1 орынға бірнеше талапкердің таласатыны мәлім. Содан тестілеуде ең көп бал жиғандары, халықаралық жарыс жеңімпаздарына өтеді. Мұндай таластан колледждер келешекте бас тартпақ. Мұны кеше Премьердің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова ұстаздардың дәстүрлі жалпыреспубликалық «Тамыз кеңесінде» жариялады. Тиісті шешім де қабылданған. «Техникалық және кәсіптік білім беруде кепілдендіру қағидаты белгіленді. Соның аясында жұмысшы кәсіптер бойынша колледждерге түсу кезіндегі байқау жойылады. Осы мақсатта мемлекеттік тапсырыс көлемі ұлғаяды, жастарды қамту арттырылады. Бұл жұмыс 2017 жылға дейін кезең-кезеңмен жүргізілетін болады». - деп мәлімдеді вице-премьер. Мақала «Кәсіп үйренгің келсе, колледжге түс!» деген тақырыппен берілген.

Соңғы жаңалықтар