Киевте Қазақстанда есірткі таратқан қылмыстық топтың орталығы құрықталды

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі Украина Ұлттық полициясымен және екі елдің бас прокуратураларымен бірлесіп, халықаралық қылмыстық топтардың call-орталықтарын жою бойынша арнайы операция өткізді. Бұл туралы Polisia.kz жазды. 

Киевте Қазақстанда есірткі таратқан қылмыстық топтың орталығы құрықталды
Фото: ҚР ІІМ

– 28 мамырда Киев қаласында Еуропа мен ТМД елдерінде синтетикалық есірткі өндіру және таратумен айналысқан қылмыстық ұйымға тиесілі call-орталықтардың қызметі тоқтатылды. Тергеу барысында бұл орталықтардың адамдарды есірткі бизнесіне тарту үшін пайдаланылғаны анықталды. Операторлар мен менеджерлер Қазақстан аумағында есірткі жасырушы және есірткі ораушы рөліне адамдарды іздеп, оларды заңсыз жұмысқа қабылдаған, - деді ҚР ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Елдар Әбдікенов.

Арнайы операция нәтижесінде 11 адам ұсталды. Олардың арасында ұйымдастырушылар, операторлар және адамдарды заңсыз жұмысқа тартумен айналысқан қызметкерлер бар. Тоғыз мекенжайда тінту жүргізіліп, шамамен 40 мың АҚШ доллары, 10 мың еуро, Range Rover автокөлігі, 18 ұялы телефон, 12 ноутбук пен планшет тәркіленді.

– Қазір тәркіленген техникадағы мәліметтер зерттеліп жатыр. Сонымен қатар ұйымдастырушылардың аккаунттары анықталып, қаржылық тергеу жүргізілуде, - деді спикер.

Бұл call-орталықтардың жабылуы Қазақстан азаматтарын есірткі қылмыстарына тарту фактілерін азайтып, халықаралық есірткі бизнесін ұйымдастырушыларды жауапқа тартуға мүмкіндік береді.



Еске салсақ, бұдан бұрын Ішкі істер органдары қызметкерлеріне арналған жаңа әдістемелік құралдар таныстырылғанын жазған едік.