Киберқару атом бомбасынан да қауіпті - баспасөзге шолу

АСТАНА. 15 қаңтар. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 15 қаңтар, сәрсенбі күні жарық көрген өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

Киберқару атом бомбасынан да қауіпті - баспасөзге шолу

***

Еліміздің тұңғыш университеті Әл-Фараби атындағы білім ордасының құрылғанына 80 жыл толды. Осы кезеңде ҚазҰУ Қазақстан экономикасының, мәдениетінің, ғылымы мен білім саласының қалыптасуы мен дамуына үлкен үлес қосып, Отанымыздың барлық жоғары мектеп жүйесінің тірегіне, барлық ортаазиялық аймақ бойынша кадрлардың ірі ұстаханасына айналды. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» бүгінгі санындағы «Тұңғыш университет» атты мақаласында жазып отыр.

Басылымның атап өтуінше, ХХ ғасырдың күрделі 30-жылдарының басында Қазақстанның халық шаруашылығына ұлттық кадрлар дайындау мәселесі тұрғанда Халық Комиссарлар кеңесі Алматы қаласында Қазақ мемлекеттік университеті - ҚазМУ-ды ұйымдастыру туралы шешім шығарады. Нәтижесінде 1934 жылдың 15 қаңтарында оқытушы-профессорлар құрамы туралы және алғашқы 54 студентті физика-математикалық және биологиялық факультеттерге қабылдауға бұйрық шығарылды. Артынан химия, шет тілдері және филология факультеттері ашылып, қазақ жастары үшін дайындау бөлімдері ұйымдастырылады. Осы күрделі кезеңдерде басшылықта болған тұңғыш директор Федот Трофимович Оликов өзін жоғары мектептің талантты ұйымдастырушы ретінде танытты.

«ҚазҰУ-дың заманауи даму кезеңі Елбасының Қазақстанды 2020 жылға дейін дамытудың стратегиялық жоспарымен, «Қазақстан-2050» стратегиясында қойған жаңа міндеттермен тығыз байланысты. Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, білікті мамандарды дайындау елдің инновациялық-индустриялық дамуымен сәйкес келуі керек. Жоғары білім беру сапасы халықаралық ең жоғары талаптарға жауап беруі қажет. Барлық жоғары оқу орындары әлемнің үздік университеттері рейтингіне енуге талаптануы тиіс. Еліміздің жетекші жоғары оқу орны ретінде, ҚазҰУ Елбасы қойған міндеттерді орындауға белсене кірісіп, классикалық университеттен әлемдік деңгейдегі заманауи зерттеу университетіне айналудың кең көлемді бағдарламасын іске асыру жұмысын бастады. 2011 жылы университеттің кешенді құрылымдық жетілдіру жұмыстары басталып, кластерлік әдіс негізінде факультеттер дамып, кафедралар ірілендірілді. Нәтижеге негізделген басқару жүйесі белсенді жүргізілуде, ғылым мен инновацияның дамуына, материалдық және ғылыми-зертханалық негіздерге, білім беруге қажет жағдай жасалуда. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жоғары халықаралық стандарттарға және әлемнің жетекші жоғары оқу орындарының оқу-білім бағдарламаларына сай негізделген экспериментальді білім беру бағдарламаларын жасау базасына айналды. Маман даярлау үдерісі пәнаралық оқыту білікті тәсілдеме негізінде құрылды. Әлемдік білім беру жүйесінде қабылданған талаптарға жақындай түсу біздің білім беру бағдарламаларымызға AQUIN және ASIN жетекші шетелдік агенттіктерден халықаралық аккредиттеу алуға мүмкіндік берді. Халықаралық деңгейде мойындалуымыздың бір көрінісі ол қосдипломдық білім беру бағдарламасының іске асуы болды. Бүгінде ҚазҰУ дипломы бірнеше мамандықтар бойынша әлемдегі беделді университеттер деңгейіне жетті», - дейді мақала авторы, аталған оқу ордасының ректоры Ғалым Мұтанов.

