Киелі жануардың қырылуының нақты себебі енді анықталды

ТАНА. 30 қыркүйек. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Киік - қазақ үшін киелі жануарлардың бірі. Елімізде ежелден мекендеп келе жатқан бұл жануарды халқымыз ерекше қадірлеп, қастерлеген

Киелі жануардың қырылуының нақты себебі енді анықталды

Қазақ фольклорында ақбөкенмен байланысты аңыз-әфсаналар да жетерлік. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, бүгінде осы киелі жануардың 85 пайызы Қазақстанды мекен етеді екен. Өткен ғасырдың 60-70 жылдары киіктер саны 1 миллионнан асты. Нақтырақ айтқанда 1 миллион 200 мыңды құраған. Өкінішке қарай, олардың саны 2003 жылы 21,3 мың басқа дейін күрт төмендеді. Бұл киіктің мүйізін емдік мақсатқа пайдаланудың салдары екені түсінікті. Жағдайдың бұлайша сипат алуы өкіметтің осы аң түрін сақтап қалу және қорғау мақсатында тиісті шара қолдануына түрткі болды. Абырой болғанда үкімет қолданған шаралар нәтижесін беріп, бүгінде киіктер саны елде 102 мың басты құрап отыр.

Статистикалық мәліметтер қазіргі таңда киіктердің тек Қазақстанда ғана мекен етіп жатқандығын көрсетеді. Киіктер Қытай мен Түрікменстаннан мүлдем жоғалып кеткен. Ал 5 мыңға жуық киік Қазақстаннан Өзбекстан аумағына көшумен болады, 10 мыңға жуық киік Қалмақияның қорығында мекен етіп жатыр, 3,5 мыңға жуық бас Моңғолияда қалпына келтірілуде. Ал қазақ жерінде киіктердің 3 түрі мекендейді. Олар: Орал, Батпақдала және Үстірт киіктері. Өкінішке қарай, бүгінде Үстірт киіктері, яғни Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданында екі жылдан бері киіктердің жаппай қырылу жағдайлары орын алып келеді. Есте болса, өткен жылы қырылған киіктер саны 12 мыңнан асқан болатын. Ал биылғы жылы өлген икіктердің қарасы 500-ге жетті. Осы ретте айта кететін мәселе өлген киіктердің 90 пайызын олардың аналықтары мен лақтары. Осыған байланысты құзырлы органдар мен мекеме өкілдері киіктер өлген аймақтарды зерттеп-зерделей келе жануарлар пастореллез ауруының салдарынан өлген деген байламға келген болатын. Алайда бұл киелі жануардың өлімінің нақты себебі емес болып шықты. Отандық және халықаралық ұйымдардың сарапшы-мамандарымен бірігіп, киіктердің өлімінің себебін зерттеген мамандар киіктер пастереллезбен қоса шүйгін шөпті шектен тыс көп жеуді салдарынан іші кеуіп, буынып өлді деген байлам жасап отыр. Бүгін осы мәселеге байланысты арнайы өткен мәжілісте ветеринар-вирусолог маман Әділқасым Жақыпбаевтың айтуынша, киіктердің өлу оқиғалары орын алысымен бұл бағытта көп жұмыс жасалған. Киіктердің өлімінің себептерін анықтаумен көптеген диагностикалық лабораториялар мен ғылыми-зерттеу институттары айналысты. Ақырында халықаралық сараптау комиссия құрылып, сонау Лондоннан арнайы профессор шақырылған. «Осы комиссия киіктер өлімінің себебін жан-жақты барынша терең зерттей келе, киіктер шырыны көп, өсімдіктерді шектен тыс көп жеудің салдарынан іші кеуіп, содан соң демі жетпей тұншығып өлген деген байламға келдік. Біз 14 мамырда киіктер қырылған аймақта жаңбыр жауғанын білеміз. Ал 15 мамыр күні күшті тұман болды. Ауа райының осындай жағдайларынан соң жануарлардың қырылуы басталды. Ал зертханада табылған пастереллезбен киіктер шын мәнінде ауырған»,-дейді маман.

Оның айтуынша, әдетте жануарлар екі себептен өледі. Біріншісі - жүрегі тоқтауы себепті, екіншісі - дем жетпеудің салдарынан. Осы жолы дем жетпеуге тап осы шектен тыс шөп жеудің салдарынан жануардың іші кебу жағдайы әсер еткен. Оқиға орын алған жерді тексеру барысында сонымен қатар Борсы және Айдарлы ауылдары сияқты тағы бірқатар аймақтарда қауіпті жерлердің бар екендігі мәлім болды. Шөптің қауіптілігі оның шырынының көп болуында және шық басуында болып отыр. «Жалпы пастереллездің қоздырғышы жануардың организмінде болады. Аталмыш аурудың қозуы үшін оған зорығу (стрес) фактілері әсер етеді. Ол жануарлардың ұзақ жол жүруі, олардың өзге аймақтың жануарларымен бірігуі, аштық пен оның салдарынан зиянды шөптерді азық ету сияқты факторларға байланысты. Сонымен қатар пастереллез организмге өсімдік арқылы да келеді. Ал мұндай факторлар киіктер қырылған аймақта бар. Сондықтан осы қауіпті аймақтарды залалсыздандырған жөн. Ол үшін біздің жағдайдағы ең қолайлы шара - киіктер келгенше олар жейтін қауіпті аймақтағы шөпті орып тастау керек. Ал орылған шөпті киіктер жемейді. Олар шабылған шөпке қарағанда, өсіп тұрған шүйгін шөпті іздейді. Қауіптің алдын алудың тағы бір тәсілі - шөпті гербицидтермен залалсыздандырып, басқа шөп егу. Бұл әрине мемлекетке қымбаттау түсуі мүмкін. Ал жануарларды қауіпті аймаққа жолатпау, оларды өзге өңірлерге айдау сияқты шараларды жүзеге асыру іс жүзінде мүмкін емес»,-деді маман.

Оның сөзіне қарағанда, Жәнібек ауданындағы жерлерді әлі зерттеп, картография жүргізу керек. Қаншама жердің залалсыздандыру керек екендігін анықтап алған соң, жағдайды сауықтыру жөніндегі дайын жобамен үкіметке шығу керек. «Біз киіктердің өліміне байланысты жүргізілген тексеру шаралырымен таныстық. Сондағы байқағанымыз, онда талапқа сай жүзеге асырылмаған шаралар бар», - деді А,Жақыпбаев.