Киберполиция интернет-алаяқтыққа арналған жабдықтары бар екі шетелдік азаматты ұстады
АСТАНА. KAZINFORM – Жыл басынан бері алаяқтардың 10 ұяшығының қызметі тоқтатылды. 11 адам ұсталды, оның ішінде төртеуі шетелдік. 36 sim-box жабдығы, 8 мыңнан астам sim-карта, 11 компьютер, 452 usb-модем тәркіленді.

ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті ұялы байланыс операторларымен және «Қазақтелекоммен» бірлесіп, интернет-алаяқтар пайдаланатын техникалық арналарды анықтау бойынша белсенді шаралар қабылдап жатыр.
Polisia.kz-тің мәліметінше киберполиция қызметкерлері Көкшетау және Жезқазған қалаларының прокуратурасымен өзара іс-қимыл жасай отырып, заңсыз қызметті жүзеге асыру үшін Қазақстанға келген екі жұмыссыз шетел азаматын ұстады.
- Екі қалада жүргізілген тінту іс-шаралары барысында 128 слоттан тұратын екі sim-box құрылғысы, үш мыңға жуық sim-карта, роутерлер, маршрутизаторлар мен ұялы телефондар тәркіленді. Ұсталғандардың екеуі де уақытша ұстау изоляторына қамалды, - деді ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Аслан Ускембаев.
Еске салсақ Астана қаласы полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы прокуратураның көмегімен ірі сауда желілерінің біріне тиесілі тауарлық-материалдық құндылықтарды ұрлау схемасын жойған еді.