***

«Нұр Отан» партиясы азаматтардың мұң-мұқтажын тыңдап, ұсыныс-тілектерін ескеруде жаңаша әдіс қолдануға көшті. Кеше «Нұр Отан» партиясының Орталық аппараты ұйымдастырған қоғамдық қабылдаудың онлайн форматында өтуі - осының көрінісі, деп жазады «Егемен Қазақстан» бүгінгі санындағы «Қоғамдық қабылдаудың жаңа әдісі» атты мақаласында.

Газеттің жазуынша, мұндай жаңаша әдіс арқылы азаматтарға қызмет көрсету олардың уақытын үнемдеуге де белгілі бір деңгейде ықпал етпек. «Қоғамдық қабылдау бөлмесінің мұндай тәжірибесі өткен жылдың 1 желтоқсанынан бастап жүзеге асырыла бастаған. Сол күні Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев арнайы келіп, қоғамдық қабылдау бөлмесінің жаңа ғимаратын ашты. Бүгінгі таңда біз «электронды үкімет» арқылы халыққа үлкен мүмкіндік туғызып отырмыз. Яғни, әр азамат ешқайда шықпай, орталыққа келмей, бейне байланысқа шығып, өзін толғандырған мәселе бойынша партияның қоғамдық қабылдау бөлмесінде өтіп жатқан мемлекеттік органдар басшыларының, Мәжіліс депутаттарының қабылдауларында бола алады, оның кестесі «электронды партияның» порталында жарияланған», деді «Нұр Отан» партиясы Орталық аппараты қоғамдық қабылдау бөлмесі меңгерушісінің орынбасары Жұмажан Қамкенұлы.

Сонымен, кеше партияның қоғамдық қабылдау бөлмесіне Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова арнайы келіп, әуелгі кезекте бірқатар азаматтармен жүзбе-жүз кездесіп, олардың талап-тілектеріне құлақ түрді. Аталған ведомство басшысының қоғамдық қабылдауына келген азаматтардың әрқайсысын сан түрлі мәселе толғандырып, әртүрлі сауал мазалайды екен. Мәселен, министр бұл жолы зейнетақы, еңбекақы, әлеуметтік жәрдемақы, әлеуметтік материалдық көмек, жұмысқа орналасу, жеке кәсіп ашуға шағын несие алу, мүгедектік тағайындау, өндірістік жарақат алған жұмысшыларға төленетін өтемақы сынды мәселелер төңірегінде жұртшылықты толғандырып жүрген сауалдарға жауап берді.

Сонымен қатар, бұл күні алғаш рет аймақтармен онлайн режімі негізінде қабылдау жүргізілді. Мәселен, ведомство басшысы еліміздің 3 өңірі - Ақмола, Ақтөбе және Қостанай облыстарымен тікелей байланысқа шығып, аталған өңірлердің 6 тұрғынының талап-тілектері мен өтініштерін тыңдады. Онлайн байланысқа шыққан өңір тұрғындары еліміздің «Зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңына өзгерістер енгізу, еңбек ардагерлерінің дәрежесі туралы заң жобасын әзірлеу, ауыл шаруашылығында қызмет атқарған зейнеткерлердің зейнетақысын өсіру, мүгедек балалардың күтіміне қажетті әлеуметтік көмек көрсету туралы ұсыныстарын жеткізді.

Азаматтарға қоғамдық қабылдау жүргізілгеннен кейін Т.Дүйсенова мұң-мұқтаждарымен келіп, өтініш айтқан азаматтардың мәселелерін шешу жөнінде аймақтық органдарға бірқатар тапсырмалар берді.

***

Бүгінде әлем бойынша соғыстың түр-түсі көп. Соғыс та сандық жүйеге түскен. Ақпараттық соғыс соның біреуі ғана. Ол үгіт пен насихаттан, сана-сезімге әсер етуден, жүйкеге салмақ салудан тұрады. Бұл туралы «Айқын» газеті «Киберқару атом бомбасынан да қауіпті» деген мақаласында жазып отыр.

«Ал киберсоғыс - жақын болашақта болуы мүмкін, қан төгілмейтін, бірақ қан төккеннен бір кем емес алапат соғыстың түрі. Адамзаттың даму сатысының өсіп бара жатқаны соншалық, жаныңыздағы қарапайым ноутбуктың өзі кәсіпқойлардың қолында нағыз қаһарлы қаруға айналып барады. Бүгінде көп нәрсе компьютер арқылы шешіледі: мұнай құбырларындағы қысым, энергетикалық жүйені тұрақтандыру, ұшақтардың ұшып-қонуы, ауруханалар мен жылдам қызмет көрсету орындары, өндіріс пен қаржы, әскери құрылымдардың жұмысы дегендей, барлығы тікелей компьютерге тәуелді. Бір ғана қауіпті вирус арқылы осыларды істен шығарудың кәдімгі қарулы соғысқа қарағанда экономикалық және физикалық зияны басым болмаса, кем емес», - дейді басылым.

Мына бір экспериментке назар аударыңыз. Киберсоғысқа 230 компьютер пайдаланушы қатынасқан тәжірибе жүргізіліпті. Бәрі де - қорғаныс, қауіпсіздік орындарында жұмыс істейтін өз саласының тісқаққан мамандары. Экспериментке қатысушылар елдің бүкіл энерго­жүйесі мен телефон байланысын істен шығаруды пісте шаққан құрлы көрмепті. Шабуыл жасау барысында басқа телефондарға белсенді түрде вирустық бағдарлама жіберіліп отырған, олар басқаларға жіберген, олар тағы да басқаларға дегендей. Нәтижесінде, жүйе түскен салмақты көтере алмаған. Осы киберсоғыстың тәжірибесі көрсеткендей, сауатты шабуыл жасалған жағдайда АҚШ-тың қырық миллион тұрғынын жарты сағаттың ішінде жарықсыз қалдыруға болатыны анықталған. Ал бұған қосымша бір сағаттың ішінде 60 миллион ұялы байланыс абонентінің қолындағы қалта телефонын жай ғана пластмасс ойыншыққа айналдыра салуға болады екен. Тағы бір сағат өткен соң мұндай көзге көрінбейтін шабуыл қаржы әлемінің орталығына жетеді екен. Ең сорақысы, мұндай шабуыл сырттан жасалмай-ақ, елдің өз ішінен де жасала беретіндігі. АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздік саласының хатшысы мойындағандай, бұл алпауыт ел мұндай кибертерроризмнен қорғалмаған екен. Барлығын техника іске асырады дегенмен, бәрібір адам факторынсыз мұндай шабуылды толыққанды жүзеге асыру мүмкіндігінiң аздығы да дәлелденген.

Қазақстанда да хакерлердің аз еместігі, тұтас мектептердің бары рас. Олар өз іштерінде шартты түрде «ақылдылар» мен «ақылсыздар» деп бөлінеді. «Ақылсыздар» жүйені бұзумен ғана айналысады. «Ақылдылар» жүйені бұзып қана қоймай, оны қалай қалпына келтіруге болатыны жөнінде ақыл-кеңес қалдырады. Кез келген жүйені бұзып кіруге болады, өйткені оны да жасаған жұмырбасты адам. Ең бастысы, ақпаратты қорғау мен хакерлік шабуылға дер кезінде тойтарыс бере білу. Хакерлер - кез келген бағ­дарламаның ұңғыл-шұңғылын тап басатын жоғары санатты мамандар. Жалпы, бөгденің базасын бұзып кіретін адамдар үшке бөлінеді: хакерлер, фрикерлер, крэкерлер. Үшеуі де заңмен қудаланады. Бірақ хакерлердің ұтысқа шығатын бір жері, олар жүйені бұзумен қатар, қатырып жөндеп те береді. Осы жерден ақпаратты қорғауды жетілдіру (прогресс) шығады. Әрине, біз айтып отырған мәселеге әр мемлекеттің өз азаматтарын порнографиядан, қылмыстық, террористік, экстремистік ресурстардан қорғау мақсатында интернетті қадағалауы жатпайды. Ол - елдік тұрғыда қолға алынатын іс. Біздің айтып отырғанымыз, киберұрылардың жайы.