Киелі домбыраның 20-дан астам түрлері бар - профессор Жолаушы Тұрдығұлов
АЛМАТЫ. 13 маусым. ҚазАқпарат - Домбыра қазақ халқының саз аспаптарының ішінде шоқтығы биік, ерекшелігімен дара көрінетін аспабы.
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің көркемсурет факультетінің сәндік қолөнер кафедрасының профессоры Жолаушы Тұрдықұловтың айтуынша, ол ел арасына кең тараған, түрлі шежіреге бай және ертеден келе жатыр.
«Қазіргі кезде домбыраның 20-дан астам түрлері бар. Олардың ішінде - ән мен күй домбырасы, торсық, тұмар, кең шанақты (екі нұсқасы), балдырған, балашық, шіңкілдек, аша, үш ішекті, қуыс мойын, шертер, оркестр домбыралары: қоңыр дауысты (альт), жіңішке дауысты (прима), ащы дауысты (секунда) бас домбыралар (екі нұсқасы) бар», - дейді ҚР мәдениет қайраткері Ж. Тұрдығұлов. Шебер-ұстаздың айтуынша, домбыра жасаудың қыр-сыры ғасырлар бойында атадан балаға, ұстаздан шәкіртке беріліп келе жатқан асыл мұра. Бейнет түбі-береке демекші, табанды ізденістер мен қажырлы жұмыстар домбыра жасаушыны шеберліктің шыңына жетелейді.
«Домбыра - ән мен күйді тудырушы музкалық аспап болса, күй мен ән-жыр ата-бабамыздан қалған қазына. Ал халықтық дәстүрлі өнер - қазіргінің бұрынғы көзі. Ғасырдан ғасырға өзгерместен қаз-қалпында ұрпақтан ұрпаққа беріліп келе жатқан тірі дәстүр. Ол ешқандай ғасырдың ағымына қарай ешқандай экологиялық, экономикалық, ғылыми-техникалық қиындыққа ұшырамауы керек. Халықтық қолөнер - халықтың жан дүниесінен пайда болған, көркем ойлар әлемі», - деді Жолаушы Тұрдығұлов.