ҚХЛ клубтарының бiрi «Қазцинк-Торпедоның» екi шабуылшысын алмақ

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚХЛ-да өнер көрсететiн «Адмирал» клубы Қазақстанның «Қазцинк-Торпедо» командасының екi шабуылшысын байқауға алды, деп хабарлайды Құрлықтық хоккей лигасының ресми сайты.

ҚХЛ клубтарының бiрi «Қазцинк-Торпедоның» екi шабуылшысын алмақ

Александр Волжанкин мен Владимир Жмаев «Адмиралда» сынақ мерзiмiн өткiзедi деп жоспарлануда, осыған орай уақытша келiсiмшартқа қол да қойылған. 2013/2014 ойын маусымында Владивосток қаласының намысын қорғаған аталмыш клуб ҚХЛ-да алғаш рет өнер көрсеттi және Шығыс конференциясында 8-орынға ие болды. Гагарин кубогының 1/8 финалында «Адмирал» кубоктың болашақ жеңiмпазы магнитогорскiлiк «Металлургқа» жол бердi.

Ресейлiк форвард Волжанкин «Қазцинк-Торпедо» сапында 53 ойын өткiзiп, 21 (8+13) ұпай жинады. Ал оның отандасы Жмаев өскемендiк командада 20 матч ойнады және сегiз (5+3) ұпайды қанжығасына iлдi.