Киелі құсымыз қаскөйлердің оңай олжасына айналуда - «Көшпенділер мұрасы» халықаралық қоғамдық қорының қағаны
АЛМАТЫ. 15 шілде. ҚазАқпарат - «Көшпенділер мұрасы» халықаралық қоғамдық қорының қағаны (президенті) Сейдомар Батыржанның айтуынша, елімізде соңғы жылдары бүркіттің ұясынан балапан өрбітуі күрт азайып кетті.
Оңай олжаға құныққандар киелі құсты аңдып жүріп, қанаты жетілмей жатып ұстауда.
«Руслан Абыл деген бүркітшіміздің бастамасы бойынша, еліміздегі бүркіт мекендейтін жерлерді аралап, картаға түсіріп жүрміз. Қай жерде ұясы бар екенін анықтап, оны орман инспекторларына тапсырамыз. Мақсат - бүркіт балапандарының көк аспанға көтерілмей жатып қолды болуына тосқауыл қою. Мәселен, өткен айда біз Райымбек ауданын араладық. Онда 15-тей ұяны анықтадық. Оның бесеуінде бүркіттің балапан басқаны анықталғанымен, оңай олжа іздегендер онда бірде-бір балапанды қалдырмапты», - дейді С.Батыржан. Бұған дейін олар мамыр айында Кербұлақ ауданындағы Малайсары шыңынан бүркіттің 15 ұясын тапқан көрінеді. Оның жетеуінде құс патшасының ұрпақ өрбіткен белгісі анықталғанымен, онда да балапандар қолды болған.
«Жалпы бүркіт балапанын Кербұлақта мамырдың аяғында, ал Райымбек ауданында маусымның аяғында ұшырады. Сондықтан балапандар ұшып кетті деуге еш негіз жоқ. Сондай-ақ біз болған жердің бәрінде автомашина іздері бар. Бұл да біздің сөзімізге айғақ бола алады. Бүркіт ұя басқан кезде орман инспекторлары оны үш-ақ мәрте бақылай алады. Сол себепті көзден таса жерде оңай олжа іздегендер арам ойын еш қиындықсыз жүзеге асырады», - деген Сейдомар Батыржан браконьерлердің бұл әрекетінен жергілікті тұрғындар да хабардар екенін жеткізді.
Мемлекеттік рәмізде бейнеленген құс патшасының Қазақстандағы санын қазір ешкім айта алмайды. Бұл туралы орманшыларда да, бүркітшілер қауымдастығында да нақты мәлімет жоқ. Төрт жастан бастап ұя баса бастайтын олар жұптасқаннан кейін аққулар сияқты тіршілігінің соңына дейін бірге жүреді екен. Халқымыз оның еркегін шәулі, ұрғашысын ұябасар дейді. Мамандардың айтуынша, әр жұптың үнемі алмастырып отыратын 2-3 ұясы болады. Олар қыстың қақаған қаңтарында шағылысып, наурыз-сәуір айларында ұябасар негізінен 1-2 жұмыртқа салады. Оны шәулі мен ұябасар 40-45 күн бойы кезектесіп басып, шайқайды. Балапан жұмыртқаны жарып шыққанда бір аптадай құсықпен қоректендіріп, одан кейін етпен тамақтандырады. Олар 65-75 күннен соң ұшуға әрекеттенеді. Ғалымдар бүркіт 120 жылға дейін өмір сүретінін анықтады. Оы арада айта кетер жайт, құсбегілер оны ұрпақ өрбітуі үшін белгілі бір уақыттан кейін еркіндікке жібереді.