ҚХА төрағасының орынбасары: Саяси құрбандар рухына тағзым - біздің қасиетті парызымыз
Митингте сөз сөйлеген Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов: «1997 жылы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 31 мамыр - Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып жарияланды. Қазақстан үшін бұл күнінің үлкен мәні бар. Саясаттың салдарынан республика миллиондаған бейкүнә адамдардың депортация орнына айналды.
Қатыгез саясаттың «халық жауын» айқындау нәтижесінде, тек қана қуғын-сүргінге ұшырағандар ғана емес, сондай-ақ олардың жақындары да зардап шекті. Бейбіт күндері тоталитарлық режімнің қалауымен саяси қуғын-сүргіннен, қолдан жасалған жаппай ашаршылықтан қазақ халқының айтарлықтай бөлігі - 1 млн. 750 мың адамның өмірі қиылып, 103 мың адам қуғын-сүргiнге ұшырап, азапты лагерьлерде ұсталса, 25 мыңы жазықсыз атылды.
Тарихта із қалдырған осы оқиғаны есте сақтап, келешек ұрпаққа тарихи тәжірибені жеткізу ісінде азаматтық қоғам мен мемлекетті біріктіруді мақсат еткен «Тарихтан тағылым - өткенге тағзым» жобасы аясында 2 мыңнан астам іс-шара ұйымдастырылып, оған 350 мыңға тарта адам қатысты. Сонау қасіретті жылдардағы аяусыз, жазықсыз құрбан болған, қолдан жасалған ашаршылықтан қырылған азаматтарымыздың рухына тағзым ету - біздің қастерлі парызымыз. Өткенді ұмытпау арқылы ғана болашаққа парасатпен қадам басуға болады», - деді.
Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналып бір минут үнсіздік жарияланған соң, жиналғандар ескерткіш белгіге гүл шоқтарын қойды. Іс-шара қала мұражайларындағы тақырыптық көрмемен жалғасты.
Қазақстан халқы Ассамблеясының баспасөз қызметінен хабарлағандай, 30-31 мамыр аралығында Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні аясында республикада 2123 іс-шара өткізіліп, оған 346 590 адам қатысады, деп хабарлайды әкімдіктің баспасөз қызметінен.