ҚХР Далянь қаласының кәсіпкерлеріне Қазақстандағы инвестициялық климат таныстырылды
БЕЙЖІҢ-ДАЛЯНЬ. ҚазАқпарат - 6 маусымда ҚХР Ляонин провинциясының Далянь қаласында қазақстандық шағын және орта бизнес кәсіпорын басшылары қытайлық кәсіпкерлермен бірге іскерлік конференцияға қатысты.
Кездесуде Далянь қаласы басшысының орынбасары Лу Линь «Бір белдеу, бір жол» стратегиясын жүзеге асыруда Қазақстан Орталық Азиядағы басты экономикалық субъектілердің бірі екенін айтты.
«Бүгін мұнда түрлі салада жұмыс істейтін 55 даляньдық кәсіпорын мен қауымдастық бар. Осылайша біз өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастықтың платформасын құрамыз», - деді ол.
«Сауда және өнеркәсіптік кәсіпорындар қауымдастығы» ЗТБ төралқа төрағасы, «Алматылық сауда және инвестициялар палатасы» ЖШС бас директоры Мұхтархан Бияров «Бір белдеу, бір жол» стратегиясы және «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты бір-бірін толықтыратынын атап өтті. Ол Қазақстандағы инвестициялық климаттың артықшылықтарына тоқталды.
«Қазақстандағы қолайлы инвестициялық климат саяси тұрақтылық деңгейінің жоғары болуына, салық заңнамасының тартымдылығына негізделген. Бүгінде Қазақстанда инвестор инвестициялар көлемінің 30%-ға дейінгі мөлшерін қайтара алады. Бұл инвесторға берілетін жер телімі, ғимараттар, құрылымдар, көліктер мен қондырғылар болуы мүмкін», - деді ол.
ҚР Жеңіл өнеркәсіп қауымдастығының вице-президенті, «Семирамида» ЖШС бас директоры Наталья Ахшабаева да әулетті инвесторларға елдегі инвестиция құюға жасалған жағдайлардың мүмкіндігін пайдалануды ұсынды.
«Алматы сауда және инвестиция палатасы» ЖШС бас директорының орынбасары Шара Ақылбаева қытай кәсіпкерлеріне Астанадағы «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі жайлы фильмді таныстырды.
«Өздеріңізге белгілі, Қазақстанда «ЭКСПО-2017 Астана» көрмесі өтеді. Тақырыбы - «Болашақ энергиясы». Оған 100-дан астам ел мен халықаралық ұйымдар, 8 миллиондай адам қатысады деп күтілуде. «Алматы сауда және инвестиция палатасы» ЖШС ЭКСПО-2017 көрмесінің әріптесі болып табылады. Сондықтан сіздерді көрмеге шақырамыз», - деп атап өтті ол.
Еске салсақ, шараны Алматы қаласындағы ҚХР Бас консулдығының қолдауымен «Алматы сауда және инвестиция палатасы» ЖШС ұйымдастырды. Қазақстандық делегация құрамына «Жетісу» ӘКК» ҰК» АҚ, Сауда және өнеркәсіптік кәсіпорындар қауымдастығы, «Азияэнергопроектмонтаж» ЖШС, «ЕРС Service» ЖШС, «Первомайские деликатесы» ЖШС, «Азия-Строй КВ» ЖШС, «Семирамида» тігін фирмасы» ЖШС, ЖК «Ұлжан» және т.б. қатысады